Өңірде “artemia salina” шаяндарын заңсыз аулағандар ұсталды.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, іс-шараға ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының мамандары, 6637 әскери бөлімі “Б” тобының әскери қызметшілері қатысқан. Нәтижесінде “artemia salina” шаян тәрізділердің цисталарын рекордтық мөлшерде заңсыз аулаудың жолы кесілді.
Жедел уәкілдер жүргізген ауқымды жұмыстың нәтижесінде 13 тамызда Қызылжар ауданының аумағында “КамАЗ” жүк көлігінен 260 қап шаян цисталары тәркіленді. Тағы 242 қап Бескөл елді мекеніндегі қоймадан алынды.
Күдіктілер – Тайынша ауданының 35 жастағы және Петропавл қаласының 29 жастағы тұрғындары. Екеуі де бұрын бұзақылық пен ұрлық жасағандығы үшін сотталған. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері олардың “artemia salina” шаянын Тайынша ауданындағы Қалыбек тұзды көлінде аулағанын анықтады.
“Алынған “artemia salina” цисталарының жалпы салмағы 24 тонна, бұл – осыған дейін облыс аумағында алынған ең ірі көлем. Балық ресурстарын, басқа су жануарларын немесе өсімдіктерді заңсыз аулау фактісі бойынша қажетті сараптамалар тағайындалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Қылмыстық кодекстің 335-бабына сәйкес, күдіктілер 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін”, – деді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Асқар Мұхаметқалиев.
Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.