Облыста өткен жеті айда 49 адам коронавирус инфекциясын жұқтырып, дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,5 есеге төмен.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, былтыр қаңтар-шілде айларында коронавирус жұқтырудың 317 жағдайы тіркелген.
Биыл сырқаттанғандардың 42-сі – ересектер, үшеуі – 15-17 жас аралығында болса, қалған төртеуі – 14 жасқа дейінгі бала.
“Коронавирустық инфекция бойынша эпидемиологиялық жағдай қазіргі уақытта тұрақты. Соңғы 3 айда – мамыр, маусым, шілдеде коронавирус жұқтыру жағдайлары тіркелген жоқ. Тұмау, жіті респираторлық вирустық инфекция мен короновирустың алдын алу үшін бөлмені үнемі желдетіп отыруға, қолды жуу үшін антисептикалық құралдарды пайдалануға, ауру адамдармен байланысты шектеуге, ауру белгілері бар адамдармен байланыста болған кезде бетперде пайдалануға, уақытылы медициналық көмекке жүгінуге кеңес береміз”, – дейді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасов.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.