Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетовтің төрағалығымен өткен әкімдік отырысында облыстың биылғы жылдың 7 айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланды. Сонымен қатар өңір мектептерінің жаңа оқу жылына дайындығы мен күзгі орақ науқанына әзірлік мәселелері талқыланды.
Биыл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі – 1, құрылыс жұмыстары 14,5, өнеркәсіптік өндіріс 3,7, инвестициялар 14,9, бөлшек сауда 2,3, тұрғын үй құрылысы 6,3 пайызға өскен. Экономиканың негізгі салаларында оң нәтиже байқалғанымен, жоспарланған кей көрсеткіштерге қол жеткізілмеген.
“Жалпы өңірде өткен жеті айда ауыл шаруашылығы саласында өнім көлемі 1 пайыз өсіммен 118 млрд. теңгеге жетті. Бұл ретте саладағы оң өсімге қарамастан жоспарлы көрсеткіш орындалмады. Мал шаруашылығы өнімдерінің көлемі – 2,1, сүт өндірісі 6,9 пайызға, жұмыртқа 5,0 пайызға артты. Бірақ 12 ауданда ет өндірісінің көрсеткіші 4,8 пайызға төмендеп кетті. Сонымен қатар облыстағы өңдеу өнеркәсібінде де жоспар орындалмады. Атап айтатын болсақ, Жамбыл, Аққайың, Шал ақын, Уәлиханов, Айыртау және Мамлют аудандарында көрсеткіш төмен”, – деді облыстық экономика басқармасының басшысы Қуанышбек Қалижанов.
Қаңтар-шілде айларында облысқа 211 млрд. теңге инвестиция тартылды. 102 мың шаршы метр баспана қолданысқа берілді, құрылыс саласындағы өсім – 6,3 пайыз. Бірақ өңірде әлеуметтік осал топқа жататын азаматтарды баспанамен қамту тым баяу атқарылуда. Облыстық экономика басқармасының мәліметінше, облыста осы санаттағы тұрғындарға 382 пәтер алуға бюджеттен 5,8 млрд. теңге бөлінген. Бірақ қазіргі уақытта тек 11 баспана сатып алынған. Жоспарды Петропавл қаласы мен Аққайың ауданы орындамай отыр. Мәселен, облыс орталығында 219 баспана сатып алынуы тиіс.
“Біз осы айда жоспар бойынша 93 пәтер сатып алуымыз керек еді. Бірақ осыған қатысты конкурс екі рет өтпей қалды. Үшінші рет өткізіп, осы айда 21 баспана алатын боламыз. Ал қалғандарын келесі айға жоспарлаймыз”, – деді қала әкімі Серік Мұхамедиев. Қала басшысының жауабы Ғауез Нұрмұхамбетовтің көңілінен шықпады.
“Тамыз айы да аяқталуға жақын. Қажетті қаражат бөлініп отыр. Осы уақытқа дейін не істеп жүрсіздер? Бұл қаражат туралы сіздер жылдың басында білдіңіздер. Біз әлеуметтік осал топқа жататын тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етуіміз керек. Шілде айының да жоспары орындалмады. Бұл мәселе тез арада шешілсін”, – деді облыс әкімі.
Өңір басшысы аудан әкімдеріне басқарма басшыларымен тығыз жұмыс істеп, жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу керек екенін тапсырды.
Отырыста өңір мектептерінің жаңа оқу жылына дайындығы талқыланды. Биылғы оқу жылында облыста 461 мектепке дейінгі білім беру ұйымы мен 458 мектеп және 24 колледж жұмыс істейді. Олардың барлығы жаңа оқу жылына сақадай сай.
“Жаңа оқу жылында 1500-ге жуық дайындық тобының және бастауыш сыныптың 30 мыңға жуық оқушысы тегін ыстық тамақпен қамтылады. Бұл мақсатқа 3 млрд. 423 млн. теңге қаражат бөлінген. Биыл 53 білім беру мекемесіне күрделі жөндеу жүргізуге 6 млрд.-тан астам қаражат қарастырылды. Ал “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы бойынша 2,7 млрд. теңгеге 22 мектеп жөндеуден өтті. Облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа 31 білім ордасы қайта қалпына келтірілді”, – деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Татьяна Протопопова.
Қазіргі уақытта жөнделуі тиіс 24 мектепте жұмыс толығымен аяқталған. Тағы 9 білім ордасы осы аптаның соңында қолданысқа тапсырылады. Білім ошақтарының 93 пайызы жылыту маусымына дайын.
“Жыл сайын білім беру саласына бөлінетін қаражат артып жатыр. Биыл бұл салаға 157 млрд. теңге жұмсалса, былтыр 138.7 млрд., ал 2022 жылы 116,9 млрд. теңге бөлінген. Балалардың қауіпсіздігі үшін қажетті автобустар сатып алынып жатыр. Жыл соңына дейін облыс мектептеріне тағы 5 автобус пен 4 шағын автобустың кілті табысталады. Облыста апатты жағдайда тұрған мектептердің де мәселесі шешілуде. Дегенмен, мектептерде интернет жылдамдығына қатысты мәселе өткір тұр”, – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.
Облыс әкімі мектептердегі жөндеу жұмыстары 1-ші қыркүйекке дейін толығымен аяқталуы керек екенін тілге тиек етті. Бұдан бөлек, білім ордаларының жылыту маусымына дайындығын тездету қажеттігін, аудан әкімдері энергетика басқармасымен бірлесе жұмыс істеуі керектігін ескертті.
Әкімдік отырысында қаралған үшінші мәселе – күзгі орақ науқаны. Қазір өңір диқандарының алдында егінді толығымен қамбаға құю мәселесі тұр. Қолайсыз ауа райы орақ науқанына өз әсерін тигізбек.
“Тамыз айында облыстағы жауын-шашын белгіленген мөлшерден көп болмақ. Осы айдың үшінші онкүндігінде құбылмалы ауа райы сақталады. 28 тамызға дейін жауын толассыз, жаууы мүмкін. Қыркүйек айында өңірдегі ауа температурасы тамыз айымен салыстырғанда 5-10 градусқа төмендейді. Келесі айдың алғашқы онкүндігінде жаңбырлы ауа райы сақталады”, – деді “Қазгидромет” кәсіпорны облыстық филиалының директоры Қымбат Мерғалимова.
Жалпы өңір шаруалары күзгі орақ науқанына дайын. Ауыл шаруашылығы техникасы 100 пайыз жөндеуден өткен. Сонымен қатар жыл басынан бері облыс агроқұрылымдары жалпы сомасы 31,6 млрд. теңгеге 1 мың 163 жаңа техника сатып алған. “Қазіргі уақытта егіннің 67,7 пайызының шығымы жақсы деңгейде. 23,4 пайызы қанағаттанарлық. Өңірде топырақ құнарлылығын арттыру мақсатында минералды тыңайтқыш сіңіру жұмысы жүргізілді. Облыста 3,2 миллион гектар алқапқа 256,6 мың тонна тыңайтқыш енгізілді. Биыл мемлекет өңір агроқұрылымдарына 59 мың литр жеңілдетілген дизель отынын ұсынды. Оның бір литрі 250 теңге”, – деді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаев.
Облыста 46 астық қабылдау пункті бар, олардың сыйымдылығы 3,2 млн. тонна.
“Біз тамыз айының үшінші онкүндігінде орақ науқанын бастаймыз. Аграрлы аймақ болғандықтан, жақсы нәтиже көрсетуіміз керек. Аудан әкімдері диқандарға көмектесулеріңіз керек. Орақ науқаны ауа райына байланысты қиын болмақ. Барлық мүмкіндікті қолданып, күзгі жиын-терімді жақсы нәтижемен аяқтауымыз керек”, – деді облыс әкімі.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.