Үкіметтік емес ұйымдар қоғамдағы түйінді мәселелерді көтеріп, оны шешуге атсалысады. Осы орайда үкіметтік емес ұйым мен мемлекеттік органдардың өкілдері кездесіп, бірқатар мәселелерді талқылады.
Жиында алдымен тұрғын үй мәселесі сөз болды. Облыстағы ахуал жайлы айтылып, оны шешу жолдары қарастырылды. Айта кетейік, биыл дәл осындай алты кездесу өтті.
– Қазіргі таңда коммуналдық қызметтердің бағасы өсіп, жарық, газ, су қымбаттап жатыр. Бұл, әрине, тұрғындар үшін қиындық туғызуы мүмкін. Мен жиында “энергия көзін” қалай тиімді пайдалану жайлы жобамды қорғадым. Бірқатар ұсыныстар айттым. Сонымен қатар қалада қоқыстың уақытылы шығарылмайтыны да өзекті мәселеге айналып отыр, – деді облыстық ПИК қауымдастығының төрағасы Сергей Худяков.
Кездесуде шешімін таппаған мәселелер кейін республикалық деңгейде қаралатын болады. Жалпы облыста 450-ден астам үкіметтік емес ұйым тіркелген. Оның 420-ға жуығы – белсенді жұмыс істейтіндер.
Облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Бағдат Мұқанованың айтуынша, үкіметтік емес ұйымдарды дамытуға баса мән беріліп отыр. Үкіметтік емес ұйымдар қоғамдағы бірқатар мәселелерді шешуде жобалар әзірлеп, ұсыныстарын айтуда. Мәселен, ПИК-ке қатысты өңірде 11 жоба қолға алынған. Жалпы өңірде мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс аясында жалпы соммасы 400 млн. теңгеге 107 жоба жүзеге асырылуда.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.