«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЭС: ТҮБЕГЕЙЛІ ШЕШІМДІ ХАЛЫҚ ҚАБЫЛДАЙДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінгі күні қоғамды жер сілкінгендей тербетіп тұрған елімізге АЭС керек пе деген толғақты мәселе күн тәртібіне өткір қойылып, өркениетті елдерге тән демократиялық дәстүрмен қызу талқылануда.

Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының тапсырысы бойынша 7-8 тамыз аралығында телефон арқылы сауалнама жүргізілді. Іріктемелі жиынтық көлемі 1200 респондентті құраған сауалнамаға 17 облыстан және республикалық маңызы бар Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан 18 жастан асқан респонденттер қатысты. Олардың көпшілігі (53,1 пайызы) АЭС салу идеясын қолдап, оған үлкен үміт артып, 2030 жылға таман электр тапшылығы шешіледі деген сенім білдірген. АЭС салу ұсынысын қолдамайтындар (32,5 пайыз) негізінен ықтимал апаттар мен олардың қоршаған ортаға тигізетін зардаптарына алаңдайды. Ал әрбір оныншы респондент (14,4 пайыз) өз таңдауын әлі жасамаған. Сауалнамаға жауап бергендердің жартысы (51 пайыз) өздерін АЭС құрылысына қатысты референдумда “қолдау” немесе “қарсы” деп дауыс беру үшін жеткілікті ақпарат пен білім деңгейіне иеміз десе, 12 пайызы ақпарат толық емес деген ұстанымда.

Президент елімізде атом электр стансасын салу жайына “Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары” атты Жолдауында арнайы тоқталып, референдум арқылы шешілетінін мәлімдеген болатын. Алайда көптеген азаматтар пен бірқатар сарапшылар ядролық стансаның қауіпсіздігіне күмәнмен қарайды. Оған Семей полигоны халқымызға қаншама қасірет әкелгенін алға тартады. Сондықтан бұл мәселе бойынша қоғамдық тыңдауларды, егжей-тегжейлі, кең ауқымды талқылауларды жалғастыру күн тәртібіне қойылып, оның қорытындысы негізінде маңызды стратегиялық мәселелерге қатысты түпкі шешімді референдум арқылы қабылдау белгіленді.

Атом электр стансасы – электр энергиясын өндірудің негізгі көзі. Ал елдің энергетикалық қауіпсіздігі мемлекет экономикасының тұрақты дамуының және тұрғындардың сапалы өмірінің кепілі екені талассыз шындық. Қазақстанда атом электр стансасын салу мәселесі бірнеше жылдан бері талқыланып, күн тәртібінен түспеуі сондықтан. Соған орай Президент тапсырмасына сәйкес бірнеше өңірде атом энергетикасын дамыту мен атом электр стансасын салу жайында қоғамдық кездесулер ұйымдастырылды. Ондағы мақсат – АЭС туралы жан-жақты ақпарат беру, тұрғындардың пікірін есту, олардың көкейкесті сауалдарына жауап қайтару.

Ресми деректерге сүйенсек, жыл сайын елімізде электр энергиясына деген қажеттілік 3 пайызға өсіп келеді. Осы себепті басқа көршілес мемлекеттерге тәуелді болып қалмас үшін елімізде АЭС салынуы керек деген бағытты батыл қолдаушылар аз емес.10 жылдан кейін электр қуатын қосымша арттыру қажеттігі туындайды. Бұл орайда көміртегісіз энергетикаға көшу бағытын жандандыруда елімізде шикізат пен өндірістік базаның болуы республикада атом энергетикасы саласын дамыту үшін барынша тиімді жағдай тудырады деген болжам ақиқатпен көбірек үйлеседі. Атом электр стансалары “жасыл” энергия көзі болып та саналады. Мамандардың айтуынша, қуаты 1000 МВт атом электр стансасының жұмысы жыл сайын парниктік газдар шығарындыларын 4 миллион тоннаға дейін азайта алады. Сонымен қатар атом энергетикасы ғылым мен білімнің дамуына да зор септігін тигізіп, сабақтас салаларда жұмыс орындарын қамтамасыз етудегі рөлі орасан.

Десек те, халық арасында АЭС жайында түрлі пікір қалыптасқан. Өкінішке қарай, атом электр стансасының жылу электр стансасынан айырмашылығы біреу ғана екенін кейбіреулер біле бермейді. Жылуда көмір қазандығы болса, атомда ядролық реактор тұрады. Атом электр стансасы суды көп пайдаланады, ал зиянды қалдықтары көп деген уәждер шындыққа жанаспайды. АЭС-ке қарағанда жылу электр стансасынан бөлінетін зиянды қалдық әлдеқайда көп. Атом энергетикасын “жасыл” энергия көздеріне жатқызу тектен тек емес.

“Республикада АЭС салынған күнде де кадрлармен қамтамасыз ету жайы қалай болады?” деген сауалға Ядролық физика институтының мамандары жауап берді. Бүгінгі таңда Қазақстанның атом өнеркәсібінде 20 мыңнан астам адам жұмыс істейді, оның ішінде 15 мыңы – негізгі өндірістік персонал. Сондай-ақ ондаған жыл бойы табысты жұмыс істеп келе жатқан Ұлттық ядролық орталық пен Ядролық физика институтында көптеген білікті мамандар бар. Атом электр стансаларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында әлемдік деңгейдегі жұмыстар жүргізілуде. Бұл жұмыстардың нәтижелері Жапония, Франция және басқа да ядролық ғалымдарымыз ынтымақтасатын елдердің бірқатар инновациялық атом электр стансалары жобаларында ескерілген.

Ең бастысы, Қазақстанда АЭС салу жөніндегі талқылаулар мен әртүрлі пікірталастар аясында еліміздің атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдаланудағы орасан зор тәжірибесін атап өту маңызды. Мәселен, Ядролық физика институты негізінде 57 жыл бойы, яғни кеңестік дәуірден бері қазақстандық су-сулы реакторы табысты жұмыс істеп келеді. Бұл – Қазақстан Республикасындағы жалғыз стационарлық, көп мақсатты, яғни іргелі, қолданбалы зерттеулер, медициналық және өнеркәсіптік радиоизотопты өнімдерді өндіру бойынша зерттеу реакторы. Ол Қазақстанда АЭС салу үшін қарастырылып жатқан реакторлардың түпнұсқасы деуге болады.

Экобелсенділер жобаның халыққа зияны тимеуі керектігін ашық айтып жүр. Олардың ойлары “АЭС-тің экономикалық, энергетикалық жағдайларға оң әсерін беретініне дауымыз жоқ. Алайда экологиялық факторларды көзден таса қалдырмау қажет. Атом электр стансасы – 60 жыл бойы үздіксіз жұмыс істейтін үлкен объект. Оны салардан бұрын болашаққа толықтай зер салып, саяси факторларды да ойлауымыз керек. Түптің түбіне келгенде бұл – біздің балаларымыздың, немерелеріміздің болашағы. Сондықтан бұған Қазақстанның кез келген азаматы атүсті қарамауы тиіс” дегенге саяды.

Қарсылық танытушылар Балқаш көлінің таяздану қаупі бар екенін айтуда. Егер көлдің суы азаятын болса, реакторды салқындату кезінде қиындықтар тууы мүмкін. Мәселен станцияның градирняларын, яғни су салқындатқыш құрылғысын Балқаш суымен суытуға арналған есептеулер Ертістің ағымдағы ағынының жылдамдығына негізделген. Бірақ бұл жерде ысырып қоюға болмайтын бір мәселе бар екенін, яғни Ертістің қайнар көздері Қытайдан басталатынын, ол елде ауыл шаруашылығы өнімін өсіруге баса назар аударылып жатқандықтан, су жеткілікті болмаған соң Балқаштың суы таяздап қалса, атом электр стансасының жағдайы не болмақ деген сауалдарды алға тартады. Біздіңше, жария талқылауларда осындай көңілді күпті ететін сұрақтарға жауап беріліп, ең бастысы, халыққа зияны тимейтін жағы басты орынға қойылуы тиіс.

Жасыратыны жоқ, заманауи үлгідегі, қауіпсіз атом электр стансасын салудың қажеттілігі электр энергиясы тапшылығын шешу мақсатында туындап отыр. Бұл тұрғыда ғалымдар мүмкіндіктерді жан-жақты зерттеп, зерделеуде. Олардың айтуынша, атом электр стансалары ірі қалалар мен өнеркәсіптік аудандардың энергетикалық қажеттіліктерін қанағаттандыра алатын үлкен көлемдегі электр энергиясын өндіруге қабілетті. Сонымен қатар салынған жағдайда еліміз энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізе алады. Сондай-ақ экологиялық таза энергия атом электр стансалары климаттың өзгеруінің негізгі себебі болып саналатын көмірқышқыл газы (СО2) сияқты парниктік газдарды атмосфераға шығармайды. Олар іс жүзінде ауа мен судың ластануына ықпал етпейді, бұл қоршаған ортаға әсерді азайтады. Атом электр стансалары уран сияқты ядролық отынды тиімді пайдаланады және жанармайдың бір зарядымен көптеген жыл бойы жұмыс істей алады. Электр энергиясы тарифінің құны төмендеуі мүмкін.

Реактор болат пен бетоннан жасалған қорғау қабықшасының (контайменттің) ішінде орналасқан. Контаймент 8 балды жер сілкінісіне, су тасқынына, тіпті сағатына 720 шақырым жылдамдықпен ұшып келе жатқан 400 тонналық ұшақпен қақтығысса да шыдайды. Кез келген апаттық жағдай туындағанда барлық апат салдары осы қорғау қабықшасымен шектеледі. Қалай дегенде де бүгінгі күні әлемнің 31 мемлекетінде 193 АЭС жұмыс істеп тұр. Олар 438 энергоблокты арзан электр қуатын өндіреді. Жалпы дүниежүзінде өндірілетін бүкіл электр қуатының 17 пайызы АЭС-тің үлесінде. Ғалымдар мен сарапшылар келешекте көмірсутегі қорларының таусылатыны жайында жиі дабыл қағып жүр. Сонда әлемдік экономикада адамзат баласы тұтынатын электр қуаты қалай өндірілмек? Әрине, жел мен күннен алынатын қайталама энергия көздерін дамыту бірте-бірте басымдық алар. Бірақ атом электр стансасын салу мәселесі күн тәртібінен түспесі анық.

Қазақстанда атом электр стансасын Алматы облысының Балқаш көлі жағасындағы Үлкен ауылында орналастыру жоспарланған. Ол стансаның салыну-салынбауы референдумда белгілі болады.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp