«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕКЗАТ БОЛМЫС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Жаным Отан, сырың – сан.

Өлшемің – мың

Сен – бір ғарыш, мен – сенің жер серігің.

Сен деп соққан жүрегі, жаны – сенде,

Перзентіңмін – бір түйір бөлшегіңмін!”, – деп жырлаған жерлесіміз, мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы, публицист, рәмізтанушы Ербол Шаймерденовтің қазақ мәдениетінде, қазақ сөз өнерінде, қазақ журналистикасында есімі ерекше аталады. Сәулелі ғұмырында саналы, һәм тағылымды тағдыр кешкен ардақты азамат көзі тірі болғанда 70 жасқа толар еді. С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада “Ербол Шаймерденұлы ұлағаты” атты еске алу кеші өтті.

Жиынға Астанадан сенатор, белгілі журналист, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты Нұртөре Жүсіп бастаған бір топ құрметті қонақтар мен курстас достары арнайы келді. Сондай-ақ бұл шараға марқұмның жары Күләш Шаймерденова мен жергілікті зиялы қауым өкілдері, өңіріміздің құрметті азаматтары мен ардагерлері қатысты.

Еске алу шарасы жерлесіміздің өнегелі өмірінен сыр шертер деректі фильмді тамашалаудан басталды. Алғашқы сөз белгілі жазушы, журналист, “Алаш” әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Жарасбай Сүлейменовке берілді.

– Көзі тірі болса Ербол ініміз бүгінгі шарада төрде отырар еді. Тағдыр оған бұл қуанышты көруді жазбады. Ерболдың артында бай мұрасы, отбасы, жора-жолдастары, іздеушілері қалды. Ерболдың бір ерекшелігі – университет қабырғасынан шығып, қызметке кіріскеннен кейін бірден өзінің кәсіби біліктілігін байқатып, білімін танытып, дербес жұмыс істеп кетті. Ондай қабілет әрбір журналиске берілмейді. Ол кезде жоғары білімді журналистер тапшы болатын. Ол өзінің алдындағы ағалармен тең жұмыс істеп, көзге түсті, – дей келе Жарасбай Қабдоллаұлы кейін “Лениншіл жас” (қазіргі “Жас Алаш” газеті), “Егемен Қазақстан” газеттерінде қызмет еткен азаматтың іскерлігі мен білім, білігін, бойындағы табиғи дарынын, шығармашылығын әңгімеге арқау етті. Одан кейін сөз алған облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Санат Әубәкіров жерлесіміздің рухын ұлықтауға келген қонақтарға ризашылығын жеткізіп, өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетовтің атынан ақынның аяулы жары Күләш Шаймерденоваға сый-құрмет көрсетті.

Кеш барысында көрнекті жазушы, халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының лауреаты, ақынның курстасы Қуаныш Жиенбай сөз алып, Жамбыл ауданында дүниеге келген Ербол Шаймерденов Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов сынды замана заңғарларының жалғасы іспетті қазақ руханияты мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқанын мақтанышпен атап өтті. Жарты ғасырға жуық онымен дос болып, жерлесіміздің тұңғыш рәмізтанушы, Қазақстан Республикасы Президентінің тұңғыш баспасөз хатшысы сынды қызметтерді абыроймен атқарғанын тілге тиек етті. Кезінде Ербол Шаймерденұлының қарымды қабілетіне Әбдіжәміл Нұрпейісов, Ақселеу Сейдімбек, Әкім Тарази, Фариза Оңғарсынова мен тағы басқа қабырғалы қаламгерлердің жоғары баға бергенін екпін түсіре айтты.

Отырыста Ербол Шаймерденовпен С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде бірге оқыған достары тележурналист, филология ғылымдарының докторы, профессор Құдайберген Тұрсын мен композитор, радиожурналист, жазушы Құдиярбек Ағыбаев та сөз алды. Ақынның сөзіне жазылған “Қызылжарым”, “Төгеді жаңбыр”, “Город мой родной”, “Адамға мұң да керек”, “Көлсайым – мекенім” сынды көптеген әні бар. Кеш барысында жоғарыда аталған туындылардың авторы Құдиярбек Ағыбаев “Қызылжар” әнінің шығу тарихына тоқталып, естен кетпес естеліктерімен бөлісті. Шарада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры Зарқын Тайшыбай да пікір білдіріп, 2011 жылы “Мәдени мұра” жобасымен “Қазақтың ханы – Абылай” деген екі томдық іргелі еңбегін жарыққа шығаруға қолдау білдірген Ербол Шаймерденовтің азаматтық тұлғасына зор баға берді.

Арнау айтқан айтыскер ақын Рауан Қайдар қызылжарлықтардың мерейін бір көтеріп тастады. Өз кезегінде Ербол Шаймерденовтің зайыбы Күләш Қайыржанқызы жарының артында қалған мұрасы әлі талай еңбекке арқау болатынын атап өтті. Шара барысында қоғам қайраткерінің туған жері Жамбыл ауданындағы Жаңажол ауылының жолы жөнделсе деген өтініш те айтылды.

Ербол Шаймерденовтің туғанына 70 жыл толуына орай ел көлемінде түрлі шаралар ұйымдастырылып, кір жуып, кіндік кескен ауылында ас берілетінін де атап өткеніміз жөн. Бұл орайда тау тұлғалы қайраткердің рухына тағзым ретінде Қызылжардың бір көшесіне аты берілсе де артық емес.

Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp