«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАТАҚХАНА ҚҰРЫЛЫСЫ АЯҚТАЛУҒА ЖАҚЫН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

М. Қозыбаев атындағы Сқу бакалавриат, магистратура және докторантура бағыттары бойынша білікті мамандарды даярлайды. Университетте 5600-ден астам студент білім алуда. Білім беру бағдарламасында бакалавриаттың – 85, магистратураның – 71 және PhD докторантураның 7 бағдарламасы қамтылған. Оған қоса университетте қос дипломдық бағдарлама бар. М.Қозыбаев атындағы сқу Аризона университетімен серіктестік орнатқан.

Бүгінде қос дипломды бағдарлама бойынша 2-курста – 131, 3-курста 40 студент оқиды. Одан бөлек 14 елден келген 137 білім алушы бар. Университет биыл 1500-ден астам талапкерді қабылдаған. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткізілген брифингте университеттің басқарма төрағасы-ректоры Ербол Исақаев баяндады.

– Бізде биыл грант иегерлерінің саны артты. Өткен жылмен салыстырғанда грант саны 22 пайызға артық. Былтыр 889 студент грант иегері атанса, биыл олардың саны – 1140. Жаңа оқу жылында тағы 2000-ға жуық талапкер біздің университетте білім алады деп отырмыз. Себебі құжаттарды қабылдау 25 тамызға дейін жалғасады. Қос дипломдық бағдарлама бойынша 507 грант бар. Одан бөлек, “Қазақстан халқына” қоры да грант бөлмек. Оған халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 10 баланың құжаты жіберілді, – деді Ербол Исақаев.

Әр жоғары оқу орнының сапалы білімінің көрсеткіші – оқытушылық-профессорлық құрам. Университетте 12 ғылым докторы, 39 PhD докторы, 108 ғылым кандидаты, 226 магистр жұмыс істейді. Студенттер үшін білім ордасында 9 корпус және 4 жатақхана бар. Жақын арада оқу-зертханалық корпус қолданысқа берілмек.

– Бүгінде 11 қабатты 1200 орындық жатақхананың құрылысы аяқталуға жақын. Оның жалпы аумағы 27 мың шаршы метр. Барлық жұмыс біткеннен кейін біздің университетке беріледі. Ал қазір 1365 орынға шақталған 4 жатақхана бар. Біз Ғылым және жоғары білім министрлігіне, Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігіне осындай жағдай жасап, көмектескені үшін алғыс білдіреміз. Екі жатақханадағы орындардың жалпы саны 2721 болады. Қолданысқа берілген кезде университет студенттері жатақханамен толық қамтамасыз етіледі, – деді Ербол Исақаев.

Ал Аризона университетімен қос дипломды бағдарлама бойынша ынтымақтастық 2022 жылы басталған еді. Қазір бұл жерде Қазақстанның 15 облысы мен республикалық маңызы бар 3 қаладан келген студенттер білім алады. Қос дипломды бағдарламалардың IT, биотехнология және инклюзивті білім беру бағыты бар. Ал халықаралық бағдарламалар 8 бағыт бойынша іске асырылады. Студенттердің Аризона университетіндегі оқу, тұру, ұшу, виза және кітаптарды алуға қатысты барлық шығындарын М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті төлейді екен.

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp