«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨКЖӨТЕЛГЕ ШАЛДЫҚҚАНДАР КӨП

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірде жыл басынан бері көкжөтелдің 62 жағдайы тіркел­ді. Ауырғандардың 94 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар. Об­лыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департа­мен­ті инфекциялық және пара­зит­тік ауруларды эпидемиоло­гия­лық қадағалау бөлімінің бас ма­ма­ны Гүлида Жакеева бак­те­рия­лық инфекцияны жұқты­ру­дың адам өміріне қалай қауіп төнді­ретіні жайында айтып берді.

Биыл өңірде көкжөтелді жұқ­тыру еселеп артқан. Маманның айтуынша, облыста 2021 жылы ауру тіркелмесе, 2022 жылы бір бала ауырған, былтыр бұл диаг­ноз 20 адамға қойылыпты.

“Биыл қаңтарда 8 адам, ақ­пан-наурызда 5 адам ауырса, сәуірде жұқтырғандар саны күрт артып, 16 адам ем алған. Мамырда көкжөтелмен ауыру­дың – 13, маусымда 6, шілде­де 10 жағдайы тіркелді. Ауыр­ған 62 адамның 58-і – 14 жасқа дейінгі бала. Сырқаттанғандар­дың ішінде Петропавл тұрғын­да­рының үлесі басым, облыс орталығында 49 адам ауырды, Қы­зылжар ауданында – 6, Айыр­тауда – 2 және қалған ау­дандарда бір-бірден тіркелді. Сырқаттанғандардың 96 пайызы вакцина алмаған”, – дейді Гүли­да Жакеева.

Маманның айтуынша, бак­териялық инфекцияның тара­луы­ның басты себебі де осы, соңғы жылдары вакцина қойды­рудан бас тартқандар көбейген. Дәрігерлер көкжөтелді вакцина арқылы бақыланатын дертке жат­қызады. Ол негізінен төрт жас­тан асқан балаларға тез жұ­ғады. Ауруға қарсы иммунитет ана сүтімен берілмейді, сондықтан балалық шақта ауруды жұқтыру ықтималдығы жоғары екен.

“Көкжөтел – ауыз қуысында, мұрында және көмейде болатын bordetella pertussis бактерия­сын тудыратын тыныс алу жолдарының өте жұқпалы ау­руы. Ересек адамда немесе ба­лада спастикалық жөтел ұстамалары пайда болады, бұл ауыр анатомиялық, физикалық зақымдануларға, өкпенің обст­руктивті аурулары мен пневмо­нияның одан әрі дамуына әке­луі мүмкін. Көп жағдайда көк­жөтел қарапайым респира­тор­лық вирустық инфекция сияқты басталады, орташа құрғақ жө­тел және мұрыннан су ағу пайда болады, дене температурасы 37-38 градусқа дейін көтерілуі мүмкін”, – дейді маман.

Гүлида Жакеева балаларды және барлық ересектерді көк­жө­телден қорғаудың жалғыз се­німді және тиімді әдісі екпе еке­нін айтты. Алғашқы вакциналау шарасы сәбидің 2, 3, 4 және 18 айларында басталады, содан кейін 6 жаста жүргізіледі. Егер осы жағдайлар сақталса, ағза­да көкжөтел ауруына жеткілікті күшті иммунитет пайда болады.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp