Айыртау – мен үшін баға жетпес, асыл мекен. Әлбетте әр адамға туған жері қымбат. Атажұртқа, туған жерге әр пенденің адал да алаң көңілі осылай болуы заңды ғой. Арайлы Айыртау өзінің көз тоймас көркем табиғатымен ғана ерекшеленбеген. Бұл жерде табиғат сұлулығына үндесе туған тума таланттар шоғыры аз емес. Осынау ән мен жырдың, сал-серілердің құтты мекені болған қасиетті топырақ Әнуарбек Мұратбековті де тал бесікте тербеткен еді.
Жас келіп, ақыл тоқтатып, кешегі мен бүгіннің ортасындағы алтын көпір болып саналатын қарттар қатарына қосылған соң жақсының жақсылығын айтып, өмірін өнеге етер азаматтарды жас құрақтай өсіп келе жатқан өскелең ұрпаққа үлгі етуді азаматтық парыз санаймын. Өйткені күні кеше ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болған, өзімізге мәңгі жасайтындай болып көрінетін кеңестік дәуірде елім, жерім деп қисапсыз еңбек сіңірген азаматтардың өмірі тағылымға толы.
Бүгінде үзеңгі қағыстырып, бірге жүрген замандастардың қатары сиреген сайын, өткен күндер сағымға айналып барады. Жанымызда жүрген талай жақсының бағасын біле алмадық. Ел аузында “Тау алыстаған сайын биіктей береді” деген бейнелі сөз бар. Бұл тау тұлғалы азматтардың қадір-қасиеті ешқашан ұмытылмайтындығының дәлелі. Әрине, өмір бар жерде өлім хақ. Бұл – табиғат заңы. Оған ешкім де қарсы келе алмайды. Сондықтан ұрпақ алмасу – қалыпты құбылыс. Тек Әнуарбек Мұратбеков сынды аяулы перзенттеріміздің көзі тірісінде бағасын білгеніміз жөн еді.
Әнуарбек Мұратбеков – Айыртаудың тумасы. Жаңасуда дүниеге келген. Қазір бұл ауыл Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға қарайды. Ұлы Отан соғысына қатысып, батыр ұшқыш атанған. Көзсіз ерліктің тамаша үлгісін көрсете білген ардақты ағамыздың тағылымды өмірі өнегеге толы. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Отанын қасық қаны қалғанша қорғап, бейбіт өмірде де ел байлығын еселеуге бар білімі мен қажыр қайратын бағыттаған жерлесіміздің есімін ұлықтасақ артық болмас деп ойлаймын.
Оның отансүйгіштігі, елжандылығы, жасампаз еңбекқорлығы мен өзге де жақсы қасиеттері кейінгі ұрпаққа үлгі, біздер үшін мақтаныш. Ол соғыстың басынан аяғына дейін болып, жаумен шайқаста табандылық көрсетті. Ерлігі ескерусіз қалған жоқ. 1945 жылы ауыр жарақат алып, елге оралған. Кеудесінде жарқыраған Қызыл жұлдыз, ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен қатар, “Мәскеуді қорғағаны үшін”, “Кенигсбергті алғаны үшін” медальдары батырдың ерен ерлігінің дәлеліндей.
Соғыстан кейінгі бейбіт өмірде еңбектің көрігін қыздырған жауынгер түрлі жауапты кызметтерді абыроймен атқарды. Астық қабылдау кәсіпорнының директоры, Қазан аудандық атқару комитетінің төрағасы, Арықбалық аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болды. Ол адал қызмет ете жүріп Ленин, “Құрмет белгісі” ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталды. Елі арқа сүйеген асыл ағамыздың дара болмысы ісі мен сөзіне үйлесіп тұратын. Көзінде от, көкірегінде жалын, санасына ой ұялатқан, қайрат пен ерлікті бойына дарытқан асыл ағамыздың жанға жылу беретін кестелі сөздері жадымыздан өшкен жоқ. Ол адалдық пен тазалықтың, жасампаздық пен қарапайым кісіліктің ақ желкенін жанына жалау етіп, туған елінің берекесін молайтуға бар күш-жігерін, қажыр-қайратын бағыттап шынайы сүйіспеншілікке бөленді.
Батыр бабамыз шапшаң шешім қабылдау, адал айтып, дұрыс сөйлеуді жөн көрді. Өзім көзін көрген Әнуарбек алмас қылыштай өткір, тура мінезді болатын. Осы қасиеттері кейін немере інісі, қазақ елінің сүйікті перзентіне айналған Еркін Әуелбековтің бойынан табылуы да тектен-тек емес.
Еркін Нұржанұлы Әнуарбек ағасын тіршілігінде қатты сыйлап өтті. Осы екі тұлғаның туған еліне еңбектерін сіңіре жүріп, бірін-бірі ардақтап, құрметтегенін көзім көрді. Әлі есімде Әнуарбек Мұратбекұлы “Победа” көлігімен Жаңасуға Нұржан атамызға сәлем беруге соққанда, ауыл балалары түгел сол маңға үйірілетінбіз. Көлікке отырып, серуендеудің реті келсе, бізден бақытты жан болмаушы еді.
Абзал азаматтың адамгершілігі де бір төбе. Адам бойындағы ізгі қасиеттер, яғни тектілік атадан дариды. Адал, жан дүниесі кіршіксіз таза болатын. Оның сөйлеген сөзінен, жүрген жүрісінен тектіліктің ізі байқалатын. Кез келген ұжымды басқарудағы парасаттылығы өзі қатарлы басшылардан ерекшеленіп тұратын. Келбеті келісті, жүзінен ерекше бір жылулық төгілген азаматты елі де ерекше құрмет тұтты. Сондықтан ол Айыртаудың игі жақсыларының бірі әрі бірегейі болды десек ақиқаттан алыс кетпейміз.
Жеңгеміз Шәмшікәмәлмен бақытты отбасын құрып, саналы ұрпақ тәрбиеледі. Балаларының бәріне де жоғары білім берді. Ұл-қыздары да ата-анасының атына кір келтірмей, өмірде өз орындарын тапты. Қыздың үлкені Күміс қазір Көкшетау қаласында тұрады. Ол сонда ұзақ жыл облыстық мәдениет басқармасын басқарып, аталмыш саланың дамуына еселі еңбек сіңірді. Өкінішке қарай ерте дүние салған ұлдары Болат пен Дулат та абыройлы азаматтар еді. Болат Қарағанды медициналық институтын бітіріп, көп жыл Көкшетау қаласындағы теміржол ауруханасының бас хирургі болды. Ортаншы ұлдары Дулат Жамбыл технологиялық институтын тамамдап, облыстағы бірнеше элеваторға жетекшілік етті. Өз ортасына сыйлы болды. Ал ұлдың кенжесі Тимур қазір мал шаруашылығымен айналысады. Білікті маман.
Айықпас дертке шалдыққан Әнуарбек Мұратбекұлы 1986 жылы жарық дүниемен қоштасты. Шоқ жұлдыздай шағын ғана Шүкірлік ауылына жерленді. Арада қанша уақыт өтсе де, осындай асыл азаматтың бейнесі еш ұмытылмақ емес. Қазіргі қазақ қоғамына Әнуарбек сынды жан дүниесі таза, адалдық пен әділдікті ту еткен, елжанды азаматтар жетіспей тұрғандай.
Батырбек СМАҒҰЛОВ,
зейнеткер.
Айыртау ауданы.