Биыл өңірде ауа райының жауынды-шашынды болуына байланысты жайқала өскен астыққа орақ кештеу түскелі отыр. Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мамандары агро-құрылымдар егін жинауға тамыз айының үшінші онкүндігін-де жаппай кіріседі, қазір ішін-ара дестелеу жүріп жатыр, ауыл шаруашылығы техникасы мен элеваторлар жауапты науқанға толық әзір деген ақпарат берді.
Иә, әр жылдың өзіндік ерекшелігі болса да, диқан қауымы көп жылғы бойғы қалыптасқан іс-тәжірибесіне сүйене отырып, сонымен қатар озық технологиялар мен бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарғандай ұйымдаса әрекет етудің арқасында Отан қамбасын ел ризығымен толтырып жүр. Көктемгі дала жұмыстарын талапқа сай атқарудың нәтижесінде 3,3 млн. гектар жерге дәнді, 674,2 мың гектар майлы, 354,1 мың гектар мал азықтық дақылдар, 7,5 мың гектар картоп, 1 мың көкөніс отырғызылды. Метеорологиялық мәліметтерге көз жүгіртсек, көңіл көншітпейді. Облыста тамызда жауын-шашын мөлшері 181 мм.-ден 337 мм.-ге дейін артқан. Бұл көрсеткіш тиісті нормадан 207 пайызға артық деген сөз.
Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаевтың айтуынша, топырақ құнарлылығын арттыру мақсатында минералды тыңайтқыштар толыққанды сіңіріліп, мол өнім негізінің қалануына айтарлықтай ықпал еткен.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2022–2026 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында фермерлерге отандық тыңайтқыштарды сатып алу үшін аванстық субсидиялаудың жаңа тетіктері іске қосылған Бұл жүйе бойынша субсидиялау мөлшерлемесі 50 пайыздан 60 пайызға дейін ұлғайтылып, бүгінге дейін “Қаз-Азот” АҚ-мен 4,1 мың тонна аммиак селитрасына 32 келісімшарт, “Қазфосфат” ЖШС-мен 23,9 мың тонна аммофосқа 146 келісімшарт жасалған.
Күзгі орақ жаппай өріс алған сәтте 7,3 мың комбайн, оның ішінде 3,9 мың өнімділігі жоғары егіс кешені, 12,7 мың трактор, 9,1 мың трактор тіркемесі және 5,8 мың жүк көлігі қатысатын болады. Жыл басынан бері ауыл шаруашылығы құрылымдары 31,6 млрд. теңгеге 1163 жаңа техника сатып алған. Олардың 107-сі – өнімділігі жоғары астық жинайтын комбайн, 205 трактор, 335 дән сепкіш, 51 егіс кешені және 563 басқа да техника мен құрал-жабдықтар.
Аққайың ауданында орналасқан Шағалалы ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы ғалымдарының көмегімен “Семеновна” атты жаңа сұрып аудандастырылып, былтыр 3240 гектар алқапқа себілсе, биыл көлемі ұлғайтылыпты.
“Бидайдың бұл сұрыбы тез жерсініп кетті. Шығымдылығы жақсы. Гектар берекелігі 15-20 центнерден кем емес ”, – дейді станцияның бөлім меңгерушісі Николай Ланг.
Осы ауданға қатысты “Астраханское” ЖШС күздік бидайды, бұршақ пен жасымықты жинауға кірісіп кеткен. Шаруашылықтың бас агрономы Равиль Сұлтанов күздік бидайдың “Умка” сұрыбының әр гектарынан 48 центнерден өнім алынып жатқанын жеткізді. Жасымықтың өнімділігі – 20 центнер. Астықты алқаптарды 7 комбайн еңбек дүбіріне бөлеп жүр. Сол сияқты “Баянды СК”, “Симаргл” шаруашылықтарының қарқыны ширақ.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.