V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басталуына екі аптадай уақыт қалды. Қазір осы ауқымды шарада жұмыс істейтін еріктілерді оқытудың соңғы кезеңі басталды.
Бүгінде волонтерлер жарыстар өтетін нысандармен танысып, толық ақпаратпен қамтылуда. Көшпенділер ойындарына еріктілерді іріктеу жыл басында басталған. Қазір 1300 жас таңдалып алынған. Оларға қойылған басты талап – үш тілді білу. Бұрын ерікті болған жастарды таңдауға басымдық берілмек. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шет мемлекеттерден де келетін волонтерлер бар. Барлығы да тегін тамақпен қамтылып, қонақүйлерге жайғастырылады.
– Олар алты бағыт бойынша жұмыс істейді. Жалпы 1300 еріктінің 500-і координатор, 100-і тимлидер болады. Қырғызстан, Өзбекстан, Франция, АҚШ-тан 20 ерікті келеді, – дейді V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясы бөлімінің басшысы Бағдәулет Жанділдаев.
Гүлнәр САЙЛАУҚЫЗЫ.