Облысымызға жұмыс сапарымен келген Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов өңірдегі бизнес өкілдерімен кездесті. Жиында қолдауға мұқтаж отбасыларға көрсетілетін көмек жайында айтылды.
“Мемлекет тарапынан тұрмысы төмен отбасыларға түрлі қолдау шаралары ұсынылуда. Осындай санатқа жататындарға 10 сиыр беру қарастырылған. Кәсіп иесі 5 жылдың ішінде 12 басты мемлекетке қайтарады. Ал қалғаны өзінде қалады. Бұл жерде мемлекет те, ауыл тұрғыны да ұтылмайды. Тауарлық кредитті құс үшін де беруге болады. Ауылдағы адамдарға мұндай да мүмкіндік ұсынылады”, – дейді ол.
Бұл ретте ауылдық округ әкімдеріне жауапкершілік жүгі артылып отыр. Олар малдың таратылуына, әрі қарай өсуі мен жағдайына бас-көз болуы тиіс. Осыны Ералы Тоғжанов баса айтты. Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов Премьер-министр кеңесшісінің сөзін жалғап, әкімдерге зор сенім артылатынын мәлімдеді.
Өңірде мұндай тәсілмен жұмыс істейтін адамдар бар. Соның бірі – тайыншалық Шоқан Әлжан. Ол мыңдаған бас қой ұстайды. Қазір Шопан ата төлін қолынан іс келетін тұрғындарға таратып, ортақ табысқа кенеліп отыр.
“Біз 50 бас қой береміз. Одан екінші, үшінші және төртінші жылы 20 бастан қозы алып отырамыз. Қалған малдың барлығы кәсіп иесінде қалады”, – деді “Аманат” шаруа қожалығының басшысы Шоқан Әлжан.
Осыдан бірер жыл бұрын елді мекендерде тракторшы табылмаса, қазір малшының өзі жоқтың қасы. Жиналыс соңында Ералы Тоғжанов ауқымды істің барлығы ауылдарды сақтап қалу үшін қолға алынғанын атап өтті. Бұдан кейін елордалық мейманның қатысуымен тағы бір басқосу өтті. Оған мемлекеттік органдардың, қаржы институттарының басшылары қатысты.
Жұмыс сапары барысында Ералы Тоғжанов Қызылжар ауданындағы жергілікті кәсіпкерлермен де кездесіп, “Зенченко және К” командиттік серіктестігінің жұмысымен танысты. Ералы Лұқпанұлы Бескөл ауылындағы шағын құс фермасында болды. Сара Сатыбалдина өткен жылы “Ауыл аманаты” жобасы аясында 8 млн. теңгеден астам несие алып, 800 тауық сатып алған. Қазір кәсібі өрге домалаған.
“Бізге 2,5 пайызбен 8 млн. 85 мың теңге несие берді. Содан кейін арнайы қора салып, 800 леггорн тұқымды тауық сатып алдық”, – дейді Бескөл тұрғыны.
Ферма күніне 500-600 жұмыртқа өндіреді. Оны жеке кәсіпкер аудан орталығы мен қала дүкендеріне өткізеді.
Премьер-министрдің кеңесшісі “Байділдаева” жеке кәсіпкерлігіне барды. Айман Байділдаева былтыр “Ауыл аманаты” бағдарламасы аясында несие алып, көлік жуу орталығын ашқан. Мұнда жүргізушілер темір тұлпарларын өздері жуады. Орталық күніне 15-20 көлік қабылдайды. Ералы Тоғжанов барған келесі нысан – Новоникольское елді мекені. Премьер-министрдің кеңесшісі ауылдың әлеуметтік нысандарын аралады. Елді мекендегі білім ордасын қайта қалпына келтіруге “Зенченко және К” командиттік серіктестігі 280 млн. теңге жұмсаған. Мектепте 360 бала тегін тамақтанады. Бұған серіктестік жылына 27 млн. теңге жұмсайды.
Ералы Тоғжанов ауылдағы спорт сарайын да көрді. Әлеуметтік нысанда бассейн және үстел теннисі, волейбол, баскетбол алаңы бар.
Үкімет басшысының кеңесшісі Қызылжар ауданынан кейін Есіл ауданына жол тартты. Ол Явленка ауылында “Механник” жеке кәсіпкерлігінің жұмысымен танысты. Нысан “Ауыл аманаты” бағдарламасы аясында бір жыл бұрын ашылған. Іскер азамат Алмас Бейсенов көлік жуу және оны жөндеумен айналысады. Жақын жерде шағын сауда маркеті де тұр. Әзірге, 3 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ералы Лұқпанұлы кәсіпкердің бастамасына оң бағасын берді. Бұдан кейін ол Корнеевка ауылында орналасқан “Атамекен Агро Корнеевка” серіктестігінде болды. Мұнда тауарлы-сүт фермасының құрылысы жүріп жатыр. Германиядан голштино-фриз тұқымды 500 бас сиыр жеткізілген. Алдағы уақытта тағы 800-і әкелінеді. Шамамен 50-ге жуық адам жұмыспен қамтылуы тиіс. Кәсіпорын жұмысымен танысқан Ералы Тоғжанов тауарлы-сүт фермасын дамыту бойынша ұсынысын білдіріп, тұрғындарды барынша жұмыспен қамту қажеттігіне тоқталды.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.