Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру қызметі 5 миллион теңгеге жуық қаражатқа жиһаз сатып алмақ болған. Бұл туралы “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік” жобасына қатысушылар жүргізген мониторинг барысында белгілі болды.
Былтырдан бері еріктілер мемлекеттік сатып алу саласында 8 күмәнді деректі анықтаған. Нәтижесінде 83,4 млн. теңге бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына тосқауыл қойылды. Жалпы облыста 125 адам ерікті ретінде жұмыс істеуге ниет білдірген. Олар бір жылда мыңға жуық адамға тегін құқықтық көмек көрсетті. Еріктілер құрылыс және жол салу сапасын қадағалау саласында да жұмыс істеп жүр. Аудан, қала, республикалық маңызы бар 20-дан астам жол учаскесіне мониторинг жүргізілді.
– Тиісті мамандардың көмегімен мемлекеттік тапсырыс бойынша салынып жатқан нысандардың құрылысын, жол сапасын тексереміз. Олқылық анықталса, тапсырыс берушіге нұсқау жолдаймыз. Көбіне нысандардың паспорты болмай жатады, жаңадан салынған жолдардың сапасы сын көтермейді. Осының барлығы қалыпқа келтірілгенше жұмысты қадағалаймыз, – дейді ерікті Ерлан Әбілкәрімов.
Эльмира КӘЛЕНОВА,
журналист.