Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте сөйлеген сөзінде соңғы кездегі жаhандық үрдістерді ескеріп, ұзақ мерзімге арналған “Қазақстан – 2050” стратегиялық бағдарламасын жаңартуды тапсырды. Ондағы мақсат – әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси даму жолындағы негізгі басымдықтар мен орта мерзімдік міндеттерді белгілеу. Бүгінгідей ерекше тарихи кезеңде ғылым мен технологияға арқа сүйей отырып, өзгеше басымдықтарға ие болуымыз керек.
Мемлекет басшысы “Мұндай кезде батыл әрі жылдам әрекет жасау қажет. Арқаны кеңге салып отыруға уақыт жоқ. Жүктелген міндеттерді орындау үшін дереу іске кірісу керек. Әйтпесе салдары ауыр болады. Реформалардың нәтижесін әрбір азамат нақты сезінуі қажет. Алдағы жұмыстың басты өлшемі – осы”, – деп айрықша атап көрсетті. Бұл талаптар ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларына да күнделікті мәселелерді шұғыл шешумен ғана шектелмей, кәсіпкерлікпен алаңсыз айналысуға және де халықтың табысын көбейтіп, тұрмысын жақсартуға игі ықпал жасары сөзсіз. Күнделікті жұмыс тәжірибесінен көкейге түйгеніміз көп. 2004 жылы құрылған “Ер-Агро” ЖШС Архангельск және Петерфельд ауылдық округтері бойынша 37 тұрғынды жұмыспен қамтып, мал шаруашылығы мен егіншілік бағытында жетістіктерге жетіп келеді. Маусымдық жұмыстарға қосымша 20-ға дейін адам тартылады. Былтыр 7779 гектар алқапқа өсірілген астық бітік шықты. Соңғы бес жылда гектар берекелігі 22,5 центнерден айналды. 390 пайшыға жыл аяғында үлестері таратылды. Бір пай 100 мың теңгеден, ал орташа жалақы 187500 теңгеден айналды. Бұдан бөлек, жарты мыңға жуық ірі қара бағылады.
Қазіргі таңда стратегиялық нысандар ұғымын айқындау тәсілін қайта қарау өте өзекті. Оның мәні жаңа өндіріс және жұмыс орындарын ашумен, коммуналдық инфрақұрылымдарды жаңғыртумен, жаңа қуат көздерін іске қосумен, жұмысшылардың жалақысын көтерумен бағаланады. Әсіресе, ауылдықтардың тұрмыс сапасы, оның ішінде мобиьлді байланыс және интернет қолжетімділігі сапалы болуы тиіс. Қасым-Жомарт Кемелұлының “елге қаптаған статистика емес, нақты нәтиже керек”, деген талабы өте орынды. Халықтың қамы және ел мүддесін ойлаудан туған қамқорлық екенін жақсы түсінеміз. Күнделікті қызметімізде тұрғындардың мұң-мұқтаждарын тыңдап, әркез назар аударып отырамыз. Жедел шешудің жолдары мұқият қарастырылады. Архангельск, Кондратовка, Боровское ауылдарын көгалдандыру, жолдарын тазалап отыру серіктестіктің міндетінде. Бұл жағынан ешқандай іркіліс жоқ. Тұрмысы төмен төрт отбасы қамқорлыққа алынған. Округ орталығындағы білім ошағын жөндеуге қаржы жүйелі түрде бөлінеді. Оушылар бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылған. Түрлі жарыстарға қатысатын балаларға спорттық киімдер сатып әперіледі. Боровскоеде қатты қалдық заттарды сақтайтын орын қалпына келтірілді. Архангельскіде намазхананың бой көтеруіне, Ұлы отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткішті жөндеуге қаржылық қолдау көрсетілді.
Агроөнеркәсіп саласында белгіленген экономикалық реформаларды тиімді жүзеге асырудың жолдары аз емес. Соның бірі – ауқымды бағдарламалардың жағдайды түбегейлі өзгертетінін терең жауапкершілікпен сезіну. Осы бағыттағы іс-әрекеттер мен шешімдер бір-бірімен үйлесіп жатса, алдағы даму бағдарымызға тікелей әсер етері даусыз. Мұны нарық талабы десе де болады. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қаржылық жеңілдіктерді пайдалы жобаларға арнайтын болсақ, орта және шағын бизнестің өркендеуіне жол ашылары, сөйтіп табыстың еселене түсері күмәнсіз. Соңғы бес жылда ішкі өндірісті ұлғайтуға 1 млрд. теңгеден астам инвестиция құйылды. 300 млн. теңгеге шағын элеватор салынды. Астық сақтау қоймасының сыйымдылығы 13 мың тоннаға жуық. 84 млн. 362 мың теңге жеңілдікті субсидия рәсімделіп, 28 млн. 416 мың теңге мөлшерінде салық төленді. Машина-трактор паркінде әртүрлі маркалы 70-ке тарта техника бар. Астық ору науқанына жан-жақты әзірлікпен кірісіп, ұйымшылдықпен өткізу жолдары қарастырылған.
Маңызды мәселенің бірі – импортқа тәуелділікті барынша азайтуға мүмкіндік беретін жергілікті үлесі жоғары ауыл шаруашылығы өндіріс кешенін құру. Бұған жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тәсілдерді қолданғанда ғана үстемдікке ие боларымыз анық.
Анатолий ШУШАМОИН,
“Ер Агро” ЖШС директоры.
Қызылжар ауданы.