Облыс орталығында “TECHNO WOMEN” үкіметтік емес ұйымы “Жасанды интеллект арқылы қалай ақша табуға болады?” деген тақырыпта тренинг өткізді. Іс-шараның мақсаты – технологиялық салаларда жұмыс істейтін нәзік жандардың санын арттыру.
“TECHNO WOMEN” қауымдастығы осыдан 2 жыл бұрын ашылған. Содан бері 14 жоба ұйымдастырып, көптеген қыз-келіншектердің жетістікке жетуіне көмегін тигізген.
– Дүниежүзі елдері жасанды интеллектінің игілігін көруде. Үздік жобалар еліміздің әр қаласында жүзеге асса дейміз. Мен бұған дейін Ақтау, Семей, Өскемен қалаларында болдым. Қыз-келіншектерді IT саласына тартудың, жаңа трендтермен таныстырудың маңызы зор, – деді “TECHNO WOMEN” КЕҰ мүшесі Зарина Құтпанова.
Бұл тренингке облыстан 100-ге жуық қыз-келіншек жиналып, мамандардың ұсыныстары мен кеңестерін тыңдады.
– Біз мұнда шеберлік сабақтарын өткіземіз. Сабақтарымыз жасанды интеллект, дрондарды, электрондық коммерцияны қолдану мен IT стартаптарды дамыту бойынша өткізіледі. Алдағы күзде цифрлық киберқауіпсіздік негіздерін үйрету бойынша жаттықтырушыларға онлайн тренинг өткіземіз, – дейді “TECHNO WOMEN” КЕҰ басқарма төрайымы Азиза Шөжеева.
Ерлан ЖҰМАХАН.