Петропавлда Конституция күніне орай “Қызылжар – 2024” жартылай марафоны өтті. Биылғы спорттық шараға Көкшетау, Щучинск қалаларынан және облысымыздан 300-ден астам азамат қатысты.
Пестрое көлінің жағалауынан бастау алған жартылай марафон қатысушыларына жас ерекшеліктеріне қарай 5, 10 және 21 шақырым қашықтықты бағындыру талабы қойылды.
15-17 жас аралығындағы жасөспірімдер арасындағылар 5 шақырымға жүгірді. Бұл санатта петропавлдық Ярослав Костылев мәре сызығын 18 минут 37 секундта өтіп, бірінші орынды қанжығасына байлады. Ал 18-29 жастағылар қатарында тағы бір облыс орталығының тұрғыны Нариман Ташимов жеңімпаз атанды. 30 жастан асқандардың ішінде Александр Любимов жеңіс тұғырына көтерілді.
40-49 жас санатында мәреге Самат Есполов бірінші болып келді. Қызу тартыс 50-ден асқандар арасында өтті. Бұл топта Марат Берденбеков жеңіске жетті. 60 жастағылар қатарынан Олег Сысолятин жеңімпаз атанды.
Жартылай марафонда 15-17 жастағы қыздар арасында Аққайың ауданының спортшысы Милана Шведова бірінші болып келсе, 18-29 жастағылар санатында петропавлдық Алина Левченкова жеңімпаз атанды. 30-39 жас аралығындағы әйелдер қатарынан Щучинск қаласынан келген Изабелла Метлицкая жеңіске жетті. 40-49 жас аралығындағыларда Татьяна Кучеренко мәре сызығын бірінші болып кесті. 59-дан асқандарда Антонина Шершневаны ешкім қуып жете алмады.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.