Елімізде интернет алаяқтықтың саны күрт өскен. Өңірде жыл басталғалы бері 513 факті, ал былтыр осы кезеңде 440 іс тіркелген. Ішкі істер органдарының мамандары өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында бұл қылмысқа қарсы қандай іс-шараларды қолға алып жатқанын, алаяқтардың арбауына түсіп қалмау үшін не істеу керектігін баяндады.
Интернеттің мүмкіндігін қылмыстық іс-әрекеттерін жүзеге асыру үшін оңтайлы пайдаланып жүрген алаяқтардың әдіс-тәсілдері күн сайын өзгеріп, жаңарып отырады. Сондықтан олардың ойындағысын болжау қиын.
– Әдетте алаяқтар әлеуметтік желілерге жалған интернет хабарландырулар орналастырады немесе арнайы аккаунт ашып, сайт жасайды. Ең жиі кездесетін интернет алаяқтықтың түрлері – интернет арқылы сауда жасау және қызмет көрсету, сондай-ақ өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, жеке деректерді иемдену және бөтен біреудің атынан онлайн-несие рәсімдеу, – дейді облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Виталий Подчернин.
Осыған байланысты полиция департаменті халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға ерекше көңіл бөліп отыр. Үстіміздегі жылдың өткен кезеңінде бұқаралық ақпарат құралдарында 872 профилактикалық материал орналастырылған. Хабарлама сайттарындағы 1425 хабарландыру тексеріліп, оның 274-ін сайт әкімшілігі бұғаттаған.
Денсаулық сақтау, білім беру мекемелерінің, оқушылар сарайының LED-экрандарында, автовокзалдың күту залында, сауда үйлерінде интернет-алаяқтық бойынша арнайы бейнероликтер таратылып, екінші деңгейдегі банк қызметкерлерімен бірігіп, осы ортақ мәселені шешу жолдары талқыланған.
Сондай-ақ бүгінгі таңда “egov” сайтында “6 ай мерзімге банктік қарыздар, микро несиелер алудан ерікті түрде бас тарту” қызметі бар. Осы уақытқа дейін облыс тұрғындарының 27 пайызы осы қызметті пайдаланып үлгерген.
Ақпараттық жүйені пайдаланып, алдау, арбау арқылы ақшалы болудың ең көп таралған жері – сауда-саттық маңы болса, ерекше сұранысқа ие “Instagram” әлеуметтік желісінде кімнің ақ, кімнің арам екенін ажырату өте қиын. Сондықтан облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Миржан Махмет тұрғындарды толғандырып жүрген кейбір сауалдарға жауап берді. Жалпы өңір бойынша барлық тіркелген интернет-алаяқтық фактілері бойынша “CyberPol” тобының қызметкерлері айналысады. Мәселен, Петропавлда 28 жастағы жігіт облыс орталығының тұрғындарына онлайн-кредиттер ресімдеумен айналысқан. Ал Алматы облысының 32 жастағы тұрғыны пәтерлерді жалға алу туралы танымал сайттарда хабарламалар орналастырған.
– Облыс орталығының 48 жастағы тұрғыны алаяқтықтың осы түрінің құрбаны болды. Ол биылғы жылдың маусым айының басында “Instagram” әлеуметтік желісінде табыс туралы хабарландыруды көреді. Байланыс үшін өзінің абоненттік нөмірін қалдырған. Біраз уақыттан кейін оған менеджер хабарласып, қолма қол ақша және табысты тез арада көбейту үшін сауалнама толтыру қажеттігін айтқан. Жәбірленуші оңай табысқа қызығып, өз қаражатын сала бастаған. Содан кейін оған тұрақты түрде қаражат салу кестесі келген. Белгілі мерзім жеткенде жәбірленуші салған қаражатын ала алмаған. Осыдан кейін ол өзінің алаяқтықтың құрбаны болғанын түсінген. Бүгінгі таңда жалпы шығыны 5 431 000 теңгені құрап отыр, – дейді Миржан Махмет.
Бір айта кетерлігі, осыған ұқсас қылмыстық істерді еліміздің барлық аймағынан кезіктіруге болады.
Мамандардың айтуынша, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге, сондай-ақ ерекше қызығушылық танытатын пайдаланушылардың парақшаларына күн сайын мониторинг жүргізіледі екен. Бұл тәсіл интернеттегі алаяқтық схемаларды анықтауға көп септігін тигізеді.
Сөз соңында облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Миржан Қанатұлы интернет алаяқтардан сақ болудың қарапайым шараларына тоқталды. Дербес деректерді, пластикалық карталардың мәліметтерін, кодтарды және құпия сөздерді ешкімге хабарламау керек. Белгісіз әрі тексерілмеген сайттар арқылы алдын ала төлем, күмәнді мәмілелер бойынша ақша аударымдарын жүзеге асырмаған жөн. Ұялы телефон мен компьютерге белгісіз қосымшаларды орнатуға, кез келген сілтеме бойынша өтуге, спам хабарламаларға сенуге болмайды.
– Егер әртүрлі қаржылық жобаларға қатысқыңыз келсе, бағалы қағаздармен сауда жасау және тағы да басқа қатысу ережелерін мұқият оқып шығыңыз. Компания туралы пікірлерді тексеріңіз, мүмкіндігінше көп ақпарат жинаңыз, тек қаржы нарығының сенімді қатысушыларымен ынтымақ жасаңыз. Ал банктен қоңырау шалып, менеджер немесе қауіпсіздік қызметінің қызметкері деп өзін таныстырған жағдайда, тұтқаны қойып, дереу банкке хабарласу керек, – дейді Миржан Махмет.
Сонымен қатар танымайтын және күдікті электрондық пошталарға немесе мәтіндік хабарламаларға жауап бермеңіз. Интернет желісінде тауарларды сатып алу кезінде тек тексерілген сайттардан сатып алуды қарастырыңыз. Бұл жалған сайт емес, ресми парақ екеніне көз жеткізіңіз. Көбіне қаскөйлер тек ресурстың сипаттамасын өзгерте отырып ұқсас сайттар жасайды, белгілі банктер сондай-ақ танымал брендтер логотиптерін қолданады. Бұл – адамды алдаудың жолдары. Егер сізден тауар үшін алдын ала төлем жасауды сұраса, онда оның шарттарын мұқият зерделеу керек.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.