Қытай көшбасшысы Си Цзиньпиннің Қазақстанға ресми сапары аясында Қазақстан-Қытай ауыл шаруашылығы ғылымы мен білім беру орталығын ашу туралы тарихи келісімге қол қойылған еді. Аталған ғылыми орталықты С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті мен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті, Шәкәрім университеті мен аспан асты елінің Солтүстік-батыс ауыл және орман шаруашылығы университеті бірлесіп құрған.
Орталық – агроөнеркәсіптік кешен үшін озық агротехнологиялар трансфері және жоғары білікті кадрлар даярлау үшін бірегей тұғырнама болып отыр. М.Қозыбаев атындағы СҚУ мен Солтүстік-батыс ауыл және орман шаруашылығы университеті арасындағы ынтымақтастық – табысты әріптестіктің дәлелі. Осы серіктестік аясында өсімдік және мал шаруашылығы бойынша ғылыми жобалар іске асырылуда. “Қызылжар сүт” ЖШС мен “Мәмбетов және К” КТ сияқты алдыңғы қатарлы кәсіпорындардың базасында жем сапасын жақсарту, ауыл шаруашылығы жануарларының өнімділігі мен өсімін молайту бойынша зерттеулер жүргізілетін демонстрациялық парктер ашылды.
Сонымен қатар М.Қозыбаев атындағы СҚУ-ға академиялық ұтқырлық аясында Солтүстік-батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университетінен (Янлин қаласы) 12 бакалавр және 10 магистрант келді. Олар үш ай ішінде облыстағы жетекші мал шаруашылығы кәсіпорындарында практикалық дағдыларды игеріп, бейіндік пәндер бойынша теориялық білім алмақ.
Екі университет арасындағы ынтымақтастықтың артықшылығы – агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына тікелей әсер ететін білім мен технологиялардың алмасуы. Біздің студенттер баға жетпес халықаралық тәжірибеге ие болады, біліктілігін арттырады және Қытайда қолданылатын озық технологиялар мен әдістер туралы біледі.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.