Мейірімді бол, қайырымдылық жаса деген сөздер біздің қолданысымыздан түсіп қалған сияқты. Ата – немересіне, әке – баласына ақша табудың жолын ғана үйретіп жатқан тәрізді. Абай атамыз айтқан қанағат пен рақымды ұмыттық. Байлыққа сонша құнығып, миллионер, миллиардер атануға асықтық. Айналаңа көмектесу, еліңнің ертеңіне қолғабыс болу деген сияқты адамдықтың ақ жолынан бұлтарып кеттік. Қазақтың осындай мәселесін шешетін марқасқа азаматтар қайда? Сол азаматтарымыздың Отан, ана, ел, жар алдындағы борышы қайда? Абайды оқыттық дегенмен, оның асыл сөздерін түсінбейтін қазақтар бар. Осындай қоғамда өлеңге деген орын өте азғантай ғана қалды. Қазір әр бұтаның түбінде шырылдап қалған бозторғай сияқты санаулы ғана ақын мен оған құлақ асатын санаулы ғана оқырман бар. Кітап – тәрбие мен сананың бастауы. Оқымаған адамның топастығы мен сезіксіздігі бетінде тұрады. Сондайлардың басшы орында отыруы – елдің соры.
Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА,
ақын.