«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨНЕР ӨЛКЕСІНДЕ ӨЗІНДІК ҮНІ БАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақтың әні мен күйі – хал­қы­мыздың көне заманнан бері қалыптасқан асыл қазынасы. Ата-бабамыздан бүгінге жеткен сол асыл қазынаны, рухани мұ­раны дәріптеуге “Алтын домбы­ра” қазақ ұлт аспаптар ансамблі зор үлес қосуда.

Белгілі ақын Қадыр Мырза Әлі “Нағыз қазақ – қазақ емес, на­ғыз қазақ – домбыра” деп жыры­на арқау еткендей, ұлттық аспап­ты ардақтап, сайын дала төсін сазға бөлеген “Алтын домбыра” ансамблі – өңірдің айтулы ұжым­дарының бірі. Бүгінде Ғабит Мү­сірепов атындағы ауданның ғана емес, облыстың намысын абы­роймен қорғап жүрген аталмыш ұжым халық әндері мен күйлерін кеңінен насихаттауда.

Ансамбль 2008 жылы құ­рылған болатын. Оның негізін қа­лаған – Гүлжаз Құлманова. Ға­бит Мүсірепов атындағы аудан­дық Мәдениет үйінің негізінде халқымыздың төл өнерін дәріп­теп, ұлттық музыкаға, салт-дәстүр­ге деген сүйіспеншілікті арт­ты­ру мақсатында құрылған бұл ұжым­ның қатары көпте­ген өнерпазбен толыққанын атап өт­кен жөн. Репертуар қоржынын­дағы “Көзіңнің мөлдірін-ай”, “Беу айдай”, “Сәулем, сәулем”, “Дей сал­дым”, “Сары бидай”, “Той ба­зар” халық әндері мен “Туған жер”, “Келінжан”, “Әгугай хал­қым” сынды тамаша туынды­лар­ды түрлі аспаптардың сүйемелдеуі­мен тамылжыта шырқайтын өнерпаздар өзге де композитор­лардың шығармаларын керемет орындайды.

– Ансамбльді құру идеясы адамдарға халық музыкасына деген қажет­тіліктен туындады. Музыкалық тәрбие үрдісінде ха­лық әндерін орындауда ұлттық аспаптардың сүйемелдеуіне ерекше көңіл бө­лінді. Біз өз өне­рімізбен көрер­мен көзайымына айналып қана қоймай, өнер­сүйер қауымға ру­ха­ни ләззат сый­лауды басты мақ­сат тұттық. Ансамбль мүшелері домбыра, қобыз, асатаяқ, тұяқ­тас, тоқыл­дақ, дауылпаз, сыр­найда ойнай­ды. Өнерпаздардың барлығы кә­сіби білімді маман­дар, – дейді ансамбльдің көркем­дік жетекшісі Гүлжаз Карлқызы. Ол өнер ұжымын басқарып қана қоймай, өзі де домбыра шертеді. “Қыздар-ай”, “Інжу”, “Бал­дырған” сынды балалар хорына да жетекшілік ететін Гүлжаз Құл­манова – бес-аспап маман.

Өнер десе ішер асын жерге қоятын ол ұжымның қалыпта­суына, қазақтың төл өнері арқы­лы ұлттық құндылықтарымыз­дың дамуына еңбек сіңіруде. Бі­лімді де білікті жетекшінің арқа­сында ансамбль облыс көле­мінде ұйымдастырылған мәдени шараларға белсене қатысады. Жеткен жетістіктері де аз емес. Түрлі аудандық, облыстық, ай­мақтық, халықаралық байқау­лардан қоржындары бос қайт­паған. 2021 жылы халықтық ата­ғын абыроймен қорғады.

– Ән мен күй болмаса көңілді мұң басады. Сондықтан халыққа ән мен күй қай кезде де керек. Халқымызда көптеген тамаша туындылар бар. Естір құлақ бол­са, рухани құндылықтарымызды жас ұрпақтың санасына сіңіре бе­руге тиіспіз. Біз өз өнерімізді да­мытып, ән мен күйдің қалпын бұз­бай келер ұрпаққа табыс­тауы­мыз керек, – дейді Гүлжаз Құл­манова.

Ансамбльдің Жанбо­лат Батырбаев, Амангелді Дәріп­хан, Лейла Божатова, Наталья Син­дякина, Кирилл Ташлыков, Бәтима Жантасова, Жұлдызай Омарбекова сынды белді мүше­лері бар.

Өнер өлкесінде өзіндік орны мен үні қалыптасқан шығармашылық құрамдағы әр өнерпаз өзінің жұмысына жауапкершілікпен қарайды. Бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай ақсүйек өнерге адал қызмет етуді парыз санаған ансамбль мүшелерінің орындаушылық шеберлігіне де шек жоқ.

Кезінде ұлы ойшыл Абай Құнанбаев “Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй” деп жы­рына арқау еткендей, ән мен күй арқылы ұлтымыздың дәстүрлі мә­дениетін, салт-санасын паш етуді мирас еткен осындай ұжым­ды қалайша мақтаныш ет­пейсің. Дүлдүлдердің дүбірі қал­ған көк белді ән мен жырға бө­леген “Алтын домбыраның” ба­ғындырар белесі мен шығар биігі бұдан да зор болмақ.

Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp