Қазақтың әні мен күйі – халқымыздың көне заманнан бері қалыптасқан асыл қазынасы. Ата-бабамыздан бүгінге жеткен сол асыл қазынаны, рухани мұраны дәріптеуге “Алтын домбыра” қазақ ұлт аспаптар ансамблі зор үлес қосуда.
Белгілі ақын Қадыр Мырза Әлі “Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра” деп жырына арқау еткендей, ұлттық аспапты ардақтап, сайын дала төсін сазға бөлеген “Алтын домбыра” ансамблі – өңірдің айтулы ұжымдарының бірі. Бүгінде Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның ғана емес, облыстың намысын абыроймен қорғап жүрген аталмыш ұжым халық әндері мен күйлерін кеңінен насихаттауда.
Ансамбль 2008 жылы құрылған болатын. Оның негізін қалаған – Гүлжаз Құлманова. Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық Мәдениет үйінің негізінде халқымыздың төл өнерін дәріптеп, ұлттық музыкаға, салт-дәстүрге деген сүйіспеншілікті арттыру мақсатында құрылған бұл ұжымның қатары көптеген өнерпазбен толыққанын атап өткен жөн. Репертуар қоржынындағы “Көзіңнің мөлдірін-ай”, “Беу айдай”, “Сәулем, сәулем”, “Дей салдым”, “Сары бидай”, “Той базар” халық әндері мен “Туған жер”, “Келінжан”, “Әгугай халқым” сынды тамаша туындыларды түрлі аспаптардың сүйемелдеуімен тамылжыта шырқайтын өнерпаздар өзге де композиторлардың шығармаларын керемет орындайды.
– Ансамбльді құру идеясы адамдарға халық музыкасына деген қажеттіліктен туындады. Музыкалық тәрбие үрдісінде халық әндерін орындауда ұлттық аспаптардың сүйемелдеуіне ерекше көңіл бөлінді. Біз өз өнерімізбен көрермен көзайымына айналып қана қоймай, өнерсүйер қауымға рухани ләззат сыйлауды басты мақсат тұттық. Ансамбль мүшелері домбыра, қобыз, асатаяқ, тұяқтас, тоқылдақ, дауылпаз, сырнайда ойнайды. Өнерпаздардың барлығы кәсіби білімді мамандар, – дейді ансамбльдің көркемдік жетекшісі Гүлжаз Карлқызы. Ол өнер ұжымын басқарып қана қоймай, өзі де домбыра шертеді. “Қыздар-ай”, “Інжу”, “Балдырған” сынды балалар хорына да жетекшілік ететін Гүлжаз Құлманова – бес-аспап маман.
Өнер десе ішер асын жерге қоятын ол ұжымның қалыптасуына, қазақтың төл өнері арқылы ұлттық құндылықтарымыздың дамуына еңбек сіңіруде. Білімді де білікті жетекшінің арқасында ансамбль облыс көлемінде ұйымдастырылған мәдени шараларға белсене қатысады. Жеткен жетістіктері де аз емес. Түрлі аудандық, облыстық, аймақтық, халықаралық байқаулардан қоржындары бос қайтпаған. 2021 жылы халықтық атағын абыроймен қорғады.
– Ән мен күй болмаса көңілді мұң басады. Сондықтан халыққа ән мен күй қай кезде де керек. Халқымызда көптеген тамаша туындылар бар. Естір құлақ болса, рухани құндылықтарымызды жас ұрпақтың санасына сіңіре беруге тиіспіз. Біз өз өнерімізді дамытып, ән мен күйдің қалпын бұзбай келер ұрпаққа табыстауымыз керек, – дейді Гүлжаз Құлманова.
Ансамбльдің Жанболат Батырбаев, Амангелді Дәріпхан, Лейла Божатова, Наталья Синдякина, Кирилл Ташлыков, Бәтима Жантасова, Жұлдызай Омарбекова сынды белді мүшелері бар.
Өнер өлкесінде өзіндік орны мен үні қалыптасқан шығармашылық құрамдағы әр өнерпаз өзінің жұмысына жауапкершілікпен қарайды. Бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай ақсүйек өнерге адал қызмет етуді парыз санаған ансамбль мүшелерінің орындаушылық шеберлігіне де шек жоқ.
Кезінде ұлы ойшыл Абай Құнанбаев “Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй” деп жырына арқау еткендей, ән мен күй арқылы ұлтымыздың дәстүрлі мәдениетін, салт-санасын паш етуді мирас еткен осындай ұжымды қалайша мақтаныш етпейсің. Дүлдүлдердің дүбірі қалған көк белді ән мен жырға бөлеген “Алтын домбыраның” бағындырар белесі мен шығар биігі бұдан да зор болмақ.
Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.