Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің 2025-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы қаралды. Сонымен қатар “2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы”, “2025-2027 жылдарға арналған Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы” Заң жобалары мақұлданды.
Жаңа заң жобасы қолдау тапты
Аталған мəселелер бойынша Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, Қаржы министрі Мəди Такиев баяндама жасады.
Үкімет басшысы республикалық бюджеттің параметрлерін айқындау кезінде ең басты міндет мемлекеттік қаржының теңгерімділігін қалпына келтіру екенін атап өтті. Үкіметтің алдағы уақыттағы іс-қимылы міндеттемелерді, активтерді жəне тұтастай алғанда мемлекеттің барлық ақша ағынын шоғырландырумен байланысты болады. “Үкімет ұлттық экономиканың сапалы əрі серпінді дамуы үшін келісілген салық-бюджет, ақша-кредит жəне салалық саясатты жүргізу жөніндегі жұмысты жалғастырады. Ұсынылып отырған республикалық бюджет жобасы мемлекеттің барлық əлеуметтік міндеттемесін толық жəне уақтылы орындауға бағытталған. Біздің алдымызда бюджет қаражатын барынша тиімді пайдалану міндеті тұр”, – деді Олжас Бектенов. Отырысқа қатысушыларға айтылған тəсілдерді мақұлдап, дауыс беруді ұсынды. Заң жобалары бірауыздан қолдау тапты. Ұлттық экономика, Қаржы министрліктеріне Үкімет аппаратымен бірлесіп заң жобалары мен Əлеуметтік-экономикалық даму болжамын Парламентке енгізуді қамтамасыз ету тапсырылды.
АЭС-ке қатысты қаулы қабылданды
Үкімет отырысында ғалымдардың қатысуымен еліміздегі атом энергетикасын дамыту келешегі қаралды. Мəселені талқылау қорытындысында Энергетика министрі Алмасадам Сəтқалиев “Республикалық референдум өткізу туралы” Президент Жарлығының жобасы туралы” Үкімет қаулысының жобасын қарауға енгізуге ұсыныс жасады. “Референдум өткізу атом энергетикасын дамыту жəне еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде салмақты шешім қабылдауға көмектеседі. Бүгін біз тарихи оқиға қарсаңында тұрмыз. Біз, қазақстандықтар, елімізде тұрақты, экологиялық таза жəне үнемді электр қуатының болуы үшін маңызды шешім қабылдауымыз керек. Бұл – болашағымызды айқындайтын шешім”, – деген Алмасадам Сəтқалиев атом энергетикасы туралы халықаралық ұйымдардың шешіміне тоқталды. “Алғаш рет Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі жөніндегі Негіздемелік конвенциясының 28-конференциясында көміртегі бейтараптығына қол жеткізудегі атом энергетикасының рөлі атап өтілді. Конференция қорытындысында 2050 жылға қарай атом энергиясын пайдалануды үш есе арттыру туралы Халықаралық декларацияға қол қойылды. Атом энергетикасын дамытуға барлық қажетті жағдай бар екенін атап өткен жөн. Қазақстан өндірілетін табиғи уран көлемінен əлемде бірінші орында жəне іс жүзінде толық ядролық-отын цикліне ие. Қазір біз халықаралық серіктестермен (АҚШ, Қытай, Франция жəне Ресей) бірлесіп, уранды конверсиялау жəне байыту кезеңдерін дамыту бойынша жұмыс істеп жатырмыз”, – деді министр.
“Ядролық физика институты” ШЖҚ РМК бас директоры Саябек Сахиев елімізде атом электр стансасы салынған жағдайда маман мəселесі туындай қоймайтынын айтты. “Қазақстан атом энергетикасын дамыту үшін қажетті кадрлық əлеует пен ғылыми-зерттеу базасына ие. Бізде бұл үшін барлық мүмкіндік жеткілікті. Саладағы ғылыми-өндірістік ұйым елімізде 67 жыл бойы жұмыс істеп келе жатыр. Сондай-ақ қазір институт – іргелі зерттеулерден бастап өнім өндіруге дейін толық ғылыми-зерттеу жəне тəжірибелік-конструкторлық жұмыстар циклін жүзеге асыратын жалғыз ғылыми ұйым”, – деді Саябек Сахиев.
Айтуынша, еліміз қазірдің өзінде Франция, Германия, Ресей, Түркия жəне Қырғызстан секілді 5 елге радиоизотоптар экспорттайды. “Сонымен қатар Қырғызстанға онкологиялық ауруларды диагностикалау жəне жүрек-қан тамыры жүйесін емдеуге арналған радиофармпрепарат МАГАТЭ қаражаты есебінен жеткізіледі. Бұл шетелдік əріптестермен тəжірибе жəне білім алмасу бойынша тығыз ынтымақтастықтың нəтижесінде мүмкін болды. Атап айтқанда, жұмыс 30-дан астам шетелдік серіктеспен, соның ішінде ЦЕРН, Лауэ-Ланжевен институты сияқты жетекші халықаралық ғылыми ұйымдармен жəне əлемнің ірі университеттерімен, соның ішінде əлемнің жоғары оқу орындарының рейтингінде 1-орын алатын Массачусетс технологиялық институтымен, еуропалық университеттер арасында 4-орында тұрған Карлсруэ технологиялық институтымен жүргізіліп жатыр”, – деді бас директор.
“Қазақстандық атом электр стансалары” АҚ бас директоры Тимур Жантикин АЭС салу бойынша жұмыстарды ұйымдастыру қандай кезеңде екенін айтты. “Қазақстанда АЭС салу мəселесі тоқсаныншы жылдардан бастап қаралды. Қазір энергия тапшылығы мен жұмыс істеп тұрған қуаттардың тозуының артуы жағдайында бұл мəселе қайтадан өзекті болды. Сондай-ақ атом электр стансалары əлемдегі ең қауіпсіз əрі ең сенімді энергия көздеріне жататынын атап өткен жөн. Жүргізілген зерттеулер нəтижесінде мамандар АЭС үшін қажетті қуат 2,8 ГВт-қа дейін екенін анықтады. Салу үшін Алматы облысының Үлкен ауылы таңдалды, сондай-ақ АЭС үшін технологияларды анықтады. III жəне III+ буындарының су-су реакторлары ең қолайлы деп таңдалады”, – деді Тимур Жантикин.
Оның айтуынша Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея, Франция жəне АҚШ-тағы 6 компаниядан 13 АЭС жобасы қарауға ұсынылған. МАГАТЭ-ның əлемдік тəжірибесі мен ұсынымдары негізінде қазақстандық тарап өзіндік бағалау жүйесін əзірлеген. Кейіннен оны əйгілі француз инженерлік компаниясы “Assystem” мақұлдапты. “Референдум қорытындысы бойынша оң шешім қабылданған жағдайда атом технологиясының нақты жеткізушісін таңдау жəне жобаның ТЭН-ін бірлесіп əзірлеу келесі маңызды міндет болады. Объективті шындық – Қазақстанның болашағы атом энергетикасымен тығыз байланысты”, – деді бас директор.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов елде атом энергетикасын дамыту мəселесі көптен бері көтеріліп келе жатқанын жəне бұл саланың келешегі зор екенін айтты. “Бүгінде елімізде ядролық отын өндірісі толықтай дерлік игерілген, шағын реакторларды пайдалану тəжірибесі жинақталды. Бұл бағытта мамандар мен ғалымдарымыз да бар. Кадр даярлауға да көңіл бөлініп келеді. Сондықтан атом энергетикасын дамытудың келесі кезеңіне көшу дұрыс қадам болып отыр. Бұл, əсіресе, еліміздің энергетикалық инфрақұрылымына жүктеме артуының маңызы айрықша”, – деді Үкімет басшысы.
Премьер-министр еліміз бүгіннің өзінде энергетикалық қуат тапшылығын тартып отырғанын атап өтті. Егер мəселені осы бастан шешпесе, онда экономиканың əрі қарай өсуіне қажетті электр энергиясын үлкен көлемде сатып алуға тура келетініне тоқталды. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің мəліметінше, бүгінде əлемнің 31 елінде 415 ядролық энергоблок жұмыс істейді. Қазіргі уақытта 15 мемлекетте, соның ішінде Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания мен Түркияда жаңадан 61 атом стансасының құрылысы жүргізіліп жатыр. Өйткені жаһандық күн тəртібінде көміртегі бейтараптығы мəселесі тұр. Осы тұрғыдан алғанда да аталған мəселенің маңызы арта береді. Бұл ретте жаңартылатын қуат көздері тұрақты энергиямен қамтамасыз ете алмайды. Елімізде су электр стансаларының əлеуеті шектеулі. Өйткені энергия өндіру үшін талапқа сай келетін өзендер жоқтың қасы. Бүгінде елімізде ЖЭО-ның кейбірін газға ауыстырып, жаңа бугаз қондырғыларын салып жатырмыз. Алайда экономиканың дамуы мен халық санының өсуін ескерсек, келешекте ол да электр энергиясының тапшылығын жабуға жеткіліксіз. Сондықтан атом энергетикасын дамыту – біз үшін болашағы өте зор бағыт”, – деді Үкімет басшысы.
(“Egemen Qazaqstan”,
28 тамыз 2024 жыл).