«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЭС ОТАНДЫҚ ӨНЕРКӘСІПТІҢ ДАМУЫНА СЕРПІН БЕРЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің 2025-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы қаралды. Сонымен қатар “2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы”, “2025-2027 жылдарға арналған Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы” Заң жобалары мақұлданды.

Жаңа заң жобасы қолдау тапты

Аталған мəселелер бойын­ша Премьер-министрдің орын­басары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, Қаржы министрі Мəди Такиев баяндама жа­сады.

Үкімет басшысы республи­калық бюджеттің параметр­лерін айқындау кезінде ең бас­ты міндет мемлекеттік қаржы­ның теңгерімділігін қалпына келтіру екенін атап өтті. Үкімет­тің алдағы уақыттағы іс-қимылы міндеттемелерді, актив­терді жəне тұтастай алғанда мемле­кеттің барлық ақша ағы­нын шо­ғырландырумен байла­нысты болады. “Үкімет ұлттық эконо­миканың сапалы əрі сер­пінді дамуы үшін келісілген салық-бюджет, ақша-кредит жəне са­лалық саясатты жүргізу жөніндегі жұмысты жалғасты­рады. Ұсынылып отырған рес­публи­калық бюджет жобасы мемле­кеттің барлық əлеуметтік мін­дет­темесін толық жəне уақ­ты­лы орындауға бағыттал­ған. Біздің алдымызда бюджет қа­ра­жа­тын барынша тиімді пай­далану міндеті тұр”, – деді Ол­жас Бек­тенов. Отырысқа қа­тысушыларға айтылған тəсіл­дерді мақұлдап, дауыс беруді ұсынды. Заң жобалары бір­ауыз­дан қолдау тапты. Ұлттық экономика, Қаржы министрлік­теріне Үкімет аппаратымен бірлесіп заң жо­балары мен Əлеуметтік-эко­номикалық даму болжамын Парламентке енгізуді қамтама­сыз ету тапсы­рылды.

АЭС-ке қатысты қаулы қабылданды

Үкімет отырысында ғалым­дардың қатысуымен еліміздегі атом энергетикасын дамыту келешегі қаралды. Мəселені талқылау қорытындысында Энергетика министрі Алмаса­дам Сəтқалиев “Республика­лық референдум өткізу тура­лы” Президент Жарлығының жо­басы туралы” Үкімет қаулы­сы­ның жобасын қарауға енгі­зуге ұсыныс жасады. “Рефе­рен­дум өткізу атом энергетика­сын дамыту жəне еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қам­тамасыз ету жөнінде салмақты шешім қабылдауға көмекте­седі. Бүгін біз тарихи оқиға қар­саңында тұрмыз. Біз, қазақ­стан­дықтар, елімізде тұрақты, экологиялық таза жəне үнемді электр қуатының болуы үшін маңызды шешім қабылдауы­мыз керек. Бұл – болашағы­мыз­ды айқындайтын шешім”, – деген Алмасадам Сəтқалиев атом энергетикасы туралы халықаралық ұйымдардың шешіміне тоқталды. “Алғаш рет Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі жөніндегі Негіздемелік конвенциясының 28-конференциясында көмір­те­гі бейтараптығына қол жеткізудегі атом энергетикасының рөлі атап өтілді. Конференция қорытындысында 2050 жылға қарай атом энергиясын пайда­лануды үш есе арттыру туралы Халықаралық декларацияға қол қойылды. Атом энерге­ти­касын дамытуға барлық қажет­ті жағдай бар екенін атап өткен жөн. Қазақстан өндірілетін та­биғи уран көлемінен əлемде бірінші орында жəне іс жүзінде толық ядролық-отын цикліне ие. Қазір біз халықаралық серіктестермен (АҚШ, Қытай, Франция жəне Ресей) бірлесіп, уранды конверсиялау жəне байыту кезеңдерін дамыту бойынша жұмыс істеп жатыр­мыз”, – деді министр.

“Ядролық физика институ­ты” ШЖҚ РМК бас директоры Саябек Сахиев елімізде атом электр стансасы салынған жағ­дайда маман мəселесі туын­дай қоймайтынын айтты. “Қазақстан атом энергетикасын дамыту үшін қажетті кадрлық əлеует пен ғылыми-зерттеу ба­засына ие. Бізде бұл үшін бар­лық мүмкіндік жеткілікті. Сала­дағы ғылыми-өндірістік ұйым елімізде 67 жыл бойы жұмыс істеп келе жатыр. Сондай-ақ қазір институт – іргелі зерттеу­лерден бастап өнім өндіруге дейін толық ғылыми-зерттеу жəне тəжірибелік-конструктор­лық жұмыстар циклін жүзе­ге асыратын жал­ғыз ғылыми ұйым”, – деді Сая­бек Сахиев.

Айтуынша, еліміз қазірдің өзінде Франция, Германия, Ре­сей, Түркия жəне Қырғызстан секілді 5 елге радиоизотоптар экспорттайды. “Сонымен қатар Қырғызстанға онкологиялық ау­руларды диагностикалау жəне жүрек-қан тамыры жүйесін ем­деуге арналған радио­фармпре­парат МАГАТЭ қара­жа­ты есебінен жеткізіледі. Бұл шетелдік əріптестермен тəжі­ри­бе жəне білім алмасу бойын­ша тығыз ынтымақтастықтың нəтижесінде мүмкін болды. Атап айтқанда, жұмыс 30-дан астам шетелдік серіктеспен, соның ішінде ЦЕРН, Лауэ-Ланжевен институты сияқты жетекші халықаралық ғылыми ұйымдармен жəне əлемнің ірі университеттерімен, соның ішінде əлемнің жоғары оқу орындарының рейтингінде 1-орын алатын Массачусетс тех­нологиялық институтымен, еу­ропалық университеттер ара­сында 4-орында тұрған Карлсруэ технологиялық инс­титутымен жүргізіліп жатыр”, – деді бас директор.

“Қазақстандық атом электр стансалары” АҚ бас директоры Тимур Жантикин АЭС салу бойынша жұмыстарды ұйым­дастыру қандай кезеңде екенін айтты. “Қазақстанда АЭС салу мəселесі тоқсаныншы жылдар­дан бастап қаралды. Қазір энергия тапшылығы мен жұ­мыс істеп тұрған қуаттардың тозуының артуы жағдайында бұл мəселе қайтадан өзекті бол­ды. Сондай-ақ атом электр стансалары əлемдегі ең қауіпсіз əрі ең сенімді энергия көзде­ріне жататынын атап өткен жөн. Жүргізілген зерттеулер нə­тижесінде мамандар АЭС үшін қажетті қуат 2,8 ГВт-қа дейін екенін анықтады. Салу үшін Алматы облысының Үлкен ауы­лы таңдалды, сондай-ақ АЭС үшін технологияларды анық­тады. III жəне III+ буындарының су-су реакторлары ең қолайлы деп таңдалады”, – деді Тимур Жантикин.

Оның айтуынша Ресей, Қы­тай, Оңтүстік Корея, Франция жəне АҚШ-тағы 6 компаниядан 13 АЭС жобасы қарауға ұсынылған. МАГАТЭ-ның əлемдік тəжірибесі мен ұсынымдары негізінде қазақстандық тарап өзіндік бағалау жүйесін əзірлеген. Кейіннен оны əйгілі француз инженерлік компа­ниясы “Assystem” мақұлдапты. “Референдум қорытындысы бойынша оң шешім қабылдан­ған жағдайда атом техноло­гиясының нақты жеткізушісін таңдау жəне жобаның ТЭН-ін бірлесіп əзірлеу келесі маңыз­ды міндет болады. Объективті шындық – Қазақстанның бола­шағы атом энергетикасымен тығыз байланысты”, – деді бас директор.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов елде атом энергетикасын дамыту мəселесі көптен бері көтеріліп келе жатқанын жəне бұл саланың келешегі зор екенін айтты. “Бүгінде елімізде ядролық отын өндірісі толық­тай дерлік игерілген, шағын реак­торларды пайдалану тəжі­рибесі жинақталды. Бұл ба­ғытта мамандар мен ғалымда­рымыз да бар. Кадр даярлауға да көңіл бөлініп келеді. Сон­дықтан атом энергетикасын дамытудың ке­лесі кезеңіне кө­шу дұрыс қадам болып отыр. Бұл, əсіресе, елі­міздің энергети­калық инфра­құрылымына жүктеме артуы­ның маңызы айрықша”, – деді Үкімет бас­шысы.

Премьер-министр еліміз бү­гіннің өзінде энергетикалық қуат тапшылығын тартып отыр­ғанын атап өтті. Егер мəселені осы бастан шешпесе, онда экономиканың əрі қарай өсуіне қажетті электр энергиясын үлкен көлемде сатып алуға тура келетініне тоқталды. Атом энергиясы жөніндегі халық­аралық агенттіктің мəліметін­ше, бүгінде əлемнің 31 елінде 415 ядролық энергоблок жұмыс істейді. Қазіргі уақытта 15 мем­лекетте, соның ішінде Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания мен Түркияда жаңадан 61 атом стансасының құрылысы жүргізіліп жатыр. Өйткені жаһандық күн тəр­тібінде көміртегі бейтараптығы мəселесі тұр. Осы тұрғыдан алғанда да аталған мəселенің маңызы арта береді. Бұл ретте жаңартылатын қуат көздері тұрақты энергиямен қамтама­сыз ете алмайды. Елімізде су электр стансаларының əлеуеті шектеулі. Өйткені энергия өн­діру үшін талапқа сай келетін өзендер жоқтың қасы. Бүгінде елімізде ЖЭО-ның кейбірін газға ауыстырып, жаңа бугаз қондырғыларын салып жатыр­мыз. Алайда экономиканың дамуы мен халық санының өсуін ескерсек, келешекте ол да электр энергиясының тапшы­лығын жабуға жеткіліксіз. Сондықтан атом энергетикасын да­мыту – біз үшін болашағы өте зор бағыт”, – деді Үкімет басшысы.

(“Egemen Qazaqstan”,

28 тамыз 2024 жыл).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp