«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ДЕНСАУЛЫҚТАН АСҚАН БАЙЛЫҚ ЖОҚ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Адамның өмірі үшін күресетін дәрігерлердің еңбегі ерен. Бұл мамандық қате­лесуді кешірмейді, медицина қызметкерлерінен батылдық, кәсіпке деген адалдық және сыр­қаттарға деген жанашырлық талап етіледі. Петропавлдағы көпбейінді облыстық аурухана – өңірдегі ең ірі емдеу мекемесі. “Tıkelei bailanys” айдарының қона­ғы – об­лыс­тық аурухананың бас директоры Сәкен Әмрин оқырмандардың сауалдары­на жауап беріп, медициналық орталықтың қазіргі тыныс-тіршілігі жайында айтып берді.

Ислам ХАМИТОВ,

Петропавл қаласының

тұрғыны:

– Мені өлкетану ісі, ескі ғи­мараттардың тарихы қызық­тырады. Петропавлда алғаш­қы емдеу мекемесінің негізі 1824 жылы қаланған деген ақ­парат кездеседі. Мұның об­лыс­тық ауруханаға қатысы бар ма?

– Өңіріміздің денсаулық сақ­тау саласын қазіргі көпбейінді об­лыстық аурухана ғимаратының тарихымен байланыстыруға әб­ден болады. 1752 жылы әулие Петр бекінісі салынғаннан бас­тап тұрғындарға медициналық кө­мек көрсетіле бастаған, кейін 1824 жылы алғашқы типтік лаза­рет ашылды. Ал облыстық ауру­ха­наның тарихы 1930 жылы 1 қыр­күйекте ашылған Петропавл физиотерапиялық ауруханасы­нан басталады, ол екі жылдан кейін физикалық емдеу институ­тына, ал 1941 жылы қаңтарда қайтадан физиотерапиялық ау­руханаға айналды. Алты айдан кейін 1941 жылы 9 шілдеде оның негізінде 2446 эвакогоспи­таль құрылды. 1944 жылы эвако­госпиталь Қырымға көшіріл­ген­нен кейін Петропавлдағы фи­зиотерапиялық аурухана 100 орындық болып қайта құрылды. Ал 1950 жылы 29 сәуірде нев­рологиялық, терапевтік, онколо­гиялық, сүйек-буын туберкулезі бөлімшелері бар 100 орындық Солтүстік Қазақстан облыстық ау­руханасы болып ашылды. Сол кезде емдеу мекемесінде сегіз дәрігер жұмыс істеді. Бүгінгі таң­да көпбейінді облыстық ауру­хана – халықаралық стандарт­тарға сәйкес келетін, медицина­лық қызметтердің кең спектрін көрсететін өңірдегі ірі денсаулық сақтау ұйымы.

Гүлмайра ҚАСЕНҚЫЗЫ,

Уәлиханов ауданының

тұрғыны.

– Облыстық көпбейінді ау­руханаға биыл қандай жаңа­шылдықтар енгізілді?

– Көпбейінді облыстық ауру­ха­на құрамына бірнеше медици­налық орталықтың кіргені белгі­лі. Олардың әрқайсысы емдеу тә­сіл­дерін жетілдіріп, жұмысына жаңа технологияны енгізіп жа­тыр. Мысалы, кардиологиялық орталық 2023-2024 жылдары Ир­ландияның тәжірибесімен Tavi трансторакальды қолқа қақпақ­шаларын имплантациялауды, дәрілік жабыны бар баллондар­ды қолдана отырып коронароан­гиографиялар жүргізуді, С-доғасының жаңа жабдығын қолдана отырып жедел ота жасауды және өкпе веналарының сағасын крио­изоляциялауды енгізді. Ал перинаталдық орталықта амнио­центез әдісімен генетикалық дең­гейде ұрықтың туа біткен пато­логиясын диагностикалау техно­логиясы қолға алынды. Бұдан бө­лек, ауыр дәрежелі преэкламп­сиямен ауыратын жүкті әйел­дерде ұрық тамырларының доп­лерометрия әдісі енгізілді. Жаңа туған нәрестеге антибиотиктерді ұтымды пайдаланудың жергі­лікті хаттамасы бекітілді және ен­гізілді. Сондай-ақ перинаталдық орталықта метропластика опе­рациясы жасалады, бұл бола­шақта жүкті әйелге табиғи бо­сану жолдары арқылы босануға мүмкіндік береді, ал жаңа туған нәрестелерді реанимациялау бөлімінде жаңа туған нәрес­те­лерде өкпе гипертензиясын азот оксидімен емдеу әдісі енгізілді.

Ал біздің көпбейінді облыс­тық ауруханада ми тамырлары­ның аневризмалары, ми тамырларының стеноздары ке­зінде ауыспалы ағынды стендтерді орнату қолға алынды. Ла­пароскопиялық пектопек­сиялар, аспирациялық катетер­лері мен Penubra сорғысын қолдана отырып, жедел ишемиялық инсульт кезінде тромбоаспи­рация, мұрыннан қан кету кезін­де сыртқы ұйқы артериялары­ның эмболизациясы, сондай-ақ геморроидальды артериялар­дың, қалқанша безі артерия­ларының эмболизациясы жаса­лады.

Мәрзия СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ,

Петропавл қаласының

тұрғыны.

– Менің буындарым ауыра­ды. Қазіргі кезде өзім емделіп жатқан қалалық ауруханаға, он­дағы мамандар жүргізген ем-шараларға көңілім тол­майды. Облыстық көпбейінді ауруханада ем алғым келеді. Ол үшін не істеуім қажет?

– Көпбейінді облыстық ауру­ханаға стационарлық емделуге жату үшін госпитализацияға көр­сетілім болуы керек. Жалпы нау­қас ауруханаға емдеуге жатқызу бюросының порталы арқылы тұр­ғылықты жері бойынша алғашқы медициналық-санитарлық көмек мекемесі берген жолдама бо­йын­ша жата алады. Шұғыл жағ­дайда ауруханаға тұрғылықты жері бойынша жатқызылады. Белгілі бір ауруханада ем қа­былдап жатқан науқасты екінші емдеу мекемесіне ауыстыру (сырқаттың денсаулығына төніп тұрған қатер болмаса) тәжіри­бесі қарастырылмаған.

Арайлым ҚАЛИЕВА,

Ақжар ауданының

тұрғыны.

– Ауруханада қанша бөлім­ше бар, жаңа бөлімшелер ашылды ма? Қай бөлімшеде сырқаттар көп ем алады? Жал­пы бір жылда қанша адамды емдейсіздер?

– Көпбейінді облыстық ауруха­нада 757 орынға арналған 30 кли­никалық бөлімше бар, онда бір жылда 30 мыңнан астам пациент емделеді. Көпсалалы орталық базасында гастроэнтерология­лық, эндокриндік, хирургиялық, нейрохирургиялық, гинекология­лық, пульмонологиялық, зең ау­рулары, дерматологиялық, уро­логиялық, отоларингологиялық, гематологиялық бөлімшелер, ин­сульт орталығы, созылмалы ге­модиализ бөлімшесі, оңалту және қалпына келтіру бөлімшесі және жүкті әйелдердің патоло­гиясы бөлімшесі жұмыс істейді. Орталықта 2023 жылы емделген науқастардың ең көп саны хи­рургия бөлімшесінде тіркелді, мұн­да 1270 сырқат ем алды және оториноларингологияда 1500 адам емделіп шықты.

Кардиология орталығының базасында ревматологиялық, I-ІІІ кардиологиялық, жүрек-қан тамырлары хирургиясы, оңалту және қалпына келтіру бөлімше­лері орналасқан. Жалпы 2023 жылы кардиологиялық бөлімде 3605 адам емделді.

Перинаталдық орталықта бо­санғаннан кейінгі бөлімше, пер­зентхана бөлімшесі, шала туған нәрестелер патологиясы және жүкті әйелдер пато­логиясы бөлімшесі жұмыс істей­ді. Былтыр мұнда 4212 адам түс­кен, пациенттердің көбі босану және босанғаннан кейінгі бөлімдерге жүгінді.

Онкологиялық орталықтың құ­рылымы – 5 клиникалық бөлім­ше: онкохирургиялық, торакал­ды, химиотерапиялық, радиоло­гиялық және гематологиялық бө­лімшелер. 2023 жылы 4552 он­кологиялық науқас емделген.

Ардақ ЖҰМАНАЗАР,

Петропавл қаласының

тұрғыны, зейнеткер.

– Мен екінші топтағы мүге­декпін. Жыл сайын дәрігердің жолдамасымен оңалтудан өтіп тұрамын. Оңалту шарала­рын қажет ететін науқастарға облыстық ауруханада қандай жағдайлар жасалған?

– Оңалту және қалпына келті­ру бөлімшесі екі емдеу мекеме­сінде – көпбейінді және кардио­логиялық орталықтарда жұмыс істейді. Бұл бөлімше қызметінің негізгі бағыты – жүйке жүйесі ау­руы бар науқастарды, нейрохи­рургиялық, кардиологиялық, кар­диохирургиялық пациенттерді оңалту. Бөлімшеде оңалту дәрі­гері, нейрохирург, кардиолог, невропатолог, емдік дене шы­нықтыру нұсқаушысы, логопед, психологтан тұратын мамандар тобы жұмыс істейді.

Бөлімше тұрғылықты жері бойынша емхананың жолдама­сымен пациенттерді міндетті әлеуметтік медициналық сақтан­дыру аясында қалпына келтіру және медициналық оңалтудың 2 және 3 кезеңін тегін өткізеді.

Оңалту курсы тек дәрі-дәр­мекпен емдеуді ғана емес, соны­мен қатар заманауи тренажер­ларда физиотерапиялық жатты­ғуларды да қамтиды. Бөлімде физиотерапияның барлық спект­рін – электросон, электрофорез, амплипульстерапия, диадина­мотерапия, дарсонвализация, магнитотерапия, ультрадыбыс­тық терапия, биоптронотерапия, лазерлік терапия, емдік массаж сияқты түрлерін алуға болады.

Жақсыбай БЕЙСЕНБАЕВ,

Мамлют ауданының

тұрғыны.

– 2020 жылы облыстық ау­ру­ханаға бірнеше медицина­лық ме­кемені, соның ішінде пе­ринатал­дық, кардиологиялық орталықты қосты. Шыны ке­рек, бұл жайттың науқастар үшін ыңғайсыздық ту­дырға­ны рас. Бұл тәжірибе қандай нәти­же берді?

– Медициналық ұйымдарды ірілендіру – бұл қазіргі заманғы ден­саулық сақтаудың әлемдік трен­ді. Яғни пациент “бір терезе” қағидаты бойынша қысқа уақыт ішінде жан-жақты көмек ала ала­ды. Өңір тұрғындарына медици­налық көмек көрсетудің қолже­тім­ділігін қамтамасыз ету және сапасын жақсарту мақсатында 2020 жылғы 27 ақпанда об­лыс­тық ауруханаға 3 ірі медицина­лық ұйымды – облыстық перина­талдық орталықты, облыстық он­кологиялық орталықты және об­лыстық кардиологиялық орта­лық­ты қосу жолымен қайта құр­ылды. Бірлестіктің орасан зор ар­тықшылығы – басқарушы ма­ман­дарға кететін шығын азайды, көпфункционалды міндеттерді шешу үшін бірыңғай қаржылық әлеует қалыптастырылып, ақпа­раттық жүйелерді интеграция­лау арқылы медициналық көмек көрсетуде қағазбастылықтан құ­тылуға, кадрлық және материалдық ресурстарды ұтымды пайда­лануға қол жеткізілді.

Марал АҚЫШҚЫЗЫ.

Тимирязев ауданының

тұрғыны.

– Өңірде дәрігер жетіспеу­шілігі мәселесін жою үшін көтермеақы бе­рілетінін білеміз. Бұл шара нә­тиже берді ме?

– Мәселе толық шешілген жоқ. Бүгінгі күні ауруханаға анес­тезиолог-реаниматолог, акушер-гинеколог, УДЗ дәрігері, эндоско­пист дәрігер, патоморфолог, он­колог қажет. Осы жылдың тамыз айының соңында резидентура аяқталғаннан кейін перинатал­дық және онкологиялық орталық­тарға жұмыс істеу үшін жас мамандар келеді деп жоспар­ланған.

Аурухана өз қаражатынан жас мамандарға материалдық қолдау көрсетеді. Олар ауруха­надан 1,5 млн. теңгеден 3 млн. теңгеге дейін көтерме жәрдем­ақы алады. Сондай-ақ “Дәрігер үйінен” тегін тұрғын үй беріледі немесе ай сайын жалға алған пә­тері үшін 50 мың теңге мөлше­рінде қосымша ақы төленеді. Мы­салы, 2022 жылы аурухана қара­жатынан жас мамандарға 43 миллион 500 мың теңге, ал 2023 жылы 26 миллион 750 мың теңге көтермеақы төленді.

Серік ҚУАНЫШБАЕВ,

Қызылжар ауданының

тұрғыны.

– Қазіргі уақытта өңірде қан­дай аурулар көп тарауда, оның себебі неде?

– Бүгінгі таңда өңірде кең та­раған аурулар арасында сүт безі қатерлі ісігі және өкпе қатерлі ісігі бірінші орында тұр. Халықтың өз денсаулығы үшін жауапкершілігі өте төмен. Аурухана тарапынан дертті ерте анықтау үшін түрлі скринингтер жүргізіледі, медици­налық диагностикалық және емдеу жабдықтары жаңартылып жатыр. Онкологиялық аурулар туралы хабардар ету үшін түрлі семинарлар, іс-шаралар және “ашық есік” күндері өткізіледі. Бір өкініштісі, тұрғындардың дені денсаулықтың зор байлық екенін түсінбейді. Ауырғанда ғана дәрі­герлер кабинетінің есігін қаға бас­тайды.

Көгершін ҚУАТҚЫЗЫ,

Шал ақын ауданының

тұрғыны:

– Коронавирус індеті қайта белең алуы мүмкін деген ақ­парды естіп жатырмыз. Көп­бейінді облыстық ауруханада осы дерттен ем алып жатқан сырқаттар қазіргі уақытта бар ма?

– Қазіргі уақытта коронавирус жұқтырып, ем алып жатқан сыр­қаттар жоқ. Қажет болған жағ­дайда біз бұл вирустық инфек­циямен күресуге әзірміз. Тәжіри­бе бар, қажетті құрал-жабдық жет­кілікті. Бұл қауіпті дерт екенін еске салғым келеді. Күздің ке­луіне санаулы күн қалды, яғни күннің суытуымен вирустық инфекциялар тарала бастай­ды. “Сақтансаң сақтайды” деп бе­кер айтылмаған, ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығатынын ұмытпайық!

Дайындаған

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp