Қалалық әкімдікке қарасты құрылымдар тарапынан заңды белден басқан келеңсіздіктерге шағым айтушылар қатары көбеймесе, азаятын түрі байқалмайды. Мәселен, “Коммунхоз” кәсіпорны 17 ұйыммен бас шаhарды абаттандыру, көшелерді қардан тазалау бойынша 1 млрд. теңгеге келісімшарт жасасып, берешектің аз ғана бөлігін төлеп, қалғанын қайтармай қойғаны, бастарын тауға да, тасқа да ұрған кәсіпкерлердің сергелдеңі екі жылға созылғаны әлі ұмытыла қойған жоқ. Жеке кәсіп иесі Амбарцум Искандарянға тиесілі 92 млн. теңгенің 10 млн. теңгесі, Александр Ушаковқа 43 млн. теңгенің 27 млн. теңгесі ғана қайтарылған. Тапсырыс берушіге қатысты бірнеше атқарушылық іс қозғалса да, есепшотта қаражат жоқтығынан (оның өзі күмәнді), толық есептесуге қауқарсыз болып шыққан. Коммуналдық мекеме мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы ретінде танылғанымен, “қарға қарқ етті, ірімшік жерге салп еттінің” кері. Осындай олқылықтарға қарамастан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің онымен тағы да келісімшартты ұзартуы еш түсініксіз. Өзім білемге салынғандардың салдарынан бизнес субьектілер құқығының аяққа тапталуы ескерілмей келеді. Қала қазынасынан қарастырылған 2,7 млрд. теңге субсидиядан өздеріне тиесілі үлесіне қол жеткізе алмаған жолаушылар тасымалымен айналысатын мердігер компаниялар да кімге шағынарын білмей, талай емен есік табалдырығын тоздырғаны бар.
Өкінішке қарай, сындарлы сыннан қорытынды жасап, алдағы уақытта қателіктерге жол бермеудің орнына амалын тапса, екі жеп, биге шығуға бейіл танытушылар әлі де ұшырасып қалады. Оған облыстық кәсіпкерлер палатасының отырысында талқыланған мәселе барысында көз жеткізілді. Әбден төзімі таусылып, жүйкесі сыр бере бастаған білем, “Техстрой-Темір” ЖШС-ның жетекшісі Қазыбек Темірхан күйзеле сөйлеп, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайластық іс-әрекеттерге тосқауыл қою жөніндегі кеңес мүшелерінен қалалық тұрғын үй-коммуналдығы шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінен жұмысшылардың маңдай тер, табан ақысын алып беруге ықпал көрсетуді өтінді.
Биылғы көктемгі су тасқынына байланысты Жамбыл ауданында орналасқан серіктестік жол жөндеу сияқты негізгі қызметінен босатылып, қалалықтарға көмектесуге жіберілген. Бұл міндет аудан әкімінің орынбасары Руслан Аюповтың тарапынан ресми түрде жүктелген. Межелі жерге жеткен соң аталмыш бөліммен жалпы мөлшері 100 тоннаға жетеғабыл қатты қалдық заттарын сыртқа шығару жөнінде мемлекеттік сатып алу мәмілесі жасалады. Қалдық заттың әр тоннасының бағасы 40 мың теңгеге келісіледі. Тапсырма тап-тұйнақтай атқарылып, қалалық әкімдікке көтеріңкі көңіл күймен жеткен кәсіпкердің қуанышы су сепкендей басылады. Ондағылар келісімшартта қателік кеткенін, оны қайтадан толтыруды, 4 млн. теңгенің келісімін 1,4 млн. теңгеге, әр тоннасын 14 мың теңгеге түсіруді ұсынады. Бұл емеурінді қасқырдың ырылдағаны жеймін дегеніндей ұққан ол “мүйіз сұраймын деп жүріп, сақалынан айырылыпты” дегеннің кебін кимеуді ойлап, дегенін орындатып үйренген бюрократтық шешімге амалсыз көнеді. Басын таудай етіп бастап, аяғын қылдай етіп бітірген.
Қазыбек Темірханның айтуынша, бірінші келісім осы бөлімнің қызметкері Қ.Бәженовпен жасалып, бөлім басшысының міндетін атқарушы А. Мәкенов қол қойған. Оған атқарылған жұмыстар туралы актіні рәсімдеуге кіргенде Бәженовтің қызметтен кеткенін, іс басқа маманға жүктелгенін жеткізген. Келісімшарттарды түзетіп, тастап кетуді ескерткен. Кейін қайта келгенінде бірінші келісімшарт жасалмағанын, осы себепті қаражат берілмейтінін естіп, айран-асыр болған.
Жиында берген түсініктемесінде А.Мәкенов бастапқыда ауданнан 4 ұйымды тарту көзделгенін айтты. “Кейін біреуі ғана қалдырылып, келісімшарт “Жамбыл су” ЖШС-мен жасалған. Қаражат соған төленеді. Мына кәсіпкерді бірінші рет көріп отырмын”, – деген сөзін кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Шыңғыс Жылқыбаев шыжғырып, бетіне басты.
“Мемлекеттік сатып алу мониторингіне талдау жасағанымызда келісімшарт “Техстрой-Темірмен” 10 мамыр, ал “Жамбыл сумен” 13 мамыр күні рәсімделген. Бөлім мамандары не істеген дейсіз ғой? Қ.Темірханнан келісімшартты қайта жасаймыз деген сылтаумен алдап алып, қос тараптық қол қою рәсімін терістеудің қитұрқы әрекетіне барған”, – деді Шыңғыс Жылқыбаев бұлтартпайтын нақты дәлелдерді алға тартып.
А.Мәкеновтің “Жамбыл суды” таңдауымызға аудан әкімінің орынбасары себепші болды деген пікірін жоққа шығарған Руслан Аюпов тасқын судың қиындықтарын еңсеруге аудан атынан Қ. Темірхан жетекшілік ететін кәсіпорын жіберілгенін, бұл жөнінде қалалық әкімдікпен алдын ала келісілгенін қадап айтты.
“Сіздің еш негіздемесіз сөздеріңізден алаяқтықтың болмаса кәсіпкерлік қызметке әдейі кедергі жасаудың әрекеті сезіледі. Мен кәсіпкерге біздің мекеме атына шағым жазуға кеңес беремін. Соған орай тиісті шешім шығаратын боламыз”, – деген облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі департамент басшысының бірінші орынбасары Айдос Жүнісовтің үні қаталдау естілді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”
БЕТ ҚАТТАЛЫП ЖАТҚАНДА: “Техстрой-Темір” ЖШС-ның директоры Қазыбек Темірханмен телефон арқылы сөйлесіп, мәселенің қалай шешім тапқаны жайлы сұрағанымызда облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментіне шағымданғаннан кейін ғана тиесілі соманы толық төледі деген көңіл көншітерлік жауап алдық.