Елімізде ауыл шаруашылығы санағы өтіп жатқаны белгілі. Қанатқақты жоба аясында еліміздің әр өңірінен екі ауылдан және бір қаладан – барлығы 54 елді мекен таңдап алынды. Өңір бойынша Петропавл қаласында “Жас өркен”, Жұмысшы кенті, Ет комбинаты шағынаудандарында, Қызылжар ауданында Бескөл, Айыртау ауданында Сырымбет ауылында өтеді.
Оның санақ тәсілдерін түзетуге, кадр даярлығын жақсартуға және 2025 жылғы негізгі санақ кезінде ауыл шаруашылығының жай-күйін дәлірек және толық көрсетуге әсері айтарлықтай.
Санақ сауалнамаларын өз бетінше толтыру 20 тамыздан 30 қыркүйекке дейін “sanaq.gov.kz” сайтында қолжетімді болады. Сондай-ақ үй шаруашылықтарына арнайы киінген (ақ қалпақ пен оның жеке басын куәландыратын бэйджы болады) және қолында планшеты бар интервьюерлер келеді. Респонденттер ауыл шаруашылығында айналысатын экономикалық қызмет түрі, инженерлік-техникалық коммуникациялардың, дербес энергия көздерінің, ауыл шаруашылығы инфрақұрылымының қолжетімділігі, еңбек ресурстарының, өндірістік жайлар мен имараттардың болуы, төрт түлік саны, жер учаскелері, органикалық өнім өндірісі туралы және тағы да басқа сұрақтарға жауап беруі қажет.
Санақ барысында 29 мың үй шаруашылығы мен 8 мың кәсіпкерлік субъектісі қамтылады деп жоспарланған. Ауыл шаруашылығы санағы бойынша кеңес алу үшін 1446 байланыс орталығына немесе телеграмдағы “statgovkz_bot” ботына хабарласуға болады.
Әлия АРҒЫМБАЕВА,
ұлттық статистика бюросы облыстық департаментінің баспасөз хатшысы.