Енді қазақстандықтарға мемлекеттік қызметті алу үшін ХҚКО-ға жүгінудің қажеті жоқ. Азаматтар халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерін үйге шақыруға мүмкіндік беретін жаңа сервисті пайдалана алады. Белгіленген уақытта маман көрсетілген мекенжай бойынша келіп, мемлекеттік қызметті көрсетеді.
ХҚКО-дан тыс жерде менеджерлер төлқұжат, жеке куәлік, жүргізуші куәлігін алу және көлік құралдарын тіркеу жөніндегі қызметтерді қоспағанда мемлекеттік қызмет түрінің кез келгенін көрсетеді. Қанатқақты жоба Қазақстанның барлық өңірлерінде іске қосылды. Сервисті пайдалану үшін Мемлекеттік корпорацияның ресми сайтында “жеке менеджерді үйге шақыру” батырмасын басып, қажетті мәліметтерді толтыру қажет. Сондай-ақ өтінімдерді 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы да беруге болады. “Азаматтарға арналған үкімет” мамандары мәліметтерді нақтылау мақсатында және менеджердің келу уақытын белгілеу үшін қызмет алушымен байланысады.
– Мемлекеттік корпорация тұрақты түрде сервистерді жетілдіру үшін жұмыс жүргізуде. Бұған дейін біз жеке менеджерлер арқылы ХҚКО-да басым кезек арқылы қызмет алу мүмкіндігін іске асырған болатынбыз. Енді халыққа қызмет көрсету орталықтарының мамандарын шақыртып, қызметті үйден шықпай алуына болады. Бұл уақыт үнемдегісі келетін азаматтар үшін өте ыңғайлы, – деді “Азаматтарға арналған үкіметтің” басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.
Бұған дейін мемлекеттік корпорация ХҚКО-дан дайын құжаттарды жеткізу жобасын да іске асырғанын атап өту қажет. Қазіргі уақытта 144 мемлекеттік қызмет бойынша құжаттар жеткізіледі. Олардың ішінде жылжымайтын мүлікке құқықтарды (ауыртпалықтарды) мемлекеттік тіркеу, жер учаскелеріне актілер, апостиль қойылған құжаттар, мұрағаттық анықтамалар беру қызметтері бар.
Анар ҚҰСАНОВА,
“Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы филиалының PR менеджері.