Конституция – мемлекетіміздің басты заңы. Мен елімізде еңбек етіп, кәсіпкерлікпен айналысып жатқан адамдарға заң аясында тиісті жағдай жасалып жатқанына қуанамын. Кәсіпкерлердің құқы Ата Заңымызбен реттеліп, еңбекке байланысты қоғамдық қатынастар заңды тұрғыда қарастырылған.
Еліміздің басы құжаты – Конституцияда әркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кəсіп түрін еркін таңдауына құқығы бар екендігі тайға таңба басқандай көрсетілген. Тәуелсіз елдің азаматы ретінде мен де өз құқымды пайдаланып, еңбек етіп, өз кәсібімді дөңгелетудемін. Осындай мүмкіндік берген мемлекетіме дән ризамын.
Мен 1958 жылы Өзбекстанда дүниеге келдім. 1997 жылы Арқадағы Айыртау дейтін құтты мекенге отбасыммен қоныс аудардым. Бұл жерде тұрып жатқаныма 30 жылға жуық уақыт өтті. Өзім Өзбекстанда дүниеге келсем де, ұрпағым осы жерде өсіп-өнуде. Қазір он екі немерем, бір шөберем бар.
2016 жылы Шалқар көлінің маңында “Сүйін” демалыс орталығын аштым. Жалпы адам жетістікке жету үшін көп еңбек етуі керек. “Еңбекпен тапқан нан тәтті” демекші, адал, тынымсыз еңбек етсең, ертеңгі күні соның жемісін көресің. Сондықтан ұл-қыздарыма әрқашан адал жолмен нан табуға кеңес беремін.
Құдайға шүкір, зайыбым, екі ұл, үш қызым да отбасылық кәсіпті өркендетуге өз үлестерін қосуда. Демалыс базасында келушілерге қызмет көрсетіп, отбасымды жұмыспен қамтып отырмын. Біздің орталыққа жаз маусымында шамамен 500 адам демалуға келеді. Бұл көрсеткіш ауыз толтырып айтарлықтай болмаса да, Ата Заңда көрсетілгендей өзіміздің сүйікті ісімізбен айналысып, адал еңбекпен берекемізді арттырып отырмыз. Соның өзі – көңілге үлкен медет.
Бүгінде мемлекетте кәсіпкерлерге зор қолдау көрсетілетінін айтқым келеді. Түрлі мемлекеттік бағдарламалар бойынша гранттар беріліп, бизнес жобалар жүзеге асырылуда. Егер кәсіпкерлерге мұндай мүмкіндік берілмесе, бәлкім елдің экономикасы да алға баспас еді. Тоқсаныншы жылдары Қазақстанның ғана емес, одаққа мүше болған өзге де елдердің жағдайы мәз емес еді. Бәрін де басынан бастаған тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің бүгінгі жетістігі халықтың жұдырықтай жұмылуының арқасында мүмкін болды. Пейілге қарай береді деген осы шығар.
Қазір егемен еліміз алға қарай қарышты қадам басып, айтулы жетістіктерге қол жеткізуде. Кәсіпкер әрі осы елдің азаматы ретінде мен Қазақстанның бұдан да зор табысқа жеткенін қалаймын. Сол себепті әр салада еңбек етіп жатқан адамдар еліміздің дамуына өз үлесін қосуы керек. Әсіресе, қолынан іс келетін азаматтар бұл жолда аянып қалмауы тиіс. Ата Заңда бізге еңбек етіп, кәсіппен аналысуға құқық берілген, сондықтан осы құқығымызды пайдаланып, тәуелсіз елді табысты етуге атсалысайық.
Хожаназар СУЮНОВ,
кәсіпкер.
Айыртау ауданы.