Қазақстан Республикасының Конституция күні – еліміз үшін де, халқымыз үшін де айтулы мереке. Егемендіктің кепілі ретінде бірлігімізді нығайтып, тұрақтылық пен келісімнің өзегіне, жасампаздықтың символына айналған Ата Заңымыздың маңызы жоғары, мәртебесі биік.
Конституция – елдің ең қымбат қазынасы. Ата Заңымызда адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтарына кепілдік берілген. Осы құнды құжаттың арқасында ішкі, сыртқы саясатымыз айқындалады. Сондай-ақ Қазақстан көпэтносты ел болғандықтан, сол түрлі ұлыс өкілдерінің ынтымақты өмір сүруіне, әрқайсысының мәдениетін, тілін, дәстүрін дамытуға, қазақ халқының жанына топтастыруға негіз қалаған құжат.
Елдің саяси-экономикалық дамуына бірден-бір серпін берген Конституцияның мемлекет тарихы мен оның дамуы, қалыптасуындағы алатын орны ерекше. Ата Заңымыздың арқасында халқымыз еркін өмір сүріп, еңбек етуде. Мен де тәуелсіз елдің азаматы ретінде жұрт қатарлы еңбек етіп, Отанымның гүлденуіне өз үлесімді қосудамын. Аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне жетекшілік етіп, өзіме тиесілі жұмыстарды құқықтық негізде атқарудамын. Жалпы мемлекеттік қызмет саласында еңбек өтілім – 19 жыл. Мен үшін бұл мерекенің орны ерекше. Арайлы азаттықтың айнымас айғағы, жарқын болашағымыздың бұлжымас бағдары болған Ата Заңымыз мәңгі жасай берсін!
Әлия ҒАЗИЗҚЫЗЫ,
Ақжар аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы.