«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СУАҒАР ЖОҚ, КӨШЕЛЕР ҚАРАҢҒЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Петропавлда бірінші қазан­ға дейін тасқынның салдарын жою міндеті тұр. Қазірге дейін баспанасыз қалғандарға 925 пәтер сатылып алынды, 289 жаңа үйдің кілті тапсырылды. Бұл бағыттағы жұмыс әлі жал­ғасады, қазір 400 тұрғын уа­қытша орналастыру пункттерін паналауға мәжбүр”. Қала хал­қына есеп берген облыс орта­лығының басшысы Серік Мұха­медиев осылай деп мәлімдеді.

“Тасқын кезінде Петро­павлда 2407 үйді су басты. 1650 үй тұруға жарамсыз деп таныл­ды, 757 үйде қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 381 тұрғын үйлерін өздері жөн­дейді. Механикаланды­рылған бригадалар 88 баспананы қал­пына келтірді. Мемлекет бас­шысының тапсырмасы бойын­ша зардап шеккендерге тұрғын үй беру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Пәтер сатып алу үшін 1085 шарт жасалды. 925 пәтердің кілті және “Бірлік” шағынауданында салынған 289 үй тұрғындарға берілді”, – деді Серік Мұхамедиев.

“1300-ден астам апатты үй бұзылды. Қазірдің өзінде 115 мың тоннадан астам қоқыс шы­ғарылды. Зақымдалған ком­муникациялар да қалпына келтіріледі, қазір арықтарды тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Саяжай учаскелерінде тұрақты тұратын азаматтардан келтірілген залалды өтеуге бай­ланысты 112 өтініш түсті. 35 ғи­марат апатты деп танылды, 59 саяжай үйі жөнделеді. Ко­мис­сия жұмысы аяқталған жоқ. 11 адамның өтініші кері қай­тарыл­ды, өйткені олардың сая­жайдан басқа тұратын үйлері болған”, – дейді Петропавл әкімі.

Ал тасқын кезінде бірінші қа­баты су астында қалған Ю. А. Га­гарин атындағы №14 орта мектеп­те жөндеу жұмысы 30 та­мыз­­ға дейін аяқталмақ. Қазіргі уақытта ғимаратқа күрделі жөн­деу жүргізіліп, қасбет пен ір­ге­тас­ты нығайту, бірінші қабат­та­ғы оқу кабинеттерінің ішкі қа­быр­ғаларын ішінара ор­нату, еден жабынын ауыстыру, жы­лыту, электрмен жә­не сумен жабдықтау жүйе­лерін ауыстыру жұмыстары атқа­рылуда.

Әкімнің айтуынша, бүгінгі таңда уақытша тұру пунктте­рінде тұрып жатқан 400-ге жуық адам қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқан үйлер мен пәтерлерге қоныстанады.

Петропавлда атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап болғаннан кейін қала басшысы тұрғындардың сұрақтарына жа­уап берді. Кездесуге келген­дер­дің бірі – Анна Судина. Оның айтуынша, кәме­леттік жасқа толмаған ұлы “Бір­лік” шағынау­данындағы құры­лыс­та жұмыс істеген. Бірақ “ПромТорг Строй” жауапкерші­лігі шектеулі серік­тестігі жасөс­пірімнің еңбек­ақысын бермей қойған.

“Ұлыма және оның жанын­дағы жұмысшыларға серіктестік басшылығы тек екі күндік жа­лақысын берген. Қалған екі ап­таның еңбекақысын бермей қойды. Осы жағдайдан кейін біз құзырлы органдарға бардық. Бұл мәселемен еңбек инспек­циясы айналысады екен. Инс­пек­ция мамандарының бұл факт бойынша серіктестік бас­шысына емес, мүлдем басқа адамның үстінен іс қозғап жат­қанын білдік. Яғни, олар кінәлі адамды жасырып отыр. Сізден осы мәселені бақылауға алуы­ңызды сұраймын”, – деді Анна Судина.

Петропавл қалалық полиция басқармасы басшысының сө­зінше, бұл іс еңбек инспекция­сына жіберілген. Қазіргі уақытта тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр.

“Мен бұл істі өз бақылауыма аламын. Ең алдымен, сіз айтып тұрған мердігер компа­ния туралы біліп, олардың кә­мелет жасқа толмаған бала­ларды жұмысқа неге қабылдағанын анықтауымыз керек”, – деді Серік Мұхамедиев.

Петропавл әкімінің есепті кездесуіне “Солнечный” шағын­ау­данының тұрғындары атынан Айдос Рахымқазиев те келді. Оның айтуынша, бұл ауданда суағарлар орнатылмаған. Сол себепті, жаңбыр жауғанда кө­шемен жүру мүмкін емес.

“Солнечный” шағынауданы­на суағарларды орнатуға құжат бойынша жыл сайын бюджет­тен қаражат бөлінеді. Бірақ нәтижесі көрінбейді. Біздің ша­ғынауданда асфальт та жоқ. Жаңбыр жауса, саз-балшыққа айналатын жолмен балалар түгіл үлкендер де жүре алмай­ды. Қанша жылдан бері шешіл­мей келе жатқан мәселе көп. Аудандағы көшелер кешке қап-қараңғы. Жақында жаңа оқу жылы басталады. Балалар таңер­тең сабаққа барғанда не­месе кешке келе жатқанда қараңғы көшелермен жүруге мәжбүр”, – дейді қала тұрғыны.

Тұрғынның сөзінше, қазір “Сол­нечный” шағынауданында 200 отбасы тұрады. Балабақ­шаға баратын 202 бүлдіршін бар. Сол себепті мектепке дейінгі мекеменің жоқтығы да өзекті болып тұр. Көрші “Бірлік” шағынауданында жаңа 90 орындық балабақша салынып жатыр. Бірақ тұрғындардың сөзінше, ол қажеттілікті толық жаппайды. Сондай-ақ бұл ау­данда балаларға арналған ойын алаңдары да жоқ.

“Мен бұл шағынаудан тұр­ғындарын алаңдатқан мәселе­лерден хабардармын. Бүгінге де­йін шағынауданда тек екі қо­салқы станция жұмыс істеген бо­латын. Алдағы уақытта тоғыз стан­ция жұмыс істемек. Көшелер де жарықтандыры­лады. Ал суағарларға биыл қаражат бө­лінген жоқ. Келесі жылы орна­та­мыз. Ал жол мәселесіне келсек, әзірге тек автобус жүретін жол­дар жөнделеді”, – деді қала әкімі.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp