Елімізде неке мен отбасы, ана мен әке, бала мемлекеттің қорғауына алынған. Балаларына қамқорлық жасау – және оларды тәрбиелеу ата-ананың міндеті. Көңілдері жарасып, өмірге бірге аттанған жас шаңырақ иелері үшін отбасы құндылықтарын құрметтеп, көздің қарашығындай сақтаудың мүмкіндіктері заң нормаларында жан-жақты қарастырылған. 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап қолданыстағы Азаматтық процесстік кодекстің 27-бабына өзгертулер енгізілді. Ол бойынша кәмелетке толмаған ортақ балалары бар ерлі-зайыптылардың некесін бұзу туралы талап-арыздар кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі соттардың қарауына берілді. Аталған санаттағы істерді қарау тәртібі соттардың некенi (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы iстердi қараған кезде заңнаманы қолдануы Жоғарғы Соттың 2000 жылғы 28 сәуірдегі №5 нормативтік қаулысымен бекітілген. “Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы” кодекстің 22-бабының 2-тармағына сәйкес, некені бұзатын ерлі-зайыптылардың кәмелетке толмаған балаларының құқықтары мен мүдделері бірінші кезекте қорғалады. Атап айтқанда, сот олардың қайсысымен тұратыны туралы келісімге келген-келмегенін, ата-ананың баламен қарым-қатынас және балаларды күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеу тәртібі және оның мөлшері айқындалған-айқындалмағанын анықтауға міндетті. Бұл ретте алимент төлеу туралы келісім кодекстің 22-тарауының талаптарын сақтай отырып рәсімделеді. Егер ерлі-зайыптылардың арасында жоғарыда аталған мәселелер бойынша келісім болмаса, сондай-ақ сотқа ұсынылған келісім балалардың мүдделерін бұзса, қай ата-анамен тұратыны, ата-ананың баламен қарым-қатынас тәртібі, қай ата-анадан және қандай мөлшерде балаларды күтіп-бағуға алимент өндіріліп алынатындығы анықталады. Бұл жағдайда “Соттардың балаларды тәрбиелеуге байланысты дауларды шешу кезiнде заңнаманы қолдануы туралы” Жоғарғы Соттың 2018 жылғы 29 қарашадағы №15 нормативтік қаулысында белгіленген түсініктемелер негізге алынады. Ерлі-зайыптылардың арасында баланың тұрғылықты жері бойынша дау туындаса, бала 10 жасқа толмаған болса, сот өз тарапынан міндетті түрде оның пікірін білу үшін психолог маман қатыстыра алады. Ал 10 жасқа толған баланың пікірі психологтың қатысумен тыңдалады. Психологтың қорытындысы не баланың жауабы бойынша сот ата-анасының біреуімен қалдыруды шешеді.
Неке бұзу туралы азаматтық істі қарау барысында соттар алимент өндіру туралы талапкердің талабы болмаса да, алиментті өндіру туралы мәселені шешуге міндетті. Бұл орайда кодекстің 164-бабының 2-тармағына сәйкес, алимент сотқа жүгінген кезден бастап тағайындалады. Сот, сонымен қатар балаларынан бөлек тұратын ата-ананың балаларды тәрбиелеуге қатысуға міндетті және олармен қарым-қатынас жасауға құқығы бар екенін, ал екінші ата-ананың бұған кедергі келтіруге құқығы жоқ екенін түсіндіреді, бұл туралы сот отырысының хаттамасында жазылады.
Аталған санаттағы істерді қараудағы өзекті мәселенің бірі – алимент өндіру.
Тәжірибеде тараптар тек некені бұзуды ғана талап етіп, алиментті өндіруге қарсы жайттар жиі кезігеді. Десек те, некені бұзу кезінде алиментті өндіру – соттың міндеті.
Ерлі зайыптылар арасында мүлікті бөлу барысында да дау-дамай аз ұшыраспайды. Қос тарап өзара бітімгерлікке келмей, мүлік бөлуді сұрайтын болса, сот Азаматтық кодекстің 218-бабына сәйкес, мүлiктi жария сауда-саттық арқылы сату, одан түскен соманы ортақ меншiкке қатысушылар арасында олардың үлестерiне мөлшерлес етіп бөлiп беру туралы шешiм қабылдайды. Жариялы сауда-саттықта мүліктің бағасы арзандай түсетінін ескерсек, ерлі-зайыптылардың татуласуы, бітімгерлікке келуі әлдеқайда тиімді. Мұның бәрі кәмелекетке толмаған баланың психикасы мен денсаулығына кері әсер етеді. Сондықтан соттардың басты міндеті татуластыру екенін баса айтқымыз келеді.
Арай ӘБІЛМӘЖІНОВА,
облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы.