«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Еңбек етсең ерінбей…”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Конституция – мемлекеті­міздің басты заңы. Мен елімізде еңбек етіп, кәсіпкер­лікпен айналысып жатқан адамдарға заң аясында тиісті жағдай жа­салып жатқанына қуанамын. Кәсіпкерлердің құқы Ата Заңымызбен реттеліп, еңбекке байланысты қоғамдық қатынастар заңды тұрғыда қарастырылған.

Еліміздің басы құжаты – Конституцияда әркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кəсіп түрін еркін таңдауына құ­қы­ғы бар екендігі тайға таңба басқандай көрсетілген. Тәуелсіз елдің азаматы ретінде мен де өз құқымды пайдаланып, еңбек етіп, өз кәсібімді дөңгелетудемін. Осындай мүмкіндік берген мем­лекетіме дән ризамын.

Мен 1958 жылы Өзбекстан­да дүниеге келдім. 1997 жылы Арқадағы Айыртау дейтін құтты мекенге отбасыммен қоныс ау­дардым. Бұл жерде тұрып жат­қаныма 30 жылға жуық уақыт өтті. Өзім Өзбекстанда дүниеге келсем де, ұрпағым осы жерде өсіп-өнуде. Қазір он екі немерем, бір шөберем бар.

2016 жылы Шалқар көлінің ма­ңында “Сүйін” демалыс орталы­ғын аштым. Жалпы адам жетіс­тікке жету үшін көп еңбек етуі ке­рек. “Еңбекпен тапқан нан тәтті” демекші, адал, тынымсыз еңбек етсең, ертеңгі күні соның жемісін көресің. Сондықтан ұл-қыздарыма әрқашан адал жол­мен нан табуға кеңес беремін.

Құдайға шүкір, зайыбым, екі ұл, үш қызым да отбасылық кәсіпті өркендетуге өз үлестерін қо­суда. Демалыс базасында ке­лушілерге қызмет көрсетіп, от­басымды жұмыспен қамтып отырмын. Біздің орталыққа жаз маусымында шамамен 500 адам демалуға келеді. Бұл көрсеткіш ауыз толтырып айтар­лықтай болмаса да, Ата Заңда көрсетілгендей өзіміздің сүйікті ісімізбен айналысып, адал еңбекпен берекемізді арттырып отырмыз. Соның өзі – көңілге үл­кен медет.

Бүгінде мемлекетте кәсіп­керлерге зор қолдау көрсетілетінін айтқым келеді. Түрлі мемлекеттік бағдарламалар бойынша гранттар беріліп, бизнес жо­ба­лар жүзеге асырылуда. Егер кәсіпкерлерге мұндай мүмкіндік берілмесе, бәлкім елдің эконо­микасы да алға баспас еді. Тоқсаныншы жылдары Қазақстанның ғана емес, одаққа мүше бол­ған өзге де елдердің жағдайы мәз емес еді. Бәрін де басынан бастаған тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің бүгінгі жетістігі ха­лықтың жұдырықтай жұмылуы­ның арқасында мүмкін болды. Пейілге қарай береді деген осы шығар.

Қазір егемен еліміз алға қа­рай қарышты қадам басып, ай­тулы жетістіктерге қол жеткізу­де. Кәсіпкер әрі осы елдің аза­маты ретінде мен Қазақстанның бұдан да зор табысқа жеткенін қалаймын. Сол себепті әр сала­да еңбек етіп жатқан адамдар еліміздің дамуына өз үлесін қосуы керек. Әсіресе, қолынан іс келетін азаматтар бұл жолда аянып қалмауы тиіс. Ата Заңда бізге еңбек етіп, кәсіппен аналысуға құқық берілген, сондықтан осы құқығымызды пайдаланып, тәуелсіз елді табысты етуге атсалысайық.

Хожаназар СУЮНОВ,

кәсіпкер.

Айыртау ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp