Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы жанындағы “Жомарт жан” орталығы “Мектепке жол” республикалық акциясына қатысты. Олар көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушыларды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті.
Акция аясында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың балалары да назардан тыс қалмады. Салтанатты түрде 40 отбасыға кеңсе тауарлары мен мектеп формасы табысталды. “Жомарт жан” орталығының төрайымы Алла Писаренконың айтуынша, оқу жылы қарсаңындағы мұндай көмек өте маңызды.
– “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” деген тәмсілді ұстана отырып, қаламыздағы жомарт жандардың демеушілігімен қажетті кеңсе тауарлары сатып алынды. Бүгіндері баланы мектепке дайындау үшін қыруар қаржы қажет. Біз мұны ескере отырып, барынша қолғабыс етуге тырысып бақтық. Енді оқушылар сабақты жақсы оқитынына сенімдіміз, – дейді Алла Писаренко.
Валентина КОРНЕВА,
Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы жанындағы журналистер клубының төрайымы.