«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ғибратты ғұмыр

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кейде келте қамшы­ның сабындай қысқа өмір­дің қым-қуыт тір­лігіне алданып, уа­қыт­тың шапқан аттай, атқан оқ­тай зымырап өткенін де білмей қаламыз. “Өткен күнде белгі бар” деп бабаларымыз текке айт­паған. Оның қадір-қасиетін санада өшірілместей таңбалан­ған ес­теліктер ғана еске салып тұ­ратындай. Өзіндік ізін, қолтаң­басын қалдырған сол жылдар белесіне үңілсек, не істеп, не тындырғанымыз жайлы жан-жақты мағлұмат алуға болатын секілденеді. Сексеннің сеңгірі­нен асып, торқалы тоқсанның ауылына жол тартқан Серік Ха­сенов атамыздың өмірбаянына көз жүгіртсек, саналы ғұмырының текке өтпегенін, ел мүддесі жолында тіршілігі қыж-қыж қай­наған жасампаз еңбек майда­нында шынығып, ұрпағына үлгі етерлік мол ғибрат қалдырға­нын аңғару қиын емес.

1940 жылы Приишим ауда­нының Бостандық ауылында (қа­зіргі Мамлют ауданы) дү­ниеге кел­ген оның әкесі Сердәлі мен ана­сы Жұмабике – 14 бала тәр­бие­леп өсірген, ауыл-ай­маққа үлгілі отбасылардың бірітін. Ша­ңы­рақ­тың үшінші перзентін шын­дықпен шынық­тырып, шаруаға мығым етіп тәрбиеледі. 17 жас­қа толмай жатып ауылдағы 3 мың­ға жуық қойы бар мал фер­масына қарауыл болып орна­ласты. Сосын бақташылыққа ауысты. Техникаға деген қызы­ғу­шылығы оянып, ауыл мекте­бінің негі­зінде ашылған кешкілік меха­низаторлар курсына барып жүр­ді. Содан, не керек, шынжыр табан тракторды ұршықша үйі­ріп, осы мамандықты кәсіп етті. Көктемгі, күзгі дала жұмыстары­ның бел ортасынан табылды. Әбден маманданып, тәжірибе жинақтаған соң ауылдасы Қа­йыр­бек Мантаев екеуі алғашқы­лардың қатарында “К-700” трак­торын тізгіндеді. “Еңбек етсең, емерсің” деген осы! Небір қиын­дықтарға төтеп беріп, сабыр­мен, ақылмен жеңе отырып, маң­дай терімен ризығын терді. Оны өзгелерден жастайынан ата-ана тәлімімен бойына ұя­лаған сеніп тапсырылған іске мұқияттылық, тиянақтылық қа­сиеттер ерекшелеп тұратын. “Ерен еңбегі үшін” медалімен, “Еңбек Қызыл Ту” орденімен ма­рапатталуы – соның айғағы.

Денсаулығына байланысты облыс орталығына қоныс ау­дар­са да, еңбектен қол үзген жоқ. “Казмясомолстрой” құры­лыс компаниясына тас қалау­шы болып орналасып, ел дәу­летін еселей түсуге өз үлесін қосты. Мұнда да сый-құрметке бөленіп, “Коммунистік еңбектің екпіндісі” атағына ие болды. Зейнетке шыққанша еңбек жо­лын Бескөл кентінде жалғас­тырды.

Серік атамыз бен Рахима апамыз екеуі – бір ұл, бес қыз тәр­биелеп өсіріп, немере-шө­бере, жиен қызығын көріп отыр­ған, тамырын тереңге жайған мәуелі бәйтерек іспеттес. Әке жолын қуып, өнегелі ісін жал­ғастырған ұлы Ағыбай “ГазОйл­диагностика” ЖШС-ның бас директоры лауазымына дейін көтерілді. Әттең, сұм ажал асыл азаматты арамыздан ерте алып кетті. Одан қалған жалғыз тұяқ Әділ – үлкен демеу.

Жақында әулеттің ұйытқы­сы, берекесі саналатын қос қарттың отау құрғандарына 60 жыл толу гауhар тойы ауыл­дастары, туған-туыстары, құда-жекжаттары арасында кеңінен аталып өтті. “Бір жас­тықта қар­таю бақыты бұйыр­ған” оларға ақжарма тілектер ай­тылды. Алпыс көктемді артқа тас­тап, бала-шағасы мен неме­реле­рінің ортасында бақытқа кене­ліп, елдің амандығын тілеп оты­ру – екінің бірінің маңдайы­на бұйыра бермейтін бақ.

“Абырой іздесең, ісіңмен та­ныл”, – деген тәмсіл өмір жолы кейінгі буынға үлгі Серік атамыз сияқты қазыналы қартта­ры­мызға арналып айтылғандай.

Нұржан АСКАНДИРОВ,

ұстаз.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp