Облыста адамның иммун тапшылығы вирусы инфекциясын жұқтырғандар саны артып отыр. АИТВ инфекциясының профилактикасы жөніндегі орталықтың бөлімше меңгерушісі Қарлығаш Ақынованың айтуынша, бұл инфекцияны жыл сайын жаңадан 100-ден астам адам жұқтырады. Бұрын ауырғандардың 90 пайызы ине арқылы есірткі тұтынатындар болса, қазір жыныстық қатынас арқылы жұқтыратындар көбейген.
“Қазіргі уақытта біздің бақылауымызда 10 бала бар. Олар ауруды аналарынан жұқтырған. Соңғы 5 жылдан бері бізде мұндай жайттар жаңадан тіркелген жоқ. Жылда АИТВ жұқтырған аналар дүниеге сәби әкеліп жатады, олар дер кезінде алдын алу емін алады. Нәтижесінде өмірге дені сау бала келеді. Мұндай нәрестені біз 1,5 жыл бақылаймыз. Үш рет ПЦР-талдау жасап, ауру бар-жоғын анықтаймыз, кейін бала 1,5 жасқа келгенде иммуноферменттік талдау жүргізіп, ауырмайтынына көз жеткізіп барып, есептен шығарамыз. Мұндай балалар бізде көп”, – дейді орталық маманы.
Өкінішке қарай, АИТВ жұқтырғандар өмір бойы емделуі қажет. Қазіргі уақытта осы инфекцияны жұқтырғандар қабылдайтын препараттардың барлығы ауруды басуға, вирустың көбеюіне жол бермеуге негізделген. Вирустан толық құтқаратын ем әлі табылған жоқ. Дәрі-дәрмек, емдеу – бәрі тегін.
“Сапалы емнің бір түрі антиретровирустық терапия деп аталады. Бұл вирусты бақылауда ұстап, көбеюіне мүмкіндік бермейді. Емді уақытында бастап, дәрігердің нұсқауларын бұлжытпай орындаған жағдайда науқас қалыпты өмір сүре алады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысымен, біз қандағы анықталмайтын вирустық жүктемесі бар сырқаттар мен жұмыс істеп жатырмыз, өйткені мұндай адамда инфекцияны басқа тарату мүмкіндігі жоқ. Ағзадағы вирустарды басу арқылы оны таралмайтындай ету қажет”, – дейді маман.
Қарлығаш Ақынова дискордантты жұп деген терминнің анықтамасын айтты. Мұндай жұпта ерлі-зайыптының біреуінде ВИЧ оң, екіншісінде теріс нәтиже көрсетеді екен. “Біздің мақсатымыз, оны емдеу арқылы қасындағы серіктесіне қауіпсіз ету”, – дейді ол. Орталықтың “Байланысқа дейінгі профилактика” атты бағдарламасы да бар. Мұнда керісінше, ауырмайтын адам алдын алудан өтеді. Бұл – АИТВ-инфекциясының таралуын болдырмаудың өте тиімді әдісі. Әдетте, байланысқа дейінгі профилактикада жұқтырып алу қаупі жоғары адам таблетка түрінде белгілі бір дәрілерді күнделікті қабылдауы қажет.
Облыста 2019 жылдан бері АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға арналған “Answer” атты қоғамдық қордың филиалы жұмыс істейді. Бұл жерде тек психологиялық қана емес, әлеуметтік, заңға қатысты көмек береді. Құжат жасатуға да көмектеседі.
“АИТВ-ға тексерілу үшін біздің орталыққа келуге болады, жаңашылдығымыз бар. Кез келген адам орталықта қан тапсыра алады. Кейін QR-код береміз, екінші күні сол арқылы нәтижені біле алады. Сондай-ақ мамандарымыз осы талдау бойынша сұрақтарға, толық жауап береді. Мұның бәрі құпия жүргізіледі. Ал егер талдау оң нәтиже берсе, онда біздің орталыққа келіп, маманның кеңесін алу қажет. Сырқат диспансерлік есепке алынып, ем-дом жүргізіледі.
АИТВ жыныс жолы және қан арқылы жұғады. Егер де адам қауіп тобына жатса, онда жылына бірнеше рет тексерілгені жөн. Иммунитеттің бұзылуына байланысты немесе пневмониямен жиі ауыратын болса, терісінде бөртпе пайда болса немесе себепсіз салмақ жоғалта бастаса, мұндай жағдайда да бірден барып тексерілген жөн”, – дейді дәрігер.
Тұрғындар тексерілу үшін кез келген емханаға барып тегін қан тапсыра алады. Зертхана облыстық АИТВ инфекциясының профилактикасы жөніндегі орталықта орналасқан. Барлық талдауға алынған қан осы жерге келеді.
“АИТВ – ортақ мәселе. Дискриминациялау, стигма мәселесі бар, бірақ біз қолдан келгенше мұнымен күресіп жатырмыз. Бұл АИТВ жұқтырған адамдар бізге қаралуға қорықпай, сапалы ем алуы үшін қажет. Мұндай дертті жұқтырған адам емделу арқылы алдымен өз денсаулығын жақсартады, сондай-ақ жақын адамдарын осы аурудан қорғайды”, – дейді бөлім меңгерушісі Қарлығаш Ақынова.
Қазіргі уақытта облыста АИТВ жұқтырған 1,4 мың адам диспансерлік есепке алынған. Оның 60 пайыздан астамы – ер адамдар. Ал антиретровирустық терапия алушылардың үлесі 90 пайызға жақындады.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.