“Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Екі балама мектеп формасын әперуім керек. Оқуға қажетті құрал-жабдықтары: қалам-қарындашы, сөмке-дәптері тағы бар. Қаржыдан таршылық көрсем болды, “каспий редке” жүгінетін едім. Банк мамандары мені қара тізімге енгізіп жіберген сияқты. Енді қайтсем екен?” – деген анасының мұңайған жүзін көрген Әлия қос жанарынан ыстық тамшының қалай үзіліп түскенін байқамай қалды. Жетінші сыныпта оқитын Арсен болса: “Біздің ала алмай жүрген 2 миллион теңге қарызымыз бар ғой. Соны қайтарсын”, – деді. Анасы аң-таң. “Оны қайдан білесің?” дегендей ұлына сұраулы жүзбен қарап тұр. “Анашым, сіздің өткен жолы әкеммен телефон арқылы сөйлескеніңізді естіп қалғанмын. Ол Әлия екеуімізді тастап кеткені, бағып-асырамағаны үшін қарыз екен ғой. Оны неге жасырасыз? Киімді сіз емес әкем әперсін. Қарызды өтеу парыз емес пе?” – деген Арсеннің тамағына ыза мен кек тығылғандай, дауысын қатқылырақ шығара бастады. Он жылдан астам уақыттан бері қос балапанын жалғыз өзі өсіріп келе жатқан байғұс әйел ұлы мен қызын қапсыра құшақтап отырып еңіреп жылады…
Иә, қарызды өтеу – парыз. Бұл қазақтың қанына сіңген ұлағат еді. Кісіден алған бір тиынын екі еселеп қайтаруға асыққан бабалардың бүгінгі ұрпағы майшабақтай майдаланып барады. Адам өзгерді ме, қоғам өзгерді ме, кім білсін, әйтеуір, біз “балаларына берешек” деген сөзді жиі естіген соң ба, оған әбден етіміз үйреніп кетті.
Қазір қоғамда баласынан безген әйел де, еркек те көп. Мәселен, Әділет министрлігі жариялаған ақпарға көз салсақ, бүгінде елде алимент төлемей жүргендер саны 300 мыңға жуықтаған. Көкек әкелер мен безбүйрек аналардың перзенттеріне берешегі 13 млрд. теңгеден асып жығылады екен. Негізі жыл басында борышкерлердің қарызы 20,7 млрд. теңгені құрапты. Құзырлы органдардың табанды әрекетімен сома 35 пайызға дейін төмендеген. Сонда деймін-ау, өзегін жарып шыққан бауыр еті баласына көк тиын да татырмай жүргендердің не ойлағаны бар? Олар сәбилерінің көз жасынан қорықпай ма?
Біздің өңірдегі көрсеткіштер де көңілімізге мұң ұялатып, санамызға салмақ түсіретіндей. Облыстық прокуратура мамандары берген ақпаратта өңірде алимент бойынша қарыз 192,6 млн. теңгеге жеткендігі көрсетілген. Оның 46,2 млн. теңгесі қасақана борышын төлеуден қашқан 135 адамға тиесілі екен.
“Былтыр прокурорлық қадағалау актілері бойынша 43 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сот орындаушыларының алимент өндіру мәселелері бойынша жұмысы үйлестірілді, алимент бойынша қарызы барларға жұмысқа орналасу туралы хабарламалар, атқарушылық іс жүргізу аясында шығарылған өзге де құжаттар табыс етілді. Бүгінгі таңда алимент өндіріп алу туралы 7902 іс атқарылуда, оның 4142-сі борышкердің жалақысынан және өзге де табысынан ұсталынады. Борышкерлерді іздестіруге байланысты 55 өндірістік іс тоқтатылды. 192 атқарушылық іс жүргізу бойынша 3 айдан астам берешек 70 млн. теңгеден көп. 160 өндіріс бойынша берешек мүлдем өтелмеген, қарыз 168 млн. теңгеге жуық”, – дейді облыстық әділет департаментінің бас маманы Елена Жұмағұлова.
Сот шешімін орындамағаны үшін жеке сот орындаушылары атқарушылық іс жүргізеді. Мәселен, биыл борышкерлерге тиесілі автокөлікті айыптұраққа қою арқылы алимент өндіріп алу туралы қаулылар жіберіліпті. Көлік құралын басқаруға бұрын берілген арнайы құқықтың қолданылуын тоқтата тұру бойынша оннан астам сот актісі шығарылған.
Жалпы баласына берешек жандардың басым бөлігі – ер-азаматтар. Өкініштісі сол, соңғы жылдары сәбиінің көзін жәудіретіп тастап кеткен, онымен қоймай нәрестесінің алдындағы қарызын өтеуге құлық танытпай, бойтасалап жүрген нәзік жандар көбейіп барады. Осындай әйелдердің санының көптігі жөнінен біздің облысымыз Қостанайдан кейін екінші орында тұр. “Өңірімізде алимент төлеуден қашып жүрген 170 адамның үштен бір бөлігі – әйелдер. Борышын өтемей жүргендердің барлығы жұмыссыз, тұрмысы төмен деп айта алмаймыз. Кейбірі табысын жасырса, енді бірі ресми тіркеліп жұмыс істемейді. Биыл қаңтар айында 300 миллионға жуық алимент бойынша қарыз сомасының жартысын өндіріп алдық”, – дейді облыс прокурорының бірінші орынбасары Әбу-Әли Саттар.
Балаларының алдындағы жауапкершілікті сезінбейтін жандардың арасында маскүнемдер мен жұмыссыз жүргендерден бөлек, парызын орындағысы келмей, жалған құжат жасатып, жалақы мөлшерін азайтып көрсететіндер де аз емес екен. Алимент төлемеудегі тағы бір мәселе – бұрынғы жары әкесінің баланы көріп, араласып тұруына үзілді-кесілді қарсы болуы.
“Шаңырақ шытынап, ортасына түскенімен екі ортада бала зардап шекпеуі керек. Кез келген әйел тоғыз ай, тоғыз күн көтерген сәбиін оқытып-тоқытуға, қатарынан кем қылмауға шамасы жетсе сот пен прокуратураның табалдырығын тоздырып қайтеді? “Ашынғаннан шығады ащы даусым” дегендей, жалғызбасты аналар мұндай қадамға амалының жоқтығынан, қолының қысқалығынан барады. Әсіресе, қазақтың әйелдерінің жандары сірі, оларды бұрынғы жұбайларына қол жайдыруға өр мінездері жібермейді. Қазір ерлер болсын, әйелдер болсын бір-бірлерінен ғана емес, өз балаларынан да ажырап жатыр. Ерлі-зайыптылардың әңгімелері жараспайды екен, оған ортадағы бала кінәлі емес. Олар әлемнің қай түкпірінде жүрсе де дүниеге әкелген балаларын бірге жеткізуге міндетті. Заң да осыны құптайды”, – дейді біз әңгімелескен психолог Алма Назарова.
Біз кез келген түйткілді мәселені қаузаған кезде “Бұған кім кінәлі?” деген сауалдың жауабын іздеуге асығамыз. Мамандар бұл мәселеге бір адамды ғана қаралаудан аулақ. Сайып келгенде, қоғамдағы келеңсіздіктердің барлығына сол қоғамның өзі кінәлі. Қазір, шыны керек, отбасында ананың парызы, әкенің міндеті деген ұғымдар жансыз сөз тіркесі ретінде ғана айтылып жүр. Оған жан бітіретін ұлт тәрбиесі, рухани иммунитет деген сөздің де қадірі қалмай барады. Мұны біз ғана айтып отырған жоқпыз. Тақырыпты талқылау барысында пікір алмасқан аға буын өкілдерінің де көзқарастары осыған саяды.
“Қайсыбір күні отандық телеарналардың бірінен алимент төлеуден жалтарған бір жігіттің құмар ойын үшін миллиондап ақша жұмсағаны туралы ақпаратты құлағым шалып қалды. Бұл сорақы жаңалық барлық түйткілді мәселенің түйіні тәрбиеге барып тірелетінін дәттейді. Ұлттық тәрбиені, қазақтың “ұят, обал боладысын” санасына сіңірген адам мұндай қадамға ешқашан бармайды. Отбасы құндылығын, перзент алдындағы әкелік, аналық парызын өтеуге құлықсыздық танытып жүргендерді заңмен жазалау керек”, – дейді еңбек ардагері Қымбат Исманова.
Заң демекші, балаларының алдындағы берешегін өтемей жүргендер Қылмыстық кодекстің 139-бабына сәйкес жазаланады. Оларға шетелге шығуға, шоттарын өз еріктерімен тексеруге, көлік жүргізу құқығын растайтын куәлік алуға шектеу қойылған. Әділет министрлігі мәселені борышкерлерді тұрақты жұмысқа орналастыру арқылы шешу үшін бірқатар жоба ұйымдастырған. Мұның барлығы жағдайды жақсы арнаға бұру үшін қолданылып жатқан әдіс-тәсілдер.
…Көз алдыма қос перзентін бауырына басып, көз жасына ерік берген әйелдің кейпі оралды. Қоғамда мұндай әйел біреу, екеу немесе үшеу емес, жүздеп, мыңдап саналады. Өз қанынан жаралған сәбиін тиыннан тарықтырып, тағдыр талқысына тастай салу үшін адамға қандай жүрек керек екен? Тасжүрек пе?
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.