Қызылжар ауданында таза қазақ ауылдары саусақпен санарлық қана. Соңғы жылдары тұрғындар арасында жергілікті ұлттың саны артқанымен, ауылдардың атауын мемлекеттік тілге ауыстыру жұмысы өте баяу. Мәселен, аталмыш аудандағы Қызылжар ауылдық округіндегі ауылдардың екеуінің ғана атауы қазақша. Өзгелерін ауыстыру үшін жыл сайын жиын өтеді, әзірге еш нәтиже жоқ. Аталмыш ауылдық округтің әкімі Ринат Шұғайыповпен кездесіп, елді мекендердің бүгіні мен ертеңі жайлы тілдесудің сәті түсті.
– Ринат Шамшетденұлы, әкімдік қызметке сайланғаныңызға көп бола қойған жоқ сияқты. Тұрғындардың дауысына ие болу үшін қандай уәде бердіңіз?
– Мен – халық сайлаған әкіммін. 2023 жылдың 26 қарашасында өзін-өзі ұсыну тәртібімен сайлауға түстім. Ол кезде ешқандай партияның қатарында болған жоқпын. Яғни, сайлауалды үгіт-насихат кезінде халықтың ортасына қолдау білдірген тілеулес жандармен ғана бардым. Сайлаушылардың мұң-мұқтажын тыңдап, олар айтқан мәселелерді алда атқарар жұмыс жоспарыма енгіздім. Жалпы тұрғындармен кездескенге дейін елді мекендердің әлеуетін зерделеп, жергілікті халықты қандай мәселелер толғандыратынын білдім. Бертін бой көтерген Бәйтерек – он бес, қалған ауылдар отыз жыл бойы жолдың машақатын тартып отыр. Осы мәселелерді көтерген кезде ауыл тұрғындары елең ете қалды.
– Демек, сіз жергілікті халықпен сайлауалды үгіт-насихат кезінде ғана таныстыңыз. Халықтың естігісі келгенін айттыңыз. Сайлаушыларыңыздың үмітін ақтадыңыз ба?
– Мені жергілікті қоғам белсенділері Бурахан Дақанов, Вадим Курамшин, Нұрсұлтан Қуатов және оңтүстіктен қоныс аударған жігіттер қолдап, көп көмектесті. Сырттан келді деп қырын қараған жоқ. “Халықпен бірге болсаң, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына көмектесеміз”, – деген талаптарын қойды. Солардың қолдауымен, елдің сенім білдіруімен сайлауда басым дауыс жинадым. Қордаланған мәселелерді шешу үшін қаншама жобаларды ұсындым. Бірақ соларды жүзеге асыруға тиісті қаржы бөлінбей жатыр. Кейде кейбір тұрғындар берген уәделерім орындалмай жатқанын айтып ренжиді. Олардың ойынша, бүгін айтылған мәселе ертеңіне шешімін табуы тиіс сияқты. Бірақ бюджеттен қажетті қаржы бөлінбесе, бұл мәселелерді әкім шеше алмайды. Бірақ қол қусырып қарап отырған жоқпын. Берген уәдемді орындау үшін әрекет етіп жатырмын.
Қазіргі таңда ауылдар толық жарықтандырылды. Осы жерге әкім болып сайланғаннан бері 580 шам орнатыппыз. Себебі тұрғындар көтерген мәселенің бірі – жол болса, екіншісі осы – көшелерді жарықтандыру. Подгорное ауылында салынған жаңа үйлердің маңайына асфальт төселіп, көшелеріне жарық тартылды. Шағын саябағы бар балалардың ойын алаңқайын, футбол, жаттығу алаңдарын орнаттық. Бұл ауылдың ендігі мәселесі – жол. Жол салуға қажет жобалық-сметалық құжаттарды дайындап қойдық.
Приишимка ауылының көшелеріне тым болмаса қиыршық тас төсеу керек. Оның да құжаттары дайын. Бер жағындағы Қарлыға ауылына балалар алаңқайын орнаттық. Чапаев ауылында салынған жаңа үйлердің арасында жол жоқ. Оның да құжаттары дайын тұр. Бәйтеректің жаңбыр жауса езіліп кететін екі негізгі көшесін жөндеу үшін де жобалық-сметалық құжат әзірледік. Оны жөндеу үшін 116 млн.теңге қаржы керек. Жалпы бұл ауылда 17 көше болса, соның төртеуіне ғана асфальт төселген. Подгорное ауылының бес көшесін жөндеуге 84 млн. теңге қажет. Бұлардың барлығына бюджеттен қаржы бөлінбесе, менің қолымнан келер қайран жоқ. Округ орталығы – Бәйтеректің алдағы он бес жылға арналған бас жоспарын жасаттым. Алдағы уақытта тағы екі ауылдың бас жоспарын жасауды жоспарлап отырмын.
– Сайлау кезінде партияда болған жоқпын дедіңіз. Қазіргі таңда қандай партияның қатарындасыз?
– Сайлаудан кейін “Ауыл” партиясының қатарын толықтырдым. Жалпы елдің болашағы ауылмен байланысты. Ауылсыз елді елестету мүмкін емес. Себебі ауыл қаланы асырап отыр. Ел экономикасының локомотивіне айналуы тиіс еді, өкінішке қарай қаншама ауыл таратылды. Әрине, ауылды сақтағаннан тарату оңай. Бірақ мұның соңы жақсылыққа апармайды. Мұндай шешімдерге түбегейлі қарсымын. Сондықтан “Ауыл” партиясының ауылдарды сақтап, ондағы ағайынның тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталған бағдарламасы ұнады. Осы бағдарламаның елді мекендердің өркендеуіне септігі тие ме деген үмітім бар.
– Бұған дейін Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда ауылдық округ әкімі болыпсыз. Бәйтерекке отбасыңызбен көшіп келдіңіз бе әлде барып-келіп жұмыс істеп жүрсіз бе?
– Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Көкалажар ауылдық округінің әкімі қызметін төрт жарым жыл атқардым. Отбасылық жағдаймен қалаға жақын жерге көшіп келдім. Алты балам бар. Тұңғышым Петропавлдағы жоғары оқу орнына түскеннен кейін пәтер жалдап тұрғызбақшы болдым. Бірақ қалада пәтерақы қымбат екен. Сондықтан барлығымыз бір жерде болайық деген оймен отбасыммен көшіп келіп, пәтер жалдап тұрдық. Алғашқы уақытта тұрақты жұмыс болмай, такси жүргізуші, торт жеткізуші болдым. Қызылжар ауылдық округінің әкімі қызметіне сайлау өтетінін естіп, бағымды сынап көруге бел будым. Өз кандидатурамды ұсындым. Сайлаудан кейін Бәйтеректе бос тұрған, бірақ күрделі жөндеуді қажет ететін үйді берді. Сол үйді жөндеп, көшіп келдік. Қазір төрт балам Бәйтеректегі мектепте оқиды. Үлкен екеуі – студент.
– Ауылдық округ құрамында қанша ауыл бар?
– Жалпы ауылдық округ құрамында қағаз жүзінде алты ауыл, сөз жүзінде сегіз ауыл бар. Олай дейтінім, Бәйтерек пен Элитное, Қарлыға мен Ивановка ауылдары бертін бір-біріне қосылды. Бұлар бір ауыл болып есептелгенімен, әрқайсысы бұрынғыша бөлек отыр. Округ құрамындағы ауылдардың әлеуметтік жағдайы жақсы. Халық саны да, кәсіп бастаған азаматтардың қатары да артты. Бәйтерек ауылы аудан орталығынан бес шақырым, Петропавл қаласынан 15 шақырым қашықтықта орналасқан. Болашақта облыс орталығының бір шағынауданы болып кетуі әбден мүмкін. Мәселен, бір кездері Шымкент, Алматы қалаларының шетінде орналасқан ауылдар қазір аталған шаһарлардың құрамына кірді ғой. Сол үрдіс біздің өңірде де болуы ықтимал. Қазіргі таңда Бәйтерек ауылында 1709 адам тұрады. Қарлығада – 117, Приишимка – 393, Подгорноеда – 608, Трудовая Нивада – 34, Чапаевта 404 адам тұрып жатыр.
– Ауылдардың әлеуеті жақсы дедіңіз. Тұрғындар қайда еңбек етеді?
– Бүгінгі таңда округ аумағында ірілі-ұсақты отызға жуық агроқұрылым бар. Тұрғындар сонда жұмыс істейді. Кейбіреулері түрлі мемлекеттік бағдарлама бойынша кәсіп ашты. Мал өсіреді, қалаға қатынап жұмыс істейді. Біздің округ тұрғындарын жұмыспен қамту мәселесі емес, жолдың жайы толғандырады.
– Сонда қай ауылдарда жол жоқ?
– Бүкіл ауылда жол сапасыз. Елді мекендердегі жолдардың дені осыдан 50-60 жыл бұрын салынған. Сондықтан олардың жағдайы қандай екені айтпаса да түсінікті.
– Шалғайда емес, облыс орталығының іргесінде, жергілікті биліктің көз алдында отырған ауылдарда неге жол сапасыз деп ойлайсыз?
– Шынымды айтсам, осы сұрақ мені де мазалайды. Барлығының көз алдында, күре жолдың бойында отырған ауылдарда жолдың болмауы – өзге түгілі өзім де түсіне алмайтын жайт. Сондықтан да болар жергілікті тұрғындарды осы мәселе қатты алаңдатады.
– Трудовая Нива ауылында 34 адам ғана қалыпты. Жабылу қаупі төніп тұрған жоқ па?
– Ауылдарда халық саны азайса да, олардың болашағы жоқ деуге болмайды. Менің ойымша, ауылдар тарамас үшін кезінде ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен елді мекеннің жерлерін қайтарып, халықтың малын жайып, шөбін шауып алуына қолайлы жағдай жасау керек. Ауылда отырған ағайын жайылымнан, шөптен, судан тарықпаса, төрт түлігін өсіріп, өз жағдайын өзі жасайды. Соңғы жылдары көші-қон бағдарламасы бойынша жаңа үйлер салынып, елге ел қосылып жатыр. Осындай ұтымды жобалардың арқасында ауылдың өрісі кеңейіп, іргесі нығаяды. Сырттан келгендерді Бәйтерек пен Подгорноеға емес, өзге елді мекендерге де орналастыру керек. Мәселен, Трудовая Нива мен Чапаевтың арасы 5 шақырым ғана. Екі ауылдың ортасына үйлер салып, инфрақұрылым тартса, бұл ауыл қағаз жүзінде ғана емес іс жүзінде-ақ бірігіп кетеді. Қазіргі таңда жайылым жерлер Подгорное мен Бәйтеректе де тапшы.
– Біздің өңірде, оның ішінде Қызылжар ауданында өзге тілдегі жер-су атаулары өте көп. Мәселен, өзіңіз басқарып отырған ауылдық округтегі ауылдардың денінің атауы орысша. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Осы округке әкім болып сайланғаныма сегіз ай болды. Осы уақыттың ішінде Қарлыға ауылын неге жергілікті тұрғындар Карлуга деп атайтынын түсінбей-ақ қойдым. Мүмкін бұл ауылдың тұрғындарының дені өзге этнос өкілдері болғаннан да шығар. Құжат бойынша ауылдың атауы – Қарлыға. Бірақ үйренген ауызды күйдірсең де қоймайды екен. Қанша айтсам да, бір жөнге сала алмай келемін. Жалпы ауылдардың атауын қазақшалау – күн тәртібінде тұрған мәселе. Приишимка, Подгорное, Чапаев, Трудовая Нива ауылдарының атауын қазақшалау жөнінде ұсыныс жасадым. Бірақ құзырлы басқармадан “Чапаев ауылының атауын келешекте өзгертеміз. Ал қалғандарын ауыстыруға әзірге мүмкіндік жоқ” деген жауап келді. Маған дейінгі әкімдер де Чапаев елді мекенінің атауын өзгертеміз деп тұрғындардың басын қосыпты. Осыған дейін өзгермегеніне қарағанда тұрғындар тарапынан қарсылық болған ғой тегі. Жуырда осы мәселемен тағы да ауылда кездесу өткіздік. Қарсылық танытқандар болды. Бірақ тұрғындарға бүгін болмаса, ертең ауылдардың атаулары қазақшаға ауыстырылатынын түсіндірдік.
– Мұндай мәселені көтерер кезде тұрғындардың арасында алдын ала үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, негізгі жиналысқа дейін мәселені тап-тұйнақтай шешіп алу керек сияқты ғой. Сіз қалай ойлайсыз?
– Ауылдардың атауын қазақшалауға байланысты үгіт-насихат жұмыстары маған дейін жүргізілген. Мен өткен жылдың қараша айында келдім. Сегіз айдың ішінде үгіт-насихат жұмысын жүргізетін мүмкіндік болған жоқ. Қыста қар құрсауында қалдық, көктемде қызыл судың зардабын тарттық. Тек шілде айында ғана өзге мәселелерге мойын бұрдық. Әйтеуір біздің округте суға кеткен елді мекен жоқ. Элитное мен Приишимканы халықтың көмегімен 15 мың қап құмнан бөгет жасап, қызыл судан аман сақтап қалдық.
– Жарайды ауыл атауын ауыстыру болашақтың еншісіндегі шаруа делік. Бірақ осы елді мекендерге, көшелерге көптің көңілінен шығатындай қандай қазақша атау қоймақшысыздар?
– Маған дейінгі әкімдер Чапаев ауылына Ақбас немесе Болашақ деген атау беруді ұсынған екен. Қазір осы жұмысты жалғастырып жатырмыз. Сонымен қатар осы Чапаев ауылында үш Алтынсарин көшесі бар. Аудандық қоғамдық кеңеске соның біреуін Бірлік деп өзгертейік деген ұсыныс жасадым. Подгорное ауылының орталық көшесіне Еркін Әуелбековтің есімін беру мәселесін көтердім. Школьный көшесін Ақбұлақ деп атайық деген ұсынысымды айттым. Береговая көшесіне – Есіл, Лесная көшесіне Оқжетпес атауын беруді ұсындым. Приишимка ауылының жаңа көшесіне Жұмабек Тәшеновтің есімін берейік, Лесная көшесін Аютас деп атайық деген ұсыныс айтылды. Бірақ аудандық қоғамдық кеңестің мүшелері бұл ұсыныстарымды қолдамады. Жалпы өзге тілдегі елді мекендердің, көшелердің атауын қазақшалауымыз керек. Бірақ соған кейбір тұрғындармен жоғары билік дайын емес сияқты.
– Соңғы кездері қаңғыған иттерге қатысты тараған ақпараттарда Қызылжар ауылдық округі жиі аталады. Қазір жағдай қалай?
– Бір Бәйтеректің көшелерінде қаңғыған 57 ит жүр. Округ бойынша олардың саны жүзден асады. Олар жеген құста есеп жоқ, осы күнге дейін 200-ден аса қойды жарып кетті. Менің төрт балам мектепке барады. Солар аман-есен сабақтарына барып келсе екен деп қорқып отырамын. Дәл мен сияқты баласының амандығына алаңдаған қаншама ата-ана жанын шүберекке түйіп отыр. Құдай басқа бермесін, бірақ бір қайғылы жағдайға душар болмай тұрғанда бұл мәселені шешу керек. Округ бойынша қаңғыған иттер адамдарды қауып алған фактілер тіркелді. Үйімнің алдында, көз алдымда кішкентай қызды қапты. Үлкендер дер кезінде көріп, аман алып қалдық. Осындай жағдай Подгорное ауылында да тіркелді.
Жалпы бұл мәселенің ушығуына халықтың өзі кінәлі. Қаңғыған иттердің жартысының иесі бар. Ал қалғандарын бір кездегі иелері күре жолдың бойына тастап кеткен. Бір сөзбен айтқанда, адам өз қолымен ушықтырған мәселе. Менің де, учаскелік инспектордың да, ветеринардың да қолы заңмен байлаулы. Қаңғыған иттерге қатысты қатаң шара қолдансақ, бұл әрекетіміз бірден заң бұзушылық ретінде қарастырылады. Егер иесі бар ит біреудің малына ауыз салса, онда қожайыны учаскелік инспекторды шақыртып, ветеринар екеуіне өтініш жазуы тиіс. Егер қаңғыған ит болса, оған ешкім ештеңе істей алмайды. Себебі заңды өзгерту керек. Заңға қарсы шығу мүмкін емес.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.