«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ӘКІМ БОЛҒАНҒА ДЕЙІН ТОРТ ЖЕТКІЗДІМ, ТАКСИ ЖҮРГІЗДІМ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қызылжар ауданында таза қазақ ауылдары саусақпен санарлық қана. Соңғы жылдары тұрғындар арасында жергілікті ұлттың саны артқанымен, ауылдардың атауын мемлекеттік тілге ауыстыру жұмысы өте баяу. Мәселен, аталмыш аудандағы Қызылжар ауылдық округіндегі ауылдардың екеуінің ғана атауы қазақша. Өзгелерін ауыстыру үшін жыл сайын жиын өтеді, әзірге еш нәтиже жоқ. Аталмыш ауылдық округтің әкімі Ринат Шұғайыповпен кездесіп, елді мекендердің бүгіні мен ертеңі жайлы тілдесудің сәті түсті.

– Ринат Шамшетденұлы, әкімдік қызметке сайланғаны­ңызға көп бола қойған жоқ сияқ­ты. Тұрғындардың дауысына ие болу үшін қандай уәде бер­діңіз?

– Мен – халық сайлаған әкім­мін. 2023 жылдың 26 қараша­сында өзін-өзі ұсыну тәртібімен сайлауға түстім. Ол кезде ешқан­дай партияның қатарында болған жоқпын. Яғни, сайлауалды үгіт-насихат кезінде халықтың орта­сына қолдау білдірген тілеулес жандармен ғана бардым. Сайлау­шы­лардың мұң-мұқтажын тың­дап, олар айтқан мәселелерді алда атқарар жұмыс жоспарыма енгіздім. Жалпы тұрғындармен кездескенге дейін елді мекен­дердің әлеуетін зерделеп, жергі­лікті халықты қандай мәселелер толғандыратынын білдім. Бертін бой көтерген Бәйтерек – он бес, қал­ған ауылдар отыз жыл бойы жолдың машақатын тартып отыр. Осы мәселелерді көтерген кезде ауыл тұрғындары елең ете қалды.

– Демек, сіз жергілікті ха­лықпен сайлауалды үгіт-наси­хат кезінде ғана таныстыңыз. Халықтың естігісі келгенін айттыңыз. Сайлаушылары­ңыз­дың үмітін ақтадыңыз ба?

– Мені жергілікті қоғам белсен­ділері Бурахан Дақанов, Вадим Ку­рамшин, Нұрсұлтан Қуатов және оңтүстіктен қоныс аударған жігіт­тер қолдап, көп көмектесті. Сырт­тан келді деп қырын қараған жоқ. “Халықпен бірге болсаң, сай­лауалды үгіт-насихат жұмыстары­на көмектесеміз”, – деген талаптарын қойды. Солардың қолдауымен, елдің сенім білдіруімен сай­лауда басым дауыс жинадым. Қордаланған мәселелерді шешу үшін қаншама жобаларды ұсын­дым. Бірақ соларды жүзеге асыру­ға тиісті қаржы бөлінбей жатыр. Кейде кейбір тұрғындар берген уәделерім орындалмай жатқанын айтып ренжиді. Олардың ойынша, бүгін айтылған мәселе ертеңіне шешімін табуы тиіс сияқты. Бірақ бюджеттен қажетті қаржы бөлін­бесе, бұл мәселелерді әкім шеше алмайды. Бірақ қол қусырып қа­рап отырған жоқпын. Берген уәдемді орындау үшін әрекет етіп жатырмын.

Қазіргі таңда ауылдар толық жарықтандырылды. Осы жерге әкім болып сайланғаннан бері 580 шам орнатыппыз. Себебі тұрғын­дар көтерген мәселенің бірі – жол болса, екіншісі осы – көшелерді жарықтандыру. Подгорное ауы­лында салынған жаңа үйлердің маңайына асфальт төселіп, көшелеріне жарық тартылды. Шағын саябағы бар балалардың ойын алаңқайын, футбол, жаттығу алаңдарын орнаттық. Бұл ауыл­дың ендігі мәселесі – жол. Жол салуға қажет жобалық-сметалық құжаттарды дайындап қойдық.

Приишимка ауылының көше­леріне тым болмаса қиыршық тас төсеу керек. Оның да құжаттары дайын. Бер жағындағы Қарлыға ауы­лына балалар алаңқайын орнаттық. Чапаев ауылында салынған жаңа үйлердің арасында жол жоқ. Оның да құжаттары дайын тұр. Бәйтеректің жаңбыр жауса езіліп кететін екі негізгі көшесін жөндеу үшін де жобалық-смета­лық құжат әзірледік. Оны жөн­деу үшін 116 млн.теңге қаржы ке­рек. Жалпы бұл ауылда 17 көше болса, соның төртеуіне ғана ас­фальт төселген. Подгорное ауы­лының бес көшесін жөндеуге 84 млн. теңге қажет. Бұлардың бар­лығына бюджеттен қаржы бөлінбесе, менің қолымнан келер қайран жоқ. Округ орталығы – Бәйтеректің алдағы он бес жылға ар­налған бас жоспарын жасаттым. Алдағы уақытта тағы екі ауылдың бас жоспарын жасауды жоспар­лап отырмын.

– Сайлау кезінде партияда бол­ған жоқпын дедіңіз. Қазіргі таңда қандай партияның қата­рындасыз?

– Сайлаудан кейін “Ауыл” пар­тиясының қатарын толықтырдым. Жалпы елдің болашағы ауылмен байланысты. Ауылсыз елді елес­тету мүмкін емес. Себебі ауыл қа­ланы асырап отыр. Ел экономика­сының локомотивіне айналуы тиіс еді, өкінішке қарай қаншама ауыл таратылды. Әрине, ауылды сақ­та­­ғаннан тарату оңай. Бірақ мұның соңы жақсылыққа апармай­ды. Мұндай шешімдерге түбегейлі қар­сымын. Сондықтан “Ауыл” партиясының ауылдарды сақтап, ондағы ағайынның тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталған бағдарламасы ұнады. Осы бағдарламаның елді мекендердің өркендеуіне септігі тие ме деген үмітім бар.

– Бұған дейін Ғабит Мү­сі­репов атындағы ауданда ауыл­дық округ әкімі болыпсыз. Бәй­терекке отбасыңызбен көшіп келдіңіз бе әлде барып-келіп жұмыс істеп жүрсіз бе?

– Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Көкалажар ауылдық окру­гінің әкімі қызметін төрт жа­рым жыл атқардым. Отбасылық жағдаймен қалаға жақын жерге көшіп келдім. Алты балам бар. Тұң­ғышым Петропавлдағы жоға­ры оқу орнына түскеннен кейін пә­тер жалдап тұрғызбақшы болдым. Бірақ қалада пәтерақы қымбат екен. Сондықтан барлығымыз бір жерде болайық деген оймен отба­сыммен көшіп келіп, пәтер жал­дап тұрдық. Алғашқы уақытта тұрақты жұмыс болмай, такси жүр­гізуші, торт жеткізуші болдым. Қызылжар ауылдық округінің әкімі қызметіне сайлау өтетінін естіп, бағымды сынап көруге бел будым. Өз кандидатурамды ұсындым. Сайлаудан кейін Бәйтеректе бос тұрған, бірақ күрделі жөндеуді қа­жет ететін үйді берді. Сол үйді жөндеп, көшіп келдік. Қазір төрт балам Бәйтеректегі мектепте оқи­ды. Үлкен екеуі – студент.

– Ауылдық округ құрамында қанша ауыл бар?

– Жалпы ауылдық округ құра­мында қағаз жүзінде алты ауыл, сөз жүзінде сегіз ауыл бар. Олай дейтінім, Бәйтерек пен Элитное, Қарлыға мен Ивановка ауылдары бертін бір-біріне қосылды. Бұлар бір ауыл болып есептелгенімен, әрқайсы­сы бұрынғыша бөлек отыр. Округ құ­рамындағы ауылдардың әлеумет­тік жағдайы жақсы. Халық са­ны да, кәсіп бастаған азамат­тардың қатары да артты. Бәйте­рек ауылы аудан орталығынан бес шақырым, Петропавл қаласы­нан 15 шақы­рым қашықтық­та ор­на­ласқан. Бо­ла­шақта облыс орталығының бір шағынауданы болып кетуі әбден мүмкін. Мәсе­лен, бір кездері Шым­кент, Алматы қала­ларының шетінде орналас­қан ауылдар қазір аталған шаһарлардың құрамына кірді ғой. Сол үрдіс біздің өңірде де болуы ық­тимал. Қа­зіргі таңда Бәйтерек ауы­лында 1709 адам тұ­рады. Қарлы­ғада – 117, При­ишимка – 393, Под­гор­ноеда – 608, Трудовая Нивада – 34, Чапаевта 404 адам тұрып жа­тыр.

– Ауылдардың әлеуеті жақ­сы дедіңіз. Тұрғындар қайда ең­бек етеді?

– Бүгінгі таңда округ аума­ғында ірілі-ұсақты отызға жуық аг­роқұрылым бар. Тұрғындар сонда жұмыс істейді. Кейбіреулері түрлі мемлекеттік бағдарлама бойынша кәсіп ашты. Мал өсіреді, қала­ға қатынап жұмыс істейді. Біздің округ тұрғындарын жұмыспен қам­ту мәселесі емес, жолдың жайы толғандырады.

– Сонда қай ауылдарда жол жоқ?

– Бүкіл ауылда жол сапасыз. Елді мекендердегі жолдардың дені осыдан 50-60 жыл бұрын салынған. Сондықтан олардың жағ­дайы қандай екені айтпаса да түсінікті.

– Шалғайда емес, облыс ор­талығының іргесінде, жергі­лік­ті биліктің көз алдында отырған ауылдарда неге жол сапасыз деп ойлайсыз?

– Шынымды айтсам, осы сұ­рақ мені де мазалайды. Барлы­ғының көз алдында, күре жолдың бойында отырған ауылдарда жолдың болмауы – өзге түгілі өзім де түсіне алмайтын жайт. Сондықтан да болар жергілікті тұрғындарды осы мәселе қатты алаңдатады.

– Трудовая Нива ауылында 34 адам ғана қалыпты. Жабылу қаупі төніп тұрған жоқ па?

– Ауылдарда халық саны азай­са да, олардың болашағы жоқ деуге болмайды. Менің ойымша, ауылдар тарамас үшін кезінде ұстағанның қолында, тіс­те­геннің аузында кеткен елді мекеннің жерлерін қайтарып, халықтың малын жайып, шөбін шауып алуына қолайлы жағдай жасау кер­ек. Ауылда отырған ағайын жайылымнан, шөптен, судан та­рықпаса, төрт түлігін өсіріп, өз жағдайын өзі жасайды. Соңғы жылдары көші-қон бағдарламасы бойынша жаңа үйлер салынып, елге ел қосылып жатыр. Осындай ұтымды жобалардың арқасында ауылдың өрісі кеңейіп, іргесі ны­ғаяды. Сырттан келгендерді Бәйтерек пен Подгорноеға емес, өзге елді мекендерге де орналастыру керек. Мәселен, Трудовая Нива мен Чапаевтың арасы 5 шақырым ғана. Екі ауылдың ортасына үй­лер салып, инфрақұрылым тартса, бұл ауыл қағаз жүзінде ғана емес іс жүзінде-ақ бірігіп кетеді. Қазіргі таңда жайылым жерлер Подгорное мен Бәйтеректе де тапшы.

– Біздің өңірде, оның ішінде Қызылжар ауданында өзге тілдегі жер-су атаулары өте көп. Мәселен, өзіңіз басқарып отырған ауылдық округтегі ауылдардың денінің атауы орысша. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Осы округке әкім болып сай­ланғаныма сегіз ай болды. Осы уақыттың ішінде Қарлыға ауылын неге жергілікті тұрғындар Карлуга деп атайтынын түсінбей-ақ қойдым. Мүмкін бұл ауылдың тұрғындарының дені өзге этнос өкілдері болғаннан да шығар. Құжат бойынша ауылдың атауы – Қарлыға. Бірақ үйренген ауызды күйдірсең де қоймайды екен. Қанша айтсам да, бір жөнге сала алмай кел­емін. Жалпы ауылдардың атауын қазақшалау – күн тәрті­бін­де тұрған мәселе. Приишимка, Под­горное, Чапаев, Трудовая Нива ауылдарының атауын қазақ­шалау жөнінде ұсыныс жасадым. Бірақ құзырлы басқармадан “Чапаев ауылының атауын келешекте өзгертеміз. Ал қалғандарын ауыстыруға әзірге мүмкіндік жоқ” деген жауап келді. Маған дейінгі әкімдер де Чапаев елді мекенінің атауын өзгертеміз деп тұрғын­дардың басын қосыпты. Осыған дейін өзгермегеніне қарағанда тұрғындар тарапынан қарсылық болған ғой тегі. Жуырда осы мә­селемен тағы да ауылда кездесу өткіздік. Қар­сылық танытқандар болды. Бірақ тұрғындарға бүгін болмаса, ертең ауылдардың атаулары қазақшаға ауыстыры­латынын түсіндірдік.

– Мұндай мәселені көтерер кезде тұрғындардың арасында алдын ала үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, негізгі жина­лысқа дейін мәселені тап-тұйнақтай шешіп алу керек сияқты ғой. Сіз қалай ойлайсыз?

– Ауылдардың атауын қазақшалауға байланысты үгіт-насихат жұмыстары маған дейін жүргізілген. Мен өткен жылдың қараша айында келдім. Сегіз айдың ішінде үгіт-насихат жұмысын жүргізетін мүмкіндік болған жоқ. Қыста қар құрсауында қалдық, көктемде қызыл судың зардабын тарттық. Тек шілде айында ғана өзге мәселелерге мойын бұрдық. Әйтеуір біздің округте суға кеткен елді мекен жоқ. Элитное мен При­ишимканы халықтың көмегімен 15 мың қап құмнан бөгет жасап, қызыл судан аман сақтап қалдық.

– Жарайды ауыл атауын ауыстыру болашақтың еншісіндегі шаруа делік. Бірақ осы елді мекендерге, көшелерге көптің көңілінен шығатындай қандай қазақша атау қоймақшысыз­дар?

– Маған дейінгі әкімдер Ча­паев ауылына Ақбас немесе Болашақ деген атау беруді ұсынған екен. Қазір осы жұмысты жалғастырып жатырмыз. Сонымен қатар осы Чапаев ауылында үш Алтынсарин көшесі бар. Аудандық қо­ғамдық кеңеске соның біреуін Бірлік деп өзгертейік деген ұсыныс жасадым. Подгорное ауылының орталық көшесіне Еркін Әуелбековтің есімін беру мәселесін кө­тердім. Школьный көшесін Ақбұлақ деп атайық деген ұсыны­сымды айттым. Береговая көше­сіне – Есіл, Лесная көшесіне Оқ­жетпес атауын беруді ұсындым. Приишимка ауылының жаңа кө­шесіне Жұмабек Тәшеновтің есімін берейік, Лесная көшесін Аю­тас деп атайық деген ұсыныс ай­тылды. Бірақ аудандық қоғамдық кеңестің мүшелері бұл ұсыныс­тарымды қолдамады. Жалпы өзге тілдегі елді мекендердің, көшелердің атауын қазақшалауымыз керек. Бірақ соған кейбір тұрғ­ындармен жоғары билік дайын емес сияқты.

– Соңғы кездері қаңғыған иттерге қатысты тараған ақпараттарда Қызылжар ауылдық округі жиі аталады. Қазір жағдай қалай?

– Бір Бәйтеректің көшелерінде қаңғыған 57 ит жүр. Округ бойынша олардың саны жүзден асады. Олар жеген құста есеп жоқ, осы күнге дейін 200-ден аса қойды жарып кетті. Менің төрт балам мектепке барады. Солар аман-есен сабақтарына барып келсе екен деп қорқып отырамын. Дәл мен сияқты баласының амандығына алаңдаған қаншама ата-ана жа­нын шүберекке түйіп отыр. Құдай басқа бермесін, бірақ бір қайғылы жағдайға душар болмай тұрғанда бұл мәселені шешу керек. Округ бойынша қаңғыған иттер адамдарды қауып алған фактілер тіркелді. Үйімнің алдында, көз алдымда кішкентай қызды қапты. Үлкендер дер кезінде көріп, аман алып қалдық. Осындай жағдай Подгорное ауылында да тіркелді.

Жалпы бұл мәселенің ушығуы­на халықтың өзі кінәлі. Қаңғыған иттердің жартысының иесі бар. Ал қалғандарын бір кездегі иел­ері күре жолдың бойына тастап кеткен. Бір сөзбен айтқанда, адам өз қолымен ушықтырған мә­селе. Менің де, учаскелік инспек­тордың да, ветеринардың да қолы заңмен байлаулы. Қаңғыған ит­терге қатысты қатаң шара қолдансақ, бұл әрекетіміз бірден заң бұзушылық ретінде қарастыры­лады. Егер иесі бар ит біреудің ма­лына ауыз салса, онда қожайыны учаскелік инспекторды шақыртып, ветеринар екеуіне өтініш жа­зуы тиіс. Егер қаңғыған ит болса, оған ешкім ештеңе істей алмайды. Себебі заңды өзгерту керек. Заңға қарсы шығу мүмкін емес.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp