Өңірде туберкулезбен ауырғандар саны азайып келеді. Былтыр дертті 123 адам жұқтырса, биыл осы аралықта 112 адамға диагноз қойылды.
Петропавлда “Қазақстанда туберкулезді тоқтатайық” деген атаумен адвокациялық кеңес өтті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, Қазақстан “түрлі дәріге бой бермейтін туберкулез” дертіне шалдыққандар саны бойынша алғашқы 30 елдің қатарында тұр.
“Туберкулездің алдын алу үшін тиісті шаралар қолға алынған. Фтизиопульмонология орталығында және облыстың төрт ауданында G-xpert аппараты бар. Бұл ауруды тез әрі сапалы анықтауға мүмкіндік береді. Туберкулезді емдеу үшін жаңа препараттар қолданылады. Сырқаттар өздерін қолайлы сезіну үшін басымдық амбулаторлық емге беріледі. Ең бастысы – үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен жұмыс, олар әлеуметтік жағдайы төмен ортадан шыққан сырқаттарға материалдық, әлеуметтік, психологиялық қолдау көрсетіп, тезірек емделіп кетуіне көмектеседі”, – дейді облыстық фтизиопульмонологиялық орталық директоры Құмар Күсемісов.
Биыл өңірде 85 мыңнан астам адам флюорографиялық тексерістен өткен, бұл – жоспардың шамамен 70 пайызы. Нәтижесінде жаңадан 94 сырқат анықталды. Жалпы қазіргі уақытта өңірде 246 адам диспансерлік есепке алынған, оның 56-сы стационарлық ем алып жатыр.
Петропавлда және облыстың сегіз ауданында “Сенім Солтүстік” үкіметтік емес ұйымы жұмыс істейді. Олар емделуден жалтарып жүрген сырқаттарды анықтауға, құжаты жоқтарға жеке куәлік алуға көмектеседі. Бұдан бөлек, ауырғандар мен олардың туыстарына психологиялық қолдау көрсетіп, материалдық шығындарды, соның ішінде айыппұлдарын өтеуге көмектеседі. Биыл ұйым халықтың осал тобына жататындар арасынан 12 сырқатты анықтап, ем алудан қашып жүрген 17 адамды емдеу мекемесіне қайтарды.
“2023 жылдан бастап облыстың барлық аудандарында туберкулезбен ауыратындарға жәрдемақы беріліп келеді. Былтыр 7 айда 328 сырқатқа 27 млн. теңге берілсе, биыл жеті айда 310 адам 38 млн. теңгеден астам көмек алды”, – дейді Құмар Күсемісов.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.