Биыл өңірде 4,4 млн. гектар жерге тұқым себілген. Оның 3,3 млн. гектары дәнді дақылдардың үлесінде. Соңғы ақпарат бойынша, облыста 440,8 мың гектар жерден дақыл жиналып, 762,7 мың тонна өнім қамбаға құйылған. Бүгінде алқаптардың орташа шығымдылығы гектарына 17,3 центнерден айналуда.
Күзгі жауын-шашын орақ науқанын кешеуілдетіп жатқаны рас. Шаруалар жүргізген барлық агротехникалық шараларға қарамастан қолайсыз ауа райы жиын-терімге кедергі келтіріп тұр. Десе де кәсіпкерлер қолдан келгенше өнімді шашау шығармай жинап алуға тырысып жатыр.
Жауапты науқанда астық қабылдайтын кәсіп орындардың дайын болуы маңызды. Бүгінде өңірдегі 46 элеватор толықтай өнім қабылдауға дайын. Олардың жалпы сыйымдылығы 3,2 тонна. Одан бөлек шаруаларда 3,7 млн. тонна астық сыятын 332 қабылдау пункті бар. Олардың барлығында тиісті дайындық жұмыстары жүргізілген. Шаруашылықтарды қосқанда өңір қамбаларына 7 млн. тоннаға жуық астық сыяды. Бұл жаңа орылған дақылдарды сақтауға жеткілікті.
Биылғы орақ науқанында 7,4 мың техника жұмыс істейді. Диқандар литрі 250 теңге болатын жеңілдетілген дизель отынымен қамтамасыз етілген.
Анастасия ХАРЛАМОВА,
облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының баспасөз хатшысы.