«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АТАҢНАН ҚАЛҒАН АС ПА ЕДІ?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, эко­номикалық өсім, қоғамдық оптимизм” атты Жолдауында мемлекеттік қыз­метшілердің біліктілігін арттыру мәселесі әлі де өзекті екеніне, үміткерді қыз­метке тағайындаған кезде кәсіби және моральдық қасиеттерін мұқият ескеру қажеттігіне жұршылықтың назарын аударды. “Мемлекет пен қоғам ара­сындағы диалогтың сапасын одан әрі арттыра түсу үшін бәріміз адал әрі әділ бо­луымыз, тек заң аясында әрекет етуіміз, берген уәдеміз бен ісіміз үшін жауап бере білуіміз керек”, – деп атап көрсетті.

Иә, өз қызметінде мемле­кет­тік саясатты берік ұстана оты­рып, дәйекті түрде жүзеге асы­ратын, жүктелген міндеттерге шы­найы көзқараспен білімі мен біліктілігін арнайтын мемле­кет­тік қызметші қоғамның айнасы іс­петтес. Өйткені, оның кез келген іс-әрекеті, тіпті сөйлеген сөзі мен жүріс-тұрысына дейін көпшілік­тің көз алдында болатындықтан, мемлекеттік қызметтің оң имид­жін қалыптастырушы ретінде де бағаланады. Сондықтан мемле­кет мүддесін бірінші орынға қою, халық алдындағы жауапкершілік дағдыларын сезіне отырып, бел­гілі норма шеңберінен шықпауы шарт. Осыдан төрт жыл бұрын қабылданған Қазақстан Респуб­ликасы мемлекеттік қызмет­ші­лерінің Әдеп кодексінде қоғам­ның мемлекеттік органдарға се­німін нығайту, жоғары мәдениет пен парасаттылық ахуалын қа­лыптастыру сияқты мемлекеттік қызметшілердің қызметтік эти­касының стандарттары белгі­лен­ген.

“Мемлекеттік қызметтің әдеп­тілік қағидаттары” тарауын­да адалдық, әділдік, ашықтық, сы­пайылық, қара­пайым болу, дөрекілік, қадір-қа­­сиетін кемсіту, әдепсіздік, бейә­деп фактілеріне жол бер­меу, өзінің де, өзгенің де ар-намысын құрметтеу, қызмет­тен тыс уақытта жалпыға бірдей қа­былданған моральдық-әдепті­лік нормаларын ұстану, лауа­зымдық жағдайын баса көрсет­пеу және пайдаланбау талапта­рына басымдық берілген. Өкі­нішк­е қа­рай, осындай үлкен абы­рой, зор міндет үдесінен көріну­дің орны­на жағымсыз теріс қы­лықтары­мен көзге түсіп, мемле­кеттік қыз­метке кір келтіретін лауазым ие­ле­рі баршылық. Ара­ларында өкі­леттіктерін өзіне жүк­телген мін­деттерге қайшы асыра пайдала­натындары жоқ емес. Жыл ба­сынан бері облыстық әдеп кеңе­сінің отырысында 6 мем­лекеттік қызметшіге қатысты келеңсіз жайттың талқыланып, олардың қызметтерінен босаты­луы – со­ның айқын дәлелі. Олардың дені “ащы суды” жұтып алып, көлік рө­ліне отырғандар санатынан.

Мемлекеттік қызмет істері де­партаментінің мамандары әзір­ле­ген қызметтік тексеріс құжат­тарына сай полиция қызметкер­лері Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға қарасты Возвышен ауыл­дық округінің әкімі Қанат Тоқ­пановты 2 мамыр күні ағаш кө­шеттерін әкелуге бара жатқан же­рінен тоқтатқан. Оның “сау еме­сін” байқап, медициналық тексе­руге апарған. Күдікті күннің ыс­ты­ғына шыдай алмай бір шөл­мек сырамен шөлін басқанын бір­ден мойындаған. Оның ақыры сот шешімімен 15 күнге қама­лып, 7 жылға жүргізуші куәлігі­нен айыруға, жұмысынан қуылу­ына әкелді. Шайтан азғырайын десе, лезде. Жоқ жерден жа­ңы­­лыс басу, түкке тұрмайтын нәр­се үшін күйіп кету де­ген осы бо­лар! Ал әділіне жүгінсең, мем­лекеттік қыз­мет­шіге қойыла­тын әдеп талаптары өрес­кел бұзыл­ғаны тай­ға таңба бас­қан­дай анық бай­қа­лады. Сөз ара­сын­да “Қазақ­стан Рес­публика­сы­ның кей­бір заң­намалық ак­тіле­ріне қылмыстық және қылмыс­тық-процестік заң­на­маны жетілдіру бойынша өзгеріс­тер мен толық­ты­рулар енгізу тура­лы” Заңға сәйкес, 2020 жылдың 11 қаңта­рынан бас­тап көлікті мас күйінде жүргізген азаматтарға заң нор­маларының қатаңда­тылғанын газет оқыр­мандары­ның есіне сала кетейік. Өзгеріс енгізілгенге дейін жол жүру ере­желеріне орай мас күйінде ұс­талған жүр­гізуші көлік жүргізу құқығынан екі жылға айрылып, 40 күнге дейін қамауға алына­тын. Жаңа норма бойын­ша мұн­дай заң бұзушы­ларға, жол-көлік апатын жаса­май-ақ, азамат­тарға зиян келтір­месе де, 15 тәу­лікке қамау жөнін­де әкім­шілік жаза та­ғайында­лып,7 жыл­ға дейін жүргізуші куә­лігінен ай­рылады. Бір ескер­тетіні, құқық бұ­зушылық қайта­лан­са, қамау мер­зімі 20 тәулікке, ал жүр­гізу­шілік құқығынан айыру 8 жылға дейін ұзартылады. Адамдардың ден­сау­лығына нұқ­сан келтірген жол-көлік оқиғасы­на себепші бол­ған мас жүргізу­шіге 3 жылға дейін бас бостан­дығынан айыру жаза­сы қолда­нып, 10 жыл көлік жүр­гізуге тыйым салынады. Жол апа­ты сал­дарынан адам өлімі орын ал­ған жағдайда 7-10 жыл жаза та­ғайындалып, жүргізуші куәлігі­нен өмір бойына айры­лады. Жол­дауда айтылғандай, жол апат­та­ры қоғамның зор алаңдаушы­лы­ғын туғызып отыр. Жыл басынан бері жол-көлік оқи­ғасынан 1300-ден астам адам қаза болып, 16 мыңнан астам аза­­мат зардап шеккен. Жүргізу­ші­лерді даярлау деңгейінің тө­мен­деп кет­кені де жасырын емес. Жүргізуші куәлі­гін арнайы оқы­май-ақ ала­тын жайттар бар. Бе­тін аулақ қыл­сын, мақаламыз­ға арқау етілген шенеуніктер жа­за­тайым осын­дай қайғылы жағ­дайға ұрынса, оның соңы не бо­лар еді?

Ішіп алып, машина рөлінде желдей жүйткі­ген мемлекеттік қызметшілердің бірі – Тайынша ауданы Чкалов ауылдық ок­ругі­нің әкімі Сәкен Сәдуақасов. Бі­рақ ол қолымен істегенді мой­ны­­мен көтерудің орнына әдеп кеңе­сінің отыры­сына бір топ “қор­­ғаушы­сын” ертіп әкелген. Бұл да “суға кеткен тал қар­май­дының” кебі сықыл­ды. Оқиға 27 қаңтар күні Көкшетау қаласында орын алған. Мас шен­діні поли­цей­лер медициналық куә­ланды­рудан өт­кізіп, орташа мас күйде (1,5-2,5 пайыз промилле) бол­ға­ны анық­тал­ған. Осы әреке­ті үшін 15 тәу­лікке қамалып, 7 жыл­ға кө­лік құ­ралын басқару құқығынан ай­рыл­­ған. Оған қатысты тәртіп­тік іс қозғалғанымен, әкім омырт­қасы ауы­рып жүргенін сылтау­ратып, ең­бекке жарамсыздық па­рағын алып, жұмысқа шықпаған. Бұл мә­се­ле тек бес айдан кейін ғана талқыланып, моральдық-эти­­ка­­лық нормаларды өрескел бұзға­ны бетіне басылып, жұмыс­тан бо­сату жөнінде шешім алын­ған. Ауылдастарының жағымды түр­де сипаттаған мінездемесі, тұр­ғындар арасында беделі зор, оның орнына әлдекімдер тала­сып жүр деген уәждері ешқандай қол­дау таппаған. Шенеуніктің осы уақыт аралығында “үнсіз” жа­тып алуына қарағанда ол жауап­кершіліктен сытылып кетудің жол­­­­дарын ойластырған тәрізді. Олай дейтініміз, өз міндетіне немқұрайлы, жауапсыз қараға­ны үшін бұған дейін 2 рет сөгіс бе­рілген. Осыған орай “Әділдік жолы” республикалық ұйымы­ның жергілікті филиалы жасаған жорамал еріксіз ойлантады. Әлеу­­меттік желіде жариялаған ақпаратта бірқатар заңсыздық­тарға жол берілгені келтірілген. Онда еңбекке жарамсыздық па­рақшасы 2 айдан артық мерзімге берілмейтіні, 4 айдан асса, ме­дициналық-әлеуметтік сарапта­маға жіберілетіні, шенеунік жұ­мыста болмағанына қарамастан әлеуметтік көмек алып отырғаны айтылған. Оның бұрынғы сөгіс­терінің мерзімі өтіп, автоматты түрде алынып тасталады, сосын жеңіл жазамен құтылып кетемін деген дәмесі жүзеге аспай қал­ды деген қорытынды жасайды.

Қызылжар ауданы Бескөл ауылдық округінің әкімі Қанат Дар­­баевқа қатысты қоғамның пікірі екіге жарылып, жақтастары Президенттің атына хат жолдап, араша түсуді өтініп отыр. Газет оқыр­мандарына түсінікті болу үшін оқиғаға қысқаша тоқтала ке­тейік. 7 шілдеге қараған түнде әкім­­­нің көлігін кезекті рейдке шық­­қан полицейлер тоқтатып, ішім­дік ішкенін байқап, ме­дици­налық куәландырудан өткі­зуге наркологиялық орталыққа апарған. Бірақ күдікті тексеруден бас тартқан. Іс 13 тамыз­да аудандық сотта қаралып, Қа­нат Дарбаев­ты 8 жылға көлік жүргі­зу құқығы­нан айырып, 15 тәу­лікке қамау жа­засын кескен. Айыпта­лу­шы ше­шіммен келіс­пей облыстық сотқа шағымдан­ған. Оның ай­туын­ша, полицей­лер еш се­беп­сіз тоқтатқан. Еш­нәрсені тү­сін­дірместен қолын бұ­рап, күш­пен патрульдік көлікке отырғыз­ған. Мұ­ның бәрі әдейі, қа­сақана жа­салған әрекет деп есептейді. По­лиция қызметкер­лері оның сө­зін жоққа шығарды.

Облыстық соттың қылмыс­тық істер жөніндегі сот алқасы ау­дандық соттың шешімін өзгеріс­сіз қалдырды.

“Егер ішкі істер органы өкіл­де­рі механикалық көлік құралы­ның жүргізушілеріне тексерістен өту керек десе, орындауға мін­детті. Себебі, ішімдік ішкен-іш­пе­гені медициналық тұрғыдан дә­лелденуі тиіс. Айыпталушы по­лиция қызметкерінің белгіленген тәртіпке сәйкес куәландырудан өту туралы заңды талабын орын­дамаған. Оның тексерістен бас тартуы мас екенінің бір бел­гісі болып есептеледі”, – деді судья Динара Рахымберлина.

Қанат Дарбаев Жоғарғы сотқа жүгінуге бел байлап отыр. Айтуынша, ішімдік ішпегенін дә­лелдейтін куәгерлер жеткілікті кө­рінеді. 2021 жылы Бескөл ауыл­дық округінің әкімі болып сай­ланған оның ат­қарған жұ­мысына ауыл­дастары­ның жоғары баға беруі, жап­пай қорғау­ға бел­сене шы­ғуы қызмет­тегі бе­делін, ха­лыққа жа­қын­ды­ғын аңғар­тады.

Десек те әңгіме ауаны әкім­дік қызметке, тұлғаның беделіне, атқарған тынды­рымды жұмыста­рына емес, Әдеп кодексіне жат қы­лықтарға келіп тірелеті­нін кейбіреулердің ескер­мейтіні әлі де құқықтық сауаттылықтың тө­мендігін байқатып қалатын тә­різ­ді. Мәселен, әкімнің көлігі еш се­бепсіз тоқтатылды деген пікірлер жиі айтылды. “Жол жү­рісі тура­лы” Заң­ның 52 бабында ішкі іс­тер ор­гандары қызмет­ке­рінің та­лабы бойынша көлік құ­ралын тоқ­та­ту­дың 9 негізі қарас­тырылған. Оның ішіне ар­найы іс-шараларды жүргізу (мәселен, түнгі рейд­тер) кіреді. Қыз­меткер өзін та­ныстыруға және көлік құ­ралын тоқтату себебін тү­сінд­і­руге мін­детті. Жүргізушінің тала­бымен қызметтік куәлігін көрсету қажет, құжат жолаушының қо­лына бе­рілмейді. Басқа құжат­тарды сұ­рау көзделмеген. Ал жүргізуші өз тарапынан авто­көлікке және жү­гіне құқық бел­гілейтін құжаттар­ды ұсынуға, қызметкердің заңды талаптарын орындауға, оның ішінде меди­циналық куәлан­дырудан өтуге міндетті. Жүргізу­шіге фото-бей­­нетүсірілім жасау­ға болады.

“Қазақстан Республика­сы­ндағы мемлекеттік қызмет тура­лы” Заңда белгіленген қағидат­тардың бірі – әдептілік пен құқық бұзушылыққа төзбеу. Жергілікті мемлекеттік қызметшілер тарапы­нан арақ ішіп алып, көлік ай­дау сияқты мүлдем жағымсыз әдет­тердің орын алуы “ет сасы­са тұз себеді, тұз сасыса не се­бе­ді?” – деген мақалды еріксіз еске түсіреді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltustik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp