«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДАМУ ЖОЛЫМЫЗ АЙҚЫН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық әкімдікте өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетовтің төрағалығымен Қазақ­стан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған “Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм” атты Жолдауы талқыланды.

Жолдау жүктеген міндеттер аясында салық жүйесі, шағын және орта бизнесті дамыту, аг­роөнеркәсіптік кешенді несие­лендіру, көліктік инфрақұры­лым­ды жаңғырту, білікті маман даярлау, цифрландыру, жасан­ды интеллект, тұрғындардың қауіпсіздігі сынды бірқатар мә­селелерді жүзеге асыру барысы кеңінен сөз болды. Отырыста облыс әкімінің бірінші орынба­сары Марат Тасмағанбетов ауыл шаруашылығы секторын жаңа деңгейге шығаратын тың идеялар туралы баяндады.

– Аграралық саланы дамыту – баршамызға ортақ міндет. Бұл бағытта көп жұмыстар атқарыл­мақ. Мемлекет басшысы атап өткендей, ауыл шаруашылығы саласында маңызды міндет – ин­вестиция тарту. Бүгінде еліміз­дің агроөнеркәсіп кешеніне тар­тылған барлық инвестицияның шамамен 20 пайызы біздің өңір­ге тиесілі. Үстіміздегі жылы атал­мыш салаға тартылған ин­вестиция көлемі 59,6 миллиард теңгені құрады. Бүгінде 18 ин­вестициялық жоба жүзеге асы­рылуда. 2023 жылы мемлекет меншігіне 233 мың гектар иге­ріл­меген жер қайтарылды. Үсті­міздегі жылы 140 мың гектар жер­ді қайтару жоспарда бар. Со­ның 72,9 мың гектары қайта­рылды. Өткен жылы ауылдар­ды дамыту мақсатында “Ауыл аманаты” жобасы іске қосылды. Соның нәтижесінде 1,8 мил­лиард теңгенің 236 жобасы қар­жыландырылды, – деген Марат Иманбайұлы агроөнеркәсіп ке­шенінде тікелей субсидиялау тә­сі­лінен арзан несие беру тәсі­лі­не біртіндеп көшу – аса маңыз­ды міндет екенін айтты.

Интеграцияланған он­лайн не­сиелеу жүйесі бар бі­рыңғай цифрлық субсидиялау плат­формасын құру 2028 жыл­ға дейін үш кезеңде жүзеге асы­ры­латынын атап өтті. Сондай-ақ оты­рыста бизнестің әлеумет­тік жауапкершілігі аясында тауар несиесі механизмін енгізу жү­зеге асырылатыны айтылды. Орта және ірі ауыл шаруашы­лығы құрылымдарының өкілде­ріне мал, жабдық пен өзге де өн­діріс құралдары түрінде тауар несиесі беріледі. Аталмыш тап­сырмаға орай әр ауданда тұр­ғындарды түрлі дақылдарды өсі­руге үйрететін орталықтар ашу қажет екені сөз етілді.

Қазіргі таңда өңірде орақ нау­қаны қызу жүруде. Бүгінгі күні 384 мың гектар алқаптың дәнді және бұршақты дақылдары жи­нал­ды. Бұл барлық ал­қаптың 11,6 пайызын құрайды. 664,5 мың тонна астық бас­тырылса, өнім берекелілігі гек­та­рынан 17,3 центнерден айна­луда.

Марат Тасмағанбетов Пре­зидент Жолдауының төртінші бағыты – инфрақұрылым мәсе­ле­сіне де егжей-тегжейлі тоқ­талды. Біздің өңірде автомобиль жолдары желісі 8,4 мың ша­қырымды құрайды. Соның 2 мың шақырымы республика­лық, 6,4 мың шақырымы жергі­лік­ті маңызы бар жолдар. Биыл облыста 938 шақырым жол жөн­деледі. Жолдар негізінен орта­ша жөндеуден өтеді. Нәтиже­сінде 630 шақырым жергілікті, 100 шақырым ауылішілік жол қа­лыпқа келтірілмек. Бұл мақсатқа 91,3 млрд. теңге бөлінген. Бұл – өткен жылдармен салыс­тырғанда рекордтық көрсеткіш.

Отырыс барысында облыс әкімінің орынбасары Қанат Дү­зелбаев бюджет саясатының тиімділігін арттыру мәселесін саралады. Қанат Малғаждар­ұлы өңірдің салық-бюджет сая­са­ты – салық жүйесінің эконо­микалық қайтарымдылығын арт­тыруға, салық салу базасын ұл­ғайтуға, мемлекет қаржысының тұрақтылығын сақтауға, барлық әлеуметтік міндеттемелерді орындауға, бюджетаралық қа­ты­настарды жақсартуға, бюджеттік шығыстарды пайдалану тиімділігін арттыруға бағыттал­ғанын айтты. 2024 жылға ар­найы нақтыланған облыстық бюд­­жет 547,8 миллиард теңге. Соның 45 пайызы әлеуметтік са­лаға бөлінсе, қалғаны білім беру, денсаулық сақтау, әлеу­меттік кө­мек, мәдениет және спорт, тұр­ғын үй, ауыл шаруа­шылығы, қо­ғамдық тәртіп, көлік және ком­муникация салала­рына үлестірілген. Жолдауда Президен­ті­міз мемлекет қар­жысының тұ­рақ­тылығын қамта­ма­сыз ету үшін бюджет қаража­тын стратегиялық маңызы жоқ, аса шұғыл емес шаруаларға оңды-солды шашуды доғару керек екенін баса атап өткен бо­латын. Бұл орайда Қанат Дү­зелбаев шығын көлемін азайту мақсатында өңір едәуір қаржы жұмсайтын мәдени-бұқаралық, имидждік шараларды өткізуден бас тар­тып, тиімсіз жол жүру шығындары қысқарғанын тілге тиек етті.

– Мемлекет басшысы Жол­дауда бұқаралық спортты да­мы­туға баса назар аударды. Бұл бағытта облыста жүйелі жұ­мыс жүргізілуде. Бүгінгі таңда 223 мыңнан астам адам не­месе тұрғындардың 42 пайы­зы дене шынықтырумен және спортпен тұрақты түрде шұғылданады. Соның ішінде 49 мың бала тегін спорт секцияла­рымен қамтама­сыз етілген. 2023-2024 жылда­ры тұрғындарды бұқаралық спортқа тарту үшін облыста 4 дене шынықтыру-сауықтыру ке­шені пайдалануға берілді, – деп атап өтті Қанат Мал­ғаждарұлы.

Жиында облыста коммунал­дық жүйелерді жаң­ғырту, өңірге газ тарту мәсе­лелері де кеңінен қарасты­рылды. Бұл орайда коммуналдық жүйелердің тозы­ғы жеткенін айту қажет. Мә­се­лен, электрмен қамтамасыз ету жүйесі 88 пайыз, жылу жүйесі 75 пайызға ескірген. Сумен қамтамасыз ету жүйесінде де жағдай мәз емес. Сондықтан 2025-2030 жылдар аралығында бұл салада бірқатар жаңғырту жұ­мыстары жүргізілмек.

Жиында облыс әкімінің орынбасарлары Рүстем Құрманов, Жүсіп Жұмағұлов пен аппарат басшысы Руслан Әлішев те баяндама жасады. Халықты әлеуметтік қолдау, экологиялық ахуалды жақсарту, қоршаған ор­таны қорғау, мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін арттыру, әкімдерді тікелей сайлау жү­йесі, заң мен тәртіп, азаматтар­дың қауіпсіз­дігі мәселелері мен денсаулық сақтау, білім беру салалары бойынша алда тұр­ған ауқым­ды міндеттер сара­ланды.

Жолдауды талқылау барысында облыс әкімі Ғауез Нұрмұ­хамбетов салық саласындағы үдерістердің ашық болуын қамтамасыз ету, жаңа инвесторлар тартуда өңірлік инвестициялық штаб жұмысын жандандыру, отандық тауарөндірушілерді қол­дауда бірлескен жұмысты жетілдіру, экономикада шағын бизнестің үлесін арттыру сияқты өзге де мәселелер бойынша жауапты сала өкілдеріне жұмысты күшейтіп, тапсырмалар тиісті деңгейде орындалуы қажет екенін ерекше екпін түсіре жеткізді.

Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суреттерді түсірген

Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp