«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕЛАЯҚ АҚСАҚАЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Соңғы жылдары өңірімізде сала­мат­ты өмір салтын ұстанушылар қатары артып келеді. Бұқаралық спортқа ден қойған өңір тұрғын­дарының саны 42 пайызды құрап отыр, бұл – 223 мыңнан астам адам. Арасында жас та, жасамыс та бар. Әсіресе спортқа үйір қарияларды көріп, бір марқайып қаласың. Аға буын арасында жүгіру мен скан­ди­нав жүрісіне қызығушылық басым.

Петропавлда Конституция күні қарса­ңын­да “Қызылжар” атты жартылай марафон өтті. Қала тұрғындары мен қонақтарына жас ерекшеліктеріне байланысты 5, 10, 15 және 21 шақырымды еңсеру міндеті қойылды. Жы­лына бір рет өтетін дәстүрлі додаға жасөс­пірімдер, орта буын мен зейнет жасына тол­ғандар жеке-жеке қатысты. Талғат Абылға­зин осымен үшінші мәрте аталмыш сайыста өз мүмкіндігін сынап көрді. Бұған дейін өз жас санатында екі рет қола жүлдегер атан­ған екен. Бұл жолы ақсақалдың айы оңынан туып, бас жүлде бұйырды.

“Мен 2015 жылы салмақ тастау мақсаты­мен жүгіре бастадым. Денсаулығым жақсар­ды. Кейін жүгіру күнделікті әуестікке айнал­ды. “Ауру қалса, әдет қалмайды” деген сөзді халық бекерден-бекер айтпаған ғой. Кейін жартылай марафон өтетінін естіп, дайын­да­ла бастадым. Алдымен Астанадағы халық­ара­­лық деңгейдегі сынға қатыстым. Өкініш­ке қарай мәре сызығын бірінші болып кесе алма­дым. Кейін жергілікті додаларда ба­ғым­ды сынауға бел будым. Биыл үшінші жыл қа­та­рынан “Қызылжар” жартылай марафо­нын­­да жүлдегер атандым”, – деген ақсақал алғаш рет қатысқан жартылай марафонда 60 жас­тан асқан 1 мың адам болғанын айт­ты. Ара­сында 80-ге келген қарттар да жүгі­ріпті.

Талғат Нұрмұханұлы бірінші жартылай ма­ра­фоннан кейін келесі додаларға дайын­дықты күшейтті. 2020 жылы әлемді шарпы­ған пандемия кезінде барша жұрт үйлерінде қамалып, телефондарына байланса, жерле­сіміз керісінше спорттық жаттығуларға көңіл аударды. Облыстық деңгейде өткізілген флеш­моб-жарыстарға қатысты. Турникке тар­ты­лып, бейнежазбасын байқау өткізген ко­миссия мүшелеріне жіберді. Осылайша өңір­лік эстафетада бірінші орынды қанжыға­сына байлады.

Ақсақалдың жасы 66-да, бірақ ол әлі тың. Турникке 24 рет тартылып, жер­ден кеудесін 40 рет қиналмай көтере алады. Ұзақ жаттығудан кейін, яғни 2022 жылы Ас­та­нада өткен халықаралық жартылай мара­фонға қаты­суға бел буады. Сол додаға түрлі мем­ле­кеттерден 12 мыңнан астам мара­фон­шы келген екен. Екі мыңы 60 жастан ас­қандар. Талғат Нұрмұханұлы екі мың адам­ның ішінен 18-ші орынға табан тіреді. Әзірге бұл – жерлесіміздің халықаралық деңгейдегі бағындырған ең биік белесі.

“21 шақырымды еңсеру оңай емес. Әсі­ресе алпысты алқымдағандар үшін. Біздің арамызда кәсіби түрде көпкүндік жарыс­тарға қатысып жүргендер де бар. Сондықтан әр сайысқа дұрыстап дайындалу маңызды. Мұндай сындарда мәреге жете алмай қалатындар да жоқ емес”, – дейді ақсақал.

2022 жылдан бері Талғат Абылғазин елі­мізде өтетін жартылай марафондардан қал­ған емес. Астанада, Петропавлда, Алма­ты­дағы өткен додаларға қатысты, тіпті Санкт-Петерборда өткен сайысқа да барып қайтты.

“Жартылай марафондарға соңғы бес жыл үзбей қатысып жүрмін. Мұның барлығы балалық шағымда спортпен айналысқаным­ның арқасы деп білемін. Себебі оқушы кез­де еркін күреспен шұғылдандым, туған ауы­лым Ноғайбайда Мағзұм Әлкенов есімді жа­уырыны жер иіскемеген балуан бізді бір-бірі­мізбен күрестіретін. 8-сыныпта оқып жүрген тұста студенттер арасындағы облыстық са­йыстарға қатыстым. Тіпті жоғары оқу орны­ның басшылығы маған студенттік билет жа­са­тып берген еді. Өмірімді спортпен бай­ла­ныстырғым келді. Бірақ нағашым Теміртауға шақырып, металлург болсаң, табысың жақ­сы болады деп көндірді. Міне 60-тан асқан шағымда қайтадан саламатты өмір салтын ұстана бастадым”, – деген Талғат Нұрмұхан­ұлы енді Алматыдағы халықаралық жарты­лай марафонға қатыспақ ойы барын айтты. Кейін 42 шақырымдық марафонда бақ сы­нап көрмек.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp