Петропавлда туған інісі мен азаматтық некедегі әйелі және оның қызын өлтіріп, қылмысын жасыру үшін өрт қойды деп айыпталған адамға қатысты сот үкім шығарды.
Қайғылы оқиға осыдан бір жыл бұрын “Береке” шағынауданында болған. Жеке тұрғын үйден өрт шығып, салдарынан екі бала мен әйел адам көз жұмды. Кейін осы іске қатысы бар деген күдікпен Алина Котяштың азаматтық некедегі күйеуі Александр Канищев ұсталды. Ол сол түні қызыл жалын тұтанған үйден аман қалған жалғыз адам еді. Прокурор “Александр Канищев екі бала мен әйелді өлтіріп, қылмысын жасыру үшін үйді өртеген” деп айып таққан. Себебі сараптама балалардың тыныс алу жолдарында улы газ бен ыстың жоқ екендігін көрсеткен. Яғни бір жасар Александра Котяш пен төрт жасар Савелий Савицкий өртке дейін қайтыс болған. Сондай-ақ Александр Канищев танысын тонап, 20 мың теңгені ұрлады деп айыпталған болатын. Сотта айыпталушы өз кінәсін мойындамады.
Қылмыстық Кодекстің 191-бабының 1-бөлігі (тонау), 99-бабы 1, 3, 5-тармақтарының 2-бөлігі (екі не одан да көп адамды өлтіру, кінәлі адамға дәрменсiз күйде екенi көрінеу белгiлi адамды, айрықша қатыгездікпен өлтіру) және 99-бабының 3-бөлімі (жас баланы өлтіру) бойынша айыпталған Александр Канищевтің кінәсі дәлелденген жоқ. Оның үстінен қозғалған барлық айып алынып, сот залынан босатылды.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.