Бүгінде әлемде энергия тапшылығы күшейіп, үлкен алаңдаушылық туып отырғаны жасырын емес. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында атом электр стансасын (АЭС) салу жайы геосаяси мүдде тұрғысынан емес, елдің нақты қажеттілігі тұрғысынан қарастырылып отырғаны айтылып, сенімді және экологиялық таза қуат көздерін пайдалануға баса мән берілді. Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуы керек. Президенттің Жарлығымен АЭС салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдумды 6 қазанда өткізу белгіленді.
АЭС құрылысына қатысты түсіндірме-ақпараттық жұмыстың Петропавлдағы №4 мектепте ұйымдастырылып, жалпы талқылау барысында жеке көзқарастар мен нақты ұсыныстар ортаға салынды. “Қазақстан халық партиясы” облыстық филиалы төрағасының орынбасары Болат Қожахметовтің пікірінше, қазіргі таңда дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр.
Олардың бәрі бейбіт мақсатқа қолданылып, экономикалық дамудың, әлеуметтік тұрақтылықтың, халықтың әл-ауқатын арттырудың, экологиялық ортаның жақсаруының бірден-бір кепіліне айналып отыр. Мамандар да соңғы жылдары электр қуатын тұтынудың күрт артып, болашақта тапшылықтың күшейе түсетінін ескертумен келеді. Меніңше, тұйықтан шығудың жалғыз жолы – атом энергетикасын қолдану.
“AMANAT” партиясы “Болашақ” филиалының атқарушы хатшысы Александр Зель өз сөзінде Қазақстандағы энергетиканың жетіспеушілігіне байланысты мәселені түбегейлі шешу үшін газ жобаларын қаржыландыруды 17 есеге ұлғайтып, 4,3 трлн. теңге мөлшерінде инвестиция бағыттау қажеттілігін алға тарта отырып, елімізде жылына өндірілетін 20 мың тоннадан астам уранды барынша тиімді пайдаланудың маңыздылығына тоқталды.
“АЭС саласында қазақстандықтардың тәжірибесі аз емес. Салатын болсақ, энергетика тапшылығы жойылады, жаңа жұмыс орындары ашылады, инфрақұрылым дамиды. Біз осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізін қалаймыз. Маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдауының тың үлгісін жасаймыз”, – деді ол.
Алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың айқын көрінісі болатынына сенім білдірді.
№17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінде де білім ошағы қызметкерлерінің қатысуымен АЭС құрылысына қатысты жиын өтті. Қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Владимир Козлов жиналғандарға атом электр станcасының құрылысына қатысты өз пайымдарын білдірді. Айтуынша, одан келетін қауіп жоқ. Ең көп станса АҚШ-та орналасқан, олардың саны – 94. Франция мен Қытайда – 56, Ресейде – 36. Алғашқы АЭС 1954 жылы іске қосылған. Содан бері адамның қателігінен бір, табиғи апат салдарынан екі төтенше оқиға тіркелген.
“Қазіргі заманғы АЭС тұрғызуда табиғи және техногендік апаттар мен сейсмикалық төзімділігі жан-жақты ескеріліп, бірнеше сынақтан өтеді. Жылу электр орталықтарында күл тонналап шығарылса, АЭС-та қалдықтар қайта өңделеді. Яғни, ауаны ластау мүлдем азаяды деген сөз. Қазіргі кезде үлкен ғылыми орталықтарды, зертханаларды есептемегеннің өзінде, халықтың электр энергиясын пайдалануы артып келеді. Жылу электр стансаларында энергия көмір немесе газ есебінен өндіріледі. Мұндай өндірісте шикізат бағасы өте қымбат. Ал атом электр стансасы отын ретінде өте аз мөлшерде уран қолданып, өте көп мөлшерде энергия өндіреді”, – деді Владимир Козлов.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.