Облыстық әкімдікте өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетовтің төрағалығымен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған “Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм” атты Жолдауы талқыланды.
Жолдау жүктеген міндеттер аясында салық жүйесі, шағын және орта бизнесті дамыту, агроөнеркәсіптік кешенді несиелендіру, көліктік инфрақұрылымды жаңғырту, білікті маман даярлау, цифрландыру, жасанды интеллект, тұрғындардың қауіпсіздігі сынды бірқатар мәселелерді жүзеге асыру барысы кеңінен сөз болды. Отырыста облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов ауыл шаруашылығы секторын жаңа деңгейге шығаратын тың идеялар туралы баяндады.
– Аграралық саланы дамыту – баршамызға ортақ міндет. Бұл бағытта көп жұмыстар атқарылмақ. Мемлекет басшысы атап өткендей, ауыл шаруашылығы саласында маңызды міндет – инвестиция тарту. Бүгінде еліміздің агроөнеркәсіп кешеніне тартылған барлық инвестицияның шамамен 20 пайызы біздің өңірге тиесілі. Үстіміздегі жылы аталмыш салаға тартылған инвестиция көлемі 59,6 миллиард теңгені құрады. Бүгінде 18 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. 2023 жылы мемлекет меншігіне 233 мың гектар игерілмеген жер қайтарылды. Үстіміздегі жылы 140 мың гектар жерді қайтару жоспарда бар. Соның 72,9 мың гектары қайтарылды. Өткен жылы ауылдарды дамыту мақсатында “Ауыл аманаты” жобасы іске қосылды. Соның нәтижесінде 1,8 миллиард теңгенің 236 жобасы қаржыландырылды, – деген Марат Иманбайұлы агроөнеркәсіп кешенінде тікелей субсидиялау тәсілінен арзан несие беру тәсіліне біртіндеп көшу – аса маңызды міндет екенін айтты.
Интеграцияланған онлайн несиелеу жүйесі бар бірыңғай цифрлық субсидиялау платформасын құру 2028 жылға дейін үш кезеңде жүзеге асырылатынын атап өтті. Сондай-ақ отырыста бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында тауар несиесі механизмін енгізу жүзеге асырылатыны айтылды. Орта және ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарының өкілдеріне мал, жабдық пен өзге де өндіріс құралдары түрінде тауар несиесі беріледі. Аталмыш тапсырмаға орай әр ауданда тұрғындарды түрлі дақылдарды өсіруге үйрететін орталықтар ашу қажет екені сөз етілді.
Қазіргі таңда өңірде орақ науқаны қызу жүруде. Бүгінгі күні 384 мың гектар алқаптың дәнді және бұршақты дақылдары жиналды. Бұл барлық алқаптың 11,6 пайызын құрайды. 664,5 мың тонна астық бастырылса, өнім берекелілігі гектарынан 17,3 центнерден айналуда.
Марат Тасмағанбетов Президент Жолдауының төртінші бағыты – инфрақұрылым мәселесіне де егжей-тегжейлі тоқталды. Біздің өңірде автомобиль жолдары желісі 8,4 мың шақырымды құрайды. Соның 2 мың шақырымы республикалық, 6,4 мың шақырымы жергілікті маңызы бар жолдар. Биыл облыста 938 шақырым жол жөнделеді. Жолдар негізінен орташа жөндеуден өтеді. Нәтижесінде 630 шақырым жергілікті, 100 шақырым ауылішілік жол қалыпқа келтірілмек. Бұл мақсатқа 91,3 млрд. теңге бөлінген. Бұл – өткен жылдармен салыстырғанда рекордтық көрсеткіш.
Отырыс барысында облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев бюджет саясатының тиімділігін арттыру мәселесін саралады. Қанат Малғаждарұлы өңірдің салық-бюджет саясаты – салық жүйесінің экономикалық қайтарымдылығын арттыруға, салық салу базасын ұлғайтуға, мемлекет қаржысының тұрақтылығын сақтауға, барлық әлеуметтік міндеттемелерді орындауға, бюджетаралық қатынастарды жақсартуға, бюджеттік шығыстарды пайдалану тиімділігін арттыруға бағытталғанын айтты. 2024 жылға арнайы нақтыланған облыстық бюджет 547,8 миллиард теңге. Соның 45 пайызы әлеуметтік салаға бөлінсе, қалғаны білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік көмек, мәдениет және спорт, тұрғын үй, ауыл шаруашылығы, қоғамдық тәртіп, көлік және коммуникация салаларына үлестірілген. Жолдауда Президентіміз мемлекет қаржысының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін бюджет қаражатын стратегиялық маңызы жоқ, аса шұғыл емес шаруаларға оңды-солды шашуды доғару керек екенін баса атап өткен болатын. Бұл орайда Қанат Дүзелбаев шығын көлемін азайту мақсатында өңір едәуір қаржы жұмсайтын мәдени-бұқаралық, имидждік шараларды өткізуден бас тартып, тиімсіз жол жүру шығындары қысқарғанын тілге тиек етті.
– Мемлекет басшысы Жолдауда бұқаралық спортты дамытуға баса назар аударды. Бұл бағытта облыста жүйелі жұмыс жүргізілуде. Бүгінгі таңда 223 мыңнан астам адам немесе тұрғындардың 42 пайызы дене шынықтырумен және спортпен тұрақты түрде шұғылданады. Соның ішінде 49 мың бала тегін спорт секцияларымен қамтамасыз етілген. 2023-2024 жылдары тұрғындарды бұқаралық спортқа тарту үшін облыста 4 дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді, – деп атап өтті Қанат Малғаждарұлы.
Жиында облыста коммуналдық жүйелерді жаңғырту, өңірге газ тарту мәселелері де кеңінен қарастырылды. Бұл орайда коммуналдық жүйелердің тозығы жеткенін айту қажет. Мәселен, электрмен қамтамасыз ету жүйесі 88 пайыз, жылу жүйесі 75 пайызға ескірген. Сумен қамтамасыз ету жүйесінде де жағдай мәз емес. Сондықтан 2025-2030 жылдар аралығында бұл салада бірқатар жаңғырту жұмыстары жүргізілмек.
Жиында облыс әкімінің орынбасарлары Рүстем Құрманов, Жүсіп Жұмағұлов пен аппарат басшысы Руслан Әлішев те баяндама жасады. Халықты әлеуметтік қолдау, экологиялық ахуалды жақсарту, қоршаған ортаны қорғау, мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін арттыру, әкімдерді тікелей сайлау жүйесі, заң мен тәртіп, азаматтардың қауіпсіздігі мәселелері мен денсаулық сақтау, білім беру салалары бойынша алда тұрған ауқымды міндеттер сараланды.
Жолдауды талқылау барысында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов салық саласындағы үдерістердің ашық болуын қамтамасыз ету, жаңа инвесторлар тартуда өңірлік инвестициялық штаб жұмысын жандандыру, отандық тауарөндірушілерді қолдауда бірлескен жұмысты жетілдіру, экономикада шағын бизнестің үлесін арттыру сияқты өзге де мәселелер бойынша жауапты сала өкілдеріне жұмысты күшейтіп, тапсырмалар тиісті деңгейде орындалуы қажет екенін ерекше екпін түсіре жеткізді.
Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.