2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 млрд. текше метрге жететінін ескерсек, тығырықтан шығудың бірден-бір жолы – ирригация жүйесін кеңінен дамыту болмақ. Президент халыққа арнаған Жолдауында еліміздегі өзекті мәселелердің бірі саналатын су ресурсына тағы да тоқталып, Үкімет пен әкімдерге жан-жақты ойластырылған су саясатын басты назарда ұстап, ирригация жүйелері және жалпы су шаруашылығы мәселелерімен мұқият айналысуды тапсырды.
Мемлекет басшысы қарғын суды жинап, диқандардың қажетіне жарату үшін оны дұрыс сақтай білу қажеттігін атап көрсетті. Жасыратыны жоқ, ауыл шаруашылығына тікелей қатысты су үнемдеу технологиясын өңірде өндіріске енгізу өте баяу жүргізілуде. Шыны керек, оның азық-түлік қауіпсіздігіне әсері айтарлықтай екенін жете сезіне алмай отырмыз. Статистика бойынша, суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40 пайыздайы босқа ысырап болады екен. Біздің серіктестікке қарасты 240 гектар картоп алқабы заманауи суару техникасымен жабдықталған. Құрылғының ұзындығы бір шақырымға жуық. Бір суарғанда 1 мың текше метрдей су кетеді. Тіпті бір күнде 622 тонна картоп жиналып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізгеніміз бар. Бұдан бөлек, тамшылатып суару әдісімен 33 гектар алқапқа сәбіз өсіріледі. Ең бастысы, суармалы егіншілік жағдайында сапалы әрі мол өнім алудың, тіршілік көзін үнемдеудің мүмкіндіктері жеткілікті, екі еседей артық өнім береді, табысы да айтарлықтай. Әрине, жердің құнарын, суару жүйесін үйлесімді түрде реттеп отыру оңай емес. Бұл ретте шаруашылықтың іргетасын қалап, облыста тамшылатып суару технологиясын тұңғыш енгізген әкемнен үйренгенім аз емес. Бұл әдіс теріскей өңір үшін өте қажет. Жыл өткен сайын климат өзгеріп, құрғақшылық орын алуда. Ғылыми негіздемелерге сүйене отырып, білікті мамандар шоғырын қалыптастырсақ, ұтарымыз анық. Кей шаруашылықтар жаңбырлатып суарумен ғана шектеліп жүр. Біз тамшылатып суаруды израильдік әріптестерден үйрендік. 2010 жылдан бергі бұл бағыттағы шаралар өз жемісін беріп келеді. Атап айтқанда, шығын әлдеқайда аз, су көп үнемделеді, топырақ эрозиясы азаяды, тыңайтқыш қажетті мөлшерде ғана беріледі.
Өнімдеріміз сыртқы нарықта үлкен сұранысқа ие. Бұл жүйенің тиімділігіне әбден көз жеткеннен кейін картоп пен сәбіз алқаптары ұлғайтылды. Тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін молынан өндіруге мүмкіндік беріп отырғанын баса айтқым келеді. Басты мақсатымыз – еңбеккерлерге қалыпты әлеуметтік жағдай жасау. Осы үдеден көрініп келе жатқанымыз қалыпты құбылыс саналады.
Президенттің тікелей несиелеудің тиімділігі және тәжірибені банктерге тарату, жерді ұтымды пайдалану қажеттілігі жайлы ұсыныстары да қолдауға тұрарлық.
Ауыл шаруашылығында әлеуметтік жауапты бизнес бар. Жақында ғана ауылдарды дамытудың табысты тәжірибесі Қызылорда облысындағы республикалық семинар-кеңесте талқыланып, өз үлестерін қосқан бірқатар фермер марапатталды. Міндет – мұндай тәжірибені насихаттау және кеңейту.
Сергей ЗВОЛЬСКИЙ,
“Астық-СТЕМ” ЖШС-ның директоры.
Тайынша ауданы.