Кезінде Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынов “Ұлттың сақталуы мен жоғалуына да себеп болатын – халықтың өзі. Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады” деген еді. Осы бір сөздің астарында терең ой жатыр. Ұлттың басты құндылығы – тілінде екенін айтқан Алаш көсемінің айтқаны бүгін де маңызын жойған жоқ. Өйткені, тіл тағдыры – ұлт тағдыры, тіл тарихы – ел тарихы екені ақиқат.
Тіл – қарым-қатынас құралы ғана емес, адамзаттың басты құндылығы. Сондықтан ата-бабамыздан аманат болған тілімізді құрметтеп, оның қадір-қасиетін білуіміз керек. Жалпы елімізде тек қазақ тіліне ғана емес, өзге де этностардың тіліне ерекше қолдау бар. Сондықтан жыл сайын Қазақстан халқы тілдері мерекесі аясында түрлі шаралар ұйымдастырылады. Биыл да бұл үрдіс бұзылған жоқ. Тілдер мерекесінің Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орайластырылуының да өзіндік мәні бар. Өйткені, қазақ тілінің әліпбиін, емлесін жасаумен, ішкі заңдылықтарын ғылыми дәйектеумен айналысқан Алаш зиялысы тіліміздің тазалығы, мәдениеті үшін барын берді. Бұл орайда ана тіліміздің мәртебесі үшін ақтық демі, қасық қаны қалғанша күрескен өзге қайраткерлердің де еңбегі құрметке лайық. Зиялылардың ана тілімізге арналған еңбектері, тіл жолындағы алуан күрестері – өзі де азат, тілі де азат күнге жеткен қазақ баласына тағылымды мұра, өміршең өсиет. Сондықтан тіліміздің мәртебесін асқақтату бүгінгі ұрпақтың міндеті.
Өңірде тілдер апталығы өтуде. Соның аясында облыста бірқатар шаралар ұйымдастырылуда. Тілдер апталығы “Amanat” партиясы облыстық филиалының ұйытқы болуымен С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада өткен “Тіл – ұлт бірлігі” атты әдеби кешпен басталды.
– Қазақ тілі – кемел, стильдік тармақтары сараланған, әдеби нормасы қалпына келген, қандай жанр, қандай қоғамдық өмірдің саласы болмасын қолдану әлеуеті жоғары тіл. Зерттеушілердің пайымдауынша әлемде жеті мың тіл бар, соның ішінде ең көп қолданылатын 100 тілдің қатарынан қазақ тілі 89 орынды иеленіп отыр, – деді Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы облыстық филиалының төрағасы Жанат Мұхамеджанов.
Петропавлда “Ұрпақ тілі – келешек кілті” республикалық жастар форумы өтті. Аталған жиынға мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шауеев, қазақ және ағылшын тілдерін оқыту бойынша онлайн мектептің негізін қалаушы Сергей Хван, AI&Нонотехнология ғылыми зерттеушісі, қазақ тіліндегі ең алғашқы жасанды интеллект туындылары “MIRASAI&SARAUEN” жобаларының авторы Алтынбек Мұратұлы, “Қазақстан студенттер Альянсы” республикалық студенттер қозғалысы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Наукен Ұлан, Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы облыстық, аудандық филиалдарының мүшелері, Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының өкілдері қатысқан ауқымды форумның мәні мен маңызы зор. Форумда жасанды интеллект бағдарламаларын қолдану арқылы мемлекеттік тілді игерудің жолдары және оқу үрдісінде осы технологияларды тиімді пайдалану бойынша ұсыныстар айтылды.
Ұжымдарда мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, мәртебесін көтеру мақсатында “Men qazaqşa oilaimyn” интеллектуалды ойыны, “Тіл – халықтың мұрасы” атты панорамалық іс-шара, “Ахмет Байтұрсынов – зиялылар көсемі” танымдық кешімен Ресей Федерациясының шекаралас облыстарындағы қазақ диаспорасына ана тілін оқыту және әдістемелік көмек көрсету үшін PR-акция, “Тіл керуені-2024” жобасы бойынша кездесу, “Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы” атты облыстық байқау өтеді.
Петропавл қаласының тұрғындары үшін қазақ тілінде отбасы клубтарын құру, ұлы ғұламалардың сөздерін аялдамаларға орналастыру жоспарланып отыр. Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы этномәдени бірлестіктер арасында қазақ тілі бойынша бірыңғай диктант, “Бабалар сөзі” ұлттық фольклор апталығы сынды тағы басқа шараларды өткізуді ұйғарған. Өңірдегі бірқатар басқармалар да тіл апталығында белсенділік танытуға мүдделі. Облыстың барлық аудандарында мемлекеттік тілге қатысты түрлі жиындар жоспарлануда.
Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының мәліметі бойынша, тілдер апталығы аясында өңірде 200-ге жуық іс-шара өтуі тиіс.
Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.