«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жақсылық жасап жарысайық, бірақ жарнамаламайық!

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

1943 жылы белгілі америкалық ғалым Абрахам Маслоу өзінің “Адами мотивация теориясы” атты еңбегін жариялады. Аталған еңбекте ғалым бүгінде бәріне белгілі Маслоу пирамидасына сипаттама береді. Содан бері Маслоу пирамидасы адамның даму заңдылығын, рухани биік сатыға көтерілуін сипаттау үшін қолданылып келеді.

Маслоу пирамидасында адам қажеттіліктері иерархия­лық ретпен көрсетілген. Ең тө­менде адамның өмір сүруіне қа­жетті тамақ, қолайлы үй-жай, қауіпсіздік сияқты қажетті­ліктер тұр. Егер бұларды өтесе адамның махаббатқа, қарым-қатынасқа, өз тұлғасын құр­мет­теуге деген қажеттілігі пай­да болады. Жоғары сатыларға білім, жаңаны тану, эстетика­лық қызығушылықты қойған. Ал пирамиданың ең басында адамның өзін-өзі өзекті ету (self-actualization) қажеттілігі тұр. Азды-көпті ғұмырында бұл деңгейге жету жұмыр басты пенденің бәрінің еншісіне бұйыра бермейді. Қара басы­ның қамын күйттеп, қоғам сы­зып берген жолдардан шығуға батылы жетпей талқаны тау­сы­латындар қаншама? Тек күн­делікті күйбеңнің шырмауынан әрі асып, биік адами мұраттар­ға қол созған адам ғана өз тұл­ғасын өзекті етпек. Ондай жан­дардың жүрек жылуы тек өзіне емес, айналасындағыларға да шарапатын тигізбек. Бас­қал­арға шынайы қайырымдылық жасау, есепсіз көмектесу, қо­ғамдық жауапкершілікті сезіну де осы кезеңге жеткен адам­дар­дың қажеттілігіне айнал­мақ. Олар барымен бөлісуді бас­қалар таңып берген ереже емес, өз қажеттілігі, адами мін­деті деп түсінеді. Алайда жақ­сылық жасаған адамның бәрі осындай ниетпен әрекет етсе жақсы ғой. Бүгінде көп адам­ның көрсетіп берген дүниесі Маслоу пирамидасының ба­сын­дағы мейірімді жанды емес көпке ерген пендені еске сала­ды. Бұл үрдіс әсіресе оқу жы­лының қарсаңында белең алып кетті. Мектеп табалды­рығын аттағалы тұрған бала­ларға керек-жарағын алып бе­ріп, сонысын әлеуметтік желі­лерде жариялайтындар көбей­ді. Онысы өзін елге жақсы қы­лып көрсету ме әлде қайырым­дылық жасауды басқаларға на­сихаттау ма, адам аласы ішінде болған соң ол жағы белгісіз.

Ғаламтор желісін ашып қал­саңыз “Мектепке жол” акция­сы­на қатысып жатқан кәсіпкер­лер, жекелеген ұжымдар, түрлі ұйымдар мен мекемелердің суреттерінен көз сүрінеді. Тіпті оқушының азғантай ғана қа­лам-дәптерін арнайы шара ұйымдастырып табыстайтын­дар да бар. Ал осы сәттегі мұқтаж жандардың мұңын ұғып, көңіліне қарап жатқан кім бар? Онсыз да қысқа жіп күр­меуге келмейтін отбасында өсіп жатқан баланың бұдан кейін қатарластарының ара­сында оқшауланып, ортасы­нан шеттемеуіне де кепіл жоқ.

– Қазақ жатты жақынындай көріп, басқаға бауыры езіліп тұ­ратын халық қой. Қайырымды­лық қорлары пайда болмаған заманның өзінде бабалары­мыз қасында­ғының жоғын тү­ген­деп, бары­мен бөліскен. Бұ­рын біреуге бірдеңе бергенін айтып, я бұл­даған адамды ес­тімейтінбіз. Керісінше біреу­ден жақсылық көріп, соны ерекше құрметпен айтып оты­ратындардың әңгі­месін талай естідік. Байырғы мінезімізден айырылып, пейі­ліміз тарылып, бойымызда жа­сандылық кө­бейіп бара жат­қан­дай. Шы­найы қарым-қа­тынас сирек. Адам мен адам­ның арасы ана мен баланың бір-біріне деген махабба­тын­дай кіршіксіз, есеп­сіз, таза бо­луы керек. Бі­реуге шын ние­тімен көмектескен адам оны айтып жатпайды, көңілі қала­ған жанның жағ­дайы түзел­генін көріп өзі де бір­ге қуаны­сады, – дейді зейнет­кер Қар­лығаш Жұмаға­лиева.

Ата салтымызда да, діні­мізде де жақсылықты мейілін­ше жасырын жасау керектігі айтылған. Алайда бүгінде ада­ми қатынастар арасындағы осы бір нәзік жіпті үзіп алған­даймыз. Қайырымдылықты жүректен шығар риясыз мейі­рім емес маркетинг, қала берді басқалар алдында есеп беру сияқты қабылдайтындар бар.

– Алла тағала “Ар-рахман” сүресінің 60-аятында “Жақсы­лық­тың қайырымы тек жақсы­лық емес пе?” – деп баян­дай­ды. Ал Пайғамбарымыз өзінің ха­дисінде “Адамдардың ең жақ­сысы – адамдарға көп пайда­сын тигізетін адам” деген. Қа­зақ халқында “Жақсылық ек­кен алғыс орады”, “Жақсылық­қа жақсылық – әр кісінің ісі, жа­мандыққа жақсылық-ер кісінің ісі” деген сөздер бар. Ортаға­сырлық ақын, хәкім әрі ойшыл болған Ахмет Иүгінеки “Жа­мандық жасасаң да, жақсылық жасасаң да – жауапсыз қал­май­сың” деген. Міне, асыл діні­міз де жақсылық жасап, адам­дардың көңілін қуантуға шақы­рады, – деген қалалық “Нұр” мешітінің бас имамы Қанат Мұстафин жақсылықты мей­лін­ше жасырын жасау керек еке­нін айтты.

Ата дінімізде адамдарды жақсылық жасауға, ізгі амал­дарымен жарысуға шақыра­тын аяттар мен хадистер көп. Қайырымдылықтың бәрін жа­сырын жасау мүмкін болмаға­нымен, қолдан келгенше құпия еткен абзал. Бүгін біз қолда­нып жүрген жария садақа ұғы­мының мағынасы да басқа. Шы­нында ол бір қажеттіліктен туған садақа. Мысалы, су қа­жет бір ауылға азамат құдық қа­зып берсе, ондай жария сада­қа­ның сауабы адам дүниеден өт­кеннен кейін де жалғасады. “Алайда мұның бәрі біреудің мақтауы, басқаның қолпаш­тауы үшін істелсе, ол рия са­на­лады. Сондықтан қайырым­дылықты барынша жасырын жа­сап, оны құпия ұстауға ты­рысу керек”, – дейді имам.

Бұл ретте көмек алған мұқ­таж жандар мен балалардың суреттерін әлеуметтік желі­лерде жариялаудың құқықтық жағы да бар. Бүгінде қоғам бел­сенділері балалардың суретін рұқсатсыз жариялауға жаза қолдану туралы бастама көте­ріп келеді. Тіпті аналарының кішкентай сәбилерінің фото, видеоларын жеке парақшала­рына салуына қарсылар да аз емес. Мысалы, батыстағы ақ­парат құралдарында балалар­дың бейнесін жиі кездестіре бермейсіз. АҚШ-та біреудің ұл-қызын суретке түсіріп, жа­рияламақ түгілі, бөтен балаға сұқтана қарауыңыздың өзі ай­наладағылардың ашуын туды­рып, күдігін оятуы мүмкін. Не дегенмен баланың да ересек­тер сияқты жеке өмірге, өзі ту­ралы ақпараттың жұртқа жария болмауына құқығы бар еке­ні анық. Сондықтан онсыз да күнкөрісі төмен жандар туралы жарияға жар салмай, баланың санасында шектеулер мен өзін ерекше сезінуін болдырмаған жөн.

Үнемі мұқтаж отбасыларға қол ұшын созып, жылу жинап жүретін белсенділердің бірі – Дамир Абдин. Бүгінге дейін ол көптеген үйге керек-жарақ пен азық-түлік апарып, қайырым­дылық іске бастамашы болып жүр. Жас белсенді әлеуметтік желілерде өзгелерді де мұқ­таждарға көмектесуге шақы­рып келеді.

– Әркім жақсылықты өзі жа­саса, жарияламағаны жөн ғой. Алайда біз арнайы ұйым бол­ған­дықтан, ұйым атынан бұл іске барынша көп адамды тар­туымыз керек. Сол үшін тұр­ғындарды ізгілікке үндеп, ақша мен киім-кешек жинаймыз. Биылғы оқу жылы қарсаңында 160 балаға оқу құралдарын алып беруді жоспарладық. Оның ішінде қала мен аудан­дарда тұратын көпбалалы, мұқ­таж отбасыларды қамтыдық. Кімге көмектессек те, еш­бірінің суретін ашықтан-ашық жария­ла­ған емеспіз. Есеп үшін желі­ге салғанның өзінде жүз­дерін жауып қоямыз. Қазіргі­дей ақ­па­рат заманында қан­дай да бір әрекетті жасыру мүм­кін емес. Біз ғаламторды мақ­тану, өз ұпайымызды түгендеу үшін емес, мейірімділікті насихат­тау, жұртшылықтың жүрегін жі­біту үшін пайдаланамыз, – дей­ді белсенді.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp