Оқушылар сарайында Ұлттық ұлан академиясының 1 курс курсанттарының әскери ант беру рәсімі өтті. 200-ге жуық курсант Отанына адал болуға ант берді.
Ант – мемлекетке, өз елінің халқына адал болу деген мағынаны білдіреді. Әскери ант беру “Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы” Қазақстан Республикасының Заңымен және ішкі қызмет жарғысымен регламенттеледі. Бұл – әскери істің жолына түсу кезінде атқарылатын алғашқы маңызды әскери қызмет актілерінің бірі.
Салтанатты шараға Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Бауыржан Әбжанов, облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов, сондай-ақ өңірдің күш құрылымдарының бірінші басшылары, ардагерлер, болашақ офицерлердің ата-аналары мен туыстары қатысты.
Әскер қолбасшылығының атынан болашақ офицерлерді ведомство басшысының орынбасары, генерал-майор Бауыржан Әбжанов салтанатты шарамен құттықтады.
– Сіздердің әрқайсыларыңыз өз мамандықтарыңызды саналы түрде таңдадыңыздар. Өз тағдырларыңызды офицерлік қызметпен байланыстырдыңыздар. Жоғары оқу орнының қабырғасында әскери қызмет пен оқуды жалғастыра отырып, Ұлттық ұлан академиясының курсанты атағын абыроймен алып жүретіндіктеріңізге сенемін, – деді Бауыржан Садықұлы.
Курсанттар дене шынықтыру нормативтерін орындап, қабылдау емтихандарын тапсырып, конкурстық іріктеуден және жалпы әскери дайындықтан өтіп, Отанды қорғауға дайын екендіктерін дәлелдеді. Алда оларды 4 жыл курсанттық өмір күтіп тұр, оның барысында курсанттар әскери істің барлық қыр-сырын игереді.
Әскери рәсім өткізілгеннен кейін қонақтардың назарына академия әскери қызметшілерінің қойылымдары көрсетілді. Әскери оркестр мен академия барабаншыларының ансамблі өздерінің өнерімен жиналғандарды қуантты.
Маржан ТАЛАПКЕР,
Ұлттық ұлан академиясы баспасөз қызметінің маманы.